«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнес субъектілері арасындағы айырмашылық

2018 жылғы 10 Қаңтар
22496 просмотров

Кәсіпкерлік субъектісіне жұмыскерлердің жылдық орташа саны мен кірісі әсер етеді

Қазақстан Республикасында бизнес «Кәсіпкерлік кодексі» арқылы басқарылады. Бұл кодекс елімізде кәсіпкерлік еркіндігін қамтамасыз ететін құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар мен кепілдіктерді айқындайды, кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттің өзара іс-қимылына, оның ішінде кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеуге және қолдауға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.

Бұл заңнама Ата Заң – Конституцияға негізделген және еліміздің басқа да нормативтік құқықтық актілерінен тұрады. Кодексте «Кәсіпкерліктің жекелеген түрлерін жүзеге асырудың ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді» деп көрсетілген.

Кәсіпкерлікпен айналысу әрбір азаматтың еркі әрі заңда тыйым салынбаған кәсіпкерлік қызметінің кез келген түрімен айналыса алады. Жеке кәсіппен айналысуды таңдаған жандар заң мен сот алдында тең. Сондықтан қандайда бір қызмет түріне басымдық берілмейтіні анық.

«Кәсіпкерлік» кодексінің 24-бабында кәсіпкерлік қызметіне қарай бірнеше санатқа бөлінетіндігі атап көрсетілген. Оған жұмыскерлерінің жылдық орташа саны, жылдық орташа кірісі әсер етеді. Атап айтқанда елімізде бизнес субъектісі шағын (оның ішінде микрокәсіпкерлік), орта және ірі болып үш топқа бөлінеді.

Кәсіпкерлік субъектілерін шағын, орта және ірі субъектіне бөлудің өз мақсаты бар. Бұл мемлекеттік тіркеу мен есеп жүргізуде маңызды. Атап айтқанда мемлекеттік статистика, қолдау көрсету шаралары бизнес субъектілерінің қызметіне қарай жүргізіледі.

Кәсіпкерлік субъектілері жұмыскерлерінің жылдық орташа саны субъектінің филиалдарының, өкілдіктерінің және басқа да оқшауланған бөлімшелерінің жұмыскерлерін, сондай-ақ дара кәсіпкердің өзін қоса алғанда, барлық жұмыскерлер ескеріле отырып айқындалады.

Ал орташа кіріс соңғы үш жылдағы жиынтық жылдық кірістердің немесе Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес патент немесе оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын кәсіпкерлік субъектілері кірістерінің үшке бөлінген сомасы арқылы есептеледі.

Ал енді осы кәсіпкерлік субъектілерінің өзара ерекшеліктеріне тоқталсақ...

Қызметкерлерінің жылдың орташа саны 100 адамнан аспаса, ал орташа кірісі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 300 мың еселенген мөлшерінен аспайтын болса, бұл кәсіпкерлік субъектісі шағын кәсіпкерлікке жатқызылады.

Егер жұмыскерлерінің жылдық орташа саны он бес адамнан аспайтын немесе жылдық орташа кірісі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің отыз мың еселенген мөлшерінен артпайтын субъект микрокәсіпкерлік субъектісі деп есептеледі.

Тиісінше қызметкерлерінің жылдық орташа саны екі жүз елу адамнан асатын және (немесе) жылдық орташа кірісі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 3 миллион еселенген мөлшерінен асатын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар – ірі кәсіпкерлік субъектілері.

«Кәсіпкерлік» кодексінде жоғарыдағы сипаттамаларға сәйкес келмейтін, яғни қызметкерлер саны мен орташа кірісі шағын кәсіпкерлік субъектісінен көп, бірақ ірі кәсіпкерліктің көрсеткішінен төмен болса, оны орта кәсіпкерлікке жатқызған.

Дегенмен айналысатын қызметінің түріне байланысты, бірақ қызметкерлер саны мен табысының мөлшеріне қарамастан орта кәсіпкерлік санатына жатқызылатын бизнестің түрі де бар екенін білген абзал. Атап айтқанда мына қызмет түрлерімен айналысатын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар орта кәсіпкерлік субъектілеріне жатқызылады:

·        есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына байланысты әрекетті;

·        акцизделетін өнімді өндіруді және (немесе) көтерме саудада өткізуді;

·        астық қабылдау пункттерінде астық сақтау жөніндегі қызметті;

·        лотереялар өткізуді;

·        ойын бизнесі саласындағы қызметті;

·        радиоактивті материалдардың айналымына байланысты қызметті;

·        банк қызметін (не банк операцияларының жекелеген түрлерін) және сақтандыру нарығындағы қызметті (сақтандыру агенті қызметінен басқа);

·        аудиторлық қызметті;

·        бағалы қағаздар нарығындағы кәсіби қызметті;

·        кредиттік бюролар қызметін;

·        күзет қызметін;

·        азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының айналымы.

Дегенмен осы аталған қызмет түрінің қайсыбірі «Кәсіпкерлік» кодексінің 24-бабындағы 6-тармақта белгіленген өлшемшарттарға сай келген жағдайда ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жатқызылады.

ҚР Қаржы министрлігі Статистика комитетінің ақпаратына сүйенсек, 2017 жылғы 1 желтоқсандағы көрсеткіш бойынша елімізде жұмыс істеп тұрған ШОК субъектілер саны өткен жылғы осы кезеңге сәйкес мерзіммен салыстырғанда 4,5%-ға өскен. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы санында жеке кәсіпкерлердің үлесі 65,4%, шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар – 18%, шаруа немесе фермер қожалықтары – 16,4%, орта кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар – 0,2%.

2017 жылдың 1 желтоқсандағы мәліметке сәйкес Қазақстанда барлығы 1 156 436 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі болса, шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар саны – 207 929, ал орта кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар саны – 2 609. Жеке кәсіпкер ретінде 756 743 азамат тіркелген. Сонымен қатар елімізде 189 155 шаруа немесе фермер қожалығы ресми жұмыс істейді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер