«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Күркетауық бағып, 23 жасында Gelandewagen мінген жігіт

2018 жылғы 08 Қаңтар
- Шымкент қаласы
7221 просмотров

Бақыт Кенжебаев Шымкенттен 25 шақырым жерде жеті жылдан бері жапан далада жалғыз өзі күркетауық бағып, шағын кәсібін дөңгелетіп отыр деп хабарлайды Информбюро

Бақыт Кенжебаев Шымкенттегі Бауыржан Момышұлы атындағы №44 мектепте оқыған. 9 сыныптан кейін ата-анасының қалауымен колледжде білім алды. 2011 жылы автоматтандыру және басқару мамандығын бойынша қызыл дипломмен бітіріп шықты.

Бірақ талапты жас бірнеше мекеменің есігін қағып жұмыс іздегенімен, мамандығы бойынша "екі қолға бір күрек" табыла қоймайды. Бәрі алдағы күнге үміттендіріп, жұмсақ шығарып салумен шектелген. Ақыры Бақыт университетке сырттай оқуға құжатын тапсырып, ауылға оралды.

«Әкем 30 жылдан бері қой бағады. Ұл-қызының болашағын ойлап, жақсы мектепте білім алуымызды қалап, Шымкентке де көшіп барды. Сосын біз мектеп бітіріп, үлкен өмірге араласқан соң, өзімен біте қайнасып кеткен ауыл тіршілігіне қайта оралдық. Мен де жұмыс табылмаған соң, қолғабыс етейін деп әке-шешемнің қасына келдім. Бірақ қой емес, күркетауық баққым келді», – дейді Бақыттың өзі.

Осылайша ешкіммен ақылдаспастан, алты күркетауық сатып алып, бағуға кірісіпті. Алғашында ата-анасы мен бауырлары сенімсіздікпен қараған. Тіпті, "баланың тірлігін жасап жүрсің, одан да қой бақ, жылқы бақ" деп үгіттеп те көреді. Бірақ бала кезінен мақсат қойса, оған жетпей тынбайтын Бақыт өз дегенінен қайтпайды.

– «Егер мен 10 күркетауық бағып, оны сатсам, 50 мың түседі, ал 200-ін бақсам, 1 миллион теңге таба аламын. Оны 12 айға бөлсем, әр айға 83 мыңнан бөлінеді. Бұл – қаладағы орташа айлықтың бірі. Ауылда жүріп, осындай қаржы таба алсам, жап-жақсы нәтиже шығады деп ойладым», – дейді ол.

Бақыттың 6 күркетауығы бір жылда 40 болды. 20 жасында өзі мақсат еткендей 200 бас күркетауық бағып, ең алғашқы миллион теңгесін тапты. Осылайша кәсіптің қыр-сырына қаныққан ол жыл сайын 200-300 бас күркетауық бағып, оларды өсіріп, сатып отырды.

«Күркетауық ақылды болады, адамға тез үйренеді. Маған олардың шегірткені қуып жүріп ұстағаны, бір-бірімен шекісіп қалғаны, тіпті қанатын сабалап, ұшқаны – бәрі қызық. Жазғы уақытта күн ұясынан көтерілмей тұрып, қырға қарай безеді. Ұйқылы-ояу соңдарынан жүгіремін. Екі-үш сағат жайып, сағат 8-9-да таңғы асымды ішуге үйге келемін», – дейді ол.

Бір күні теледидардан алма егіп, бақ жасаған кәсіпкер туралы хабарды көзі шалады. Оның жылдық табысының 5 миллион теңге екенін естиді. Сосын бір жылда мен де сондай қаржы табамын деп алдына нық мақсат қояды. Ол үшін 1000 күркетауық бағуы керек.

100 күркетауықтың әрқайсысы 15-тен 1500 балапан шығарады. Олардың 1000-ын қолымда қалдырғанның өзінде 5 миллион теңге табыс табамын деп, есептеп алып, іске кірісті. Күні-түні кірпік ілмей, дамыл таппай қарады. Ауырып қалса, қорапқа салып, құшақтап, аузына дәрі тамызып, өз баласындай әлпештеп жүрді. Бірде әп- сәтте ауырып, 200-і өліп қалып, қиын тиген күндер де болған екен.

– «Әрқайсысы өлген сайын жүрегім ауырады. Сосын мен бұл істі біреуден қарыз ақша алып немесе банкке кепілге зат қойып, несие алып бастаған жоқпын. Бәрі қырылып қалған күннің өзінде уақытым зая кетті демесем, былайша ұтылмаймын деп сабыр сақтауға тырыстым. 800 балапан аман қалды», – дейді Бақыт.

800 балапанды аман-есен өсіріп, союға жараған соң біртіндеп сатып, 4 миллион теңге табыс тапқан жас кәсіпкер, ата-анасының доғар деген сөздерінен кейін бауырларымен ақылдасып, " 3,5 миллион теңгеге "Gelandewagen" көлігін сатып алды. Ойы жастардың үйлену той алдындағы серуеніне көлікті жалға беріп, табыс табу болатын.

Біздің елімізде құс шаруашылығы біртіндеп дамып келе жатқанымен, Бақыт секілді күркетауық ісіне ден қойғандар аз. Сондай-ақ, біздің қазекеңдер оның етін де жиі жей бермейтін көрінеді.

 Күркетауық етіне көбіне әзірбайжан, иран, күрд секілді өзге ұлттар тапсырыс береді екен. Адам ағзасына тигізер пайдасы мол. Әсіресе, сан етінде темірдің құрамы көп. Холестерині өте аз. Еті жұмсақ, жеңіл. Сондай-ақ адам баласы үшін аллергия бермейтін жалғыз ет – осы күркетауық еті екен. Әлемдік медицинада дәлелденіпті.

Күркетауық өсіру, оларды күтіп-баптау шыдамдылықты, төзімділікті қажет етеді. Бірақ, табысы көл-көсір. Оған 25 жасар Бақыттың жасап жатқан еңбегі дәлел.

1000 күркетауық баққан жылы қатты қиналған Бақыт,  айналадағы шөп пен шегірткенің бәрін жеп, жерде түк қалдырмаған күркетауықтарын алдына салып, шатыры мен ас-суын алып, күре жолдың арғы бетіндегі қырға көшіп кетеді.

Ондағы бар ойы өзгелер секілді қораға қамап, дәрі мен дәрумен беріп баптағысы келмей, халықтың табиғи өнімді тұтынғанын қалады.    – «Толып жатқан KFC, Chicken сынды тез тағам дайындайтын орындарға осы кезге дейін бірде-бір рет бас сұққан емеспін. Қай жерде, қандай жағдайда өсірілген тауықтың етінен жасалғанын білмеймін ғой. Болашақта өзім тек күркетауықтың етінен тағамдар ұсынатын дәмхана ашсам деймін. Қала тұрғындары мен қонақтары күркетауық сорпасын, қуырдағын, кәуабын іздеп келіп, сүйсініп жеп жатса жақсы емес пе?! Осы арманыма бір табан жақындау үшін бизнес тренер Ахметбек Нұрсиланың "Бастау Бизнес" мектебінде онлайн оқып жатырмын. Ерік-жігерді күшейту, әлеуметтік желілерді кәсіп жүргізуге тиімді пайдалану секілді өзіме қажетті, тың мағлұматтар алдым», – дейді Бақыт.

Ол былтыр Шымкент қаласындағы Кәсіпкерлер палатасында "Кәсіпкерлік мектебінде" де білім алып, маркетинг, сату, тағы басқа тақырыпта білімін шыңдаған. Тыным таппайды.

 Ең бірінші күркетауықты базарға сатуға шығарған. Тұрақты тапсырыс берушілер тауып,  қазір базар жағаламайды. Қажет адамдар өздері іздейтін болыпты.

Сосын «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» жолы тиімді боп тұр. Ары-бері ағылған көлік жүргізушілері күркетауық бағып жүрген көріп, жол бойына тоқтап, сатып алып кетеді екен. Ал күркетауықтың етінен бір дәм татқан адам, міндетті түрде екінші рет қайта айналып соғатын көрінеді. Бір күркетауық жеті мың теңге тұрады, 4-5 кг ет береді.

Қаладан жұмыс табылмаса да, қолын сілтемей, өмірге өкпелемей, ауылда жүріп-ақ миллиондап табыс тауып жүрген Бақыттың тірлігіне сүйсінесің. Ол күркетауық бағуды ешкімнен үйренген жоқ, жеті жылдық тәжірибемен келген.

Қазір бір күркетауығының мазасы болмай тұрса, қандай ем қолдану керектігін жақсы біледі. Осы кәсіпті серік етемін деушілерге бағып-қағып, өсірудің қыр-сырымен бөлісуге де даяр. Тегін ақыл-кеңес береді. Себебі, ол бар қазақтың бай, мықты, еңбекқор болғанын қалайды.

Әйгерім Бегімбет


Еншілес ұйымдар

Серіктестер