Шығыс Қазақстандағы дитрибьютерлер онлайн саудаға көңіл аударды
Өскеменде ZoodMall.kz интернет алаңы арқылы электронды сауда жасау құралы таныстырылды
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Zoodel онлайн сауда алаңы мен «Қазпочта» Ақ бірлесіп ұйымдастырған бизнес-семинарға Шығыс Қазақстан облысындағы 20-дан астам кәсіпорын басшылары қатысты.
Семинарға қатысушылар арасында ірі компаниялардың директорлары, сондай-ақ шағын және орта бизнес өкілдері де болды.
«Біз мобильдік жаңа қосымшаны іс қосамыз. Бұл қосымша қазақстандық компанияларға өз өнімдерін бүкіл әлемге сатуға мүмкіндік береді. Бұл алаң курьерлік қызмет арқылы жеткізуге болатын шағын тауарларға арналған. Мұндай тауарлар өте көп болғандықтан, ірі кәсіпорындармен қатар шағын кәсіпорындар үшін де тиімді болмақ», - деді Zoodel компаниясының сату жөніндегі директоры Азамат Мұхамед.
Бұл қосымша таяу күндері іске қосылады. Отандық тауарлар жарты жыл ішінде әлемнің 12 еліне таныстырылады. Ал 2018 жылдың соңына дейін 25 мемлекетке таралмақ.
Республикалық сарапшылардың пікірінше, былтыр әлемдік трансшекаралық интернет сауда көлемі 800 млрд доллар болған. Бұл мемлекет арасындағы сәлем-сауқат. 2020 жылға қарай осы көрсеткіш артып, бір триллион долларға жетуі мүмкін.
Қазақстанда өткен жылы отандық тауар сатылымының шетелден онлайн төлем жасау арқылы көрсеткіші 80 млрд теңгеге жеткен. Ел ішіндегі интернет сауда көрсеткіші де осы сомаға жеткен. Сонымен қатар Қазақстанның ішкі интернет саудадағы көтерме сауда төлемі 68 млрд теңге болса, бөлшек сауда 79 млрд теңге болған.
«Интернет әлем бойынша трансшекаралық сауда жасауға мүмкіндік береді. Бүгінде елімізде интернет сауданың көрсеткіші 1-1,5% ғана. Өзге мемлекеттерге 10%-ға дейін жетеді. Әрине алдағы уақытта елімізде дамитыны анық. Біздің мақсатымыз осы көрсеткішті арттыру», - деді Азамат Мұхамед.
ШҚО кәсіпкерлер палатасы жобаларды сүйемелдеу бөлімінің екінші санатты сарапшысы Руслан Қасенов онлайн алаң арқылы сауда жасаудың тиімділігін атады.
«Ең басты тиімділігі – делдалсыз сауда. Сонымен қатар заманауи технологияда шағын және орта бизнес кеден процедурасынан босатылады. Электронды сауданың даму серпіні бар. Қазіргі таңда «Цифрлы Қазақстан» жол картасы бекітілді, ол 7 бөлімнен, 29 іс-шарадан тұрады. Оның ішінде 13 іс-шараны Ұлттық палата ұсынды. Жол картасы бекітіліп, кейбір мәселелерге қатысты жұмыстар атқарылды. Мысалы бизнес субъектілерін, яғни интернет дүкендерді табыс салығынан босату мәселесі көтерілді. Бұл норма 2018 жылдың бірінші декадасында күшіне енеді деп күтіліп отыр», - деді Руслан Қасенов.
Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысындағы кәсіпкерлердің 20% аталған мобильдік қосымшаны пайдалануға ниет білдірді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: