Елордада «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» байқауларының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты басталды
Жаңа индустриялық, инновациялық және инфрақұрылымдық жобалар іске қосылады
Бүгін 6 желтоқсанда EXPO конгресс орталығында «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» байқауларының қорытындысы жарияланады.
Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауы, сондай-ақ бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне арналған «Парыз – 2017» байқауының лауреаттарын марапаттау салтанаты жыл сайын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Индустриализация күні аясында өтеді.
Биыл «Алтын сапа» сыйлығын иеленуге 101 компания өтініш білдірді. Ал «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының жеңімпазы атануға республиканың әр аймағынан 144 кәсіпорын мен жеке кәсіпкер үмітті.
Сонымен қатар іс-шара барысында Индустриализация күні аясында жаңа индустриялық, инновациялық және инфрақұрылымдық жобалар іске қосылады.
Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы сапалы өнім немесе қызмет көрсетуде айтарлықтай жетістікке жеткен, қауіпсіздікті сақтау, басқару сапасының тиімділігі жоғары әдісін енгізуді ұйымдастырған кәсіпорындарға беріледі.
Сонымен қатар «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының жеңімпаздары «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар», «Халыққа арналған үздік тауар» және «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымдары бойынша марапатталады.
Ұлттық палата 2015 жылдан бастап кәсіпкерлік қызмет саласында «Іскер» сыйлығын енгізді. Бұл марапаттың басты мақсаты – кәсіпкерлік субъектілерін ынталандыру.
Кәсіпкерлік саласына арналған «Ұлы дала» шатырлы бренді отандық бизнес-қоғамдастықты Мемлекет басшысының идеясына тоғыстыруға арналған. Еліміздің экспорттық әлеуетін арттыру үшін қосымша жағдай жасау, қазақстандық тауарлар мен қызметтерді әлемдік аренада сәйкестендіру мақсатында ойластырылған.
Биыл «Атамекен» ҚР ҰКП алғаш рет арнайы халықаралық «Кемел Іскерлік» – «Деловое совершенство» атты сыйлықты тағайындады, оны салтанатты марапаттау асында жеңімпаздарға табыстады. Аталым серіктесі – түркиялық «ТИКА» компаниясы. Аталым серіктесі Түркияның «ТИКА» халықаралық қарым-қатынас және даму жөніндегі агенттігі.
Марапатты табыстау белгілері өнім мен қызмет сапасы саласындағы жетістігі үшін берілетін ТМД сыйлығына сәйкес келеді. Онда сапа саласындағы басқару, саясат пен ұйымдастыру стратегиясының көшбасшылық рөлін сипаттайтын көрсеткіштердің маңызы күшейтілген. Аталған үлгіні қолдану тауар өндірушілердің жұмысын егжей-тегжейлі бағалауға мүмкіндік береді. «Ұлы дала елі» шатырлы брендін табыстау байқауы үздік тауар өндірушілер мен сапалы қызмет көрсетушілерге арналған әрі өз өнімін сыртқы нарыққа шығарудың баспалдағы болып саналады.
Бұл байқауларды 2015 жылдан бастап «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырып келеді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: