«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Абылай Мырзахметов өңірдегі әріптестерді жеткен жетістікпен тоқтап қалмауға шақырды

2017 жылғы 05 Желтоқсан
8714 просмотров

Басқарма Төрағасы Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесі жұмысының қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырды

«Атамекен» алаңында өңірлердегі Кеңес жұмысының қорытындысының есебі берілді. Бейне-байланыс мәжілісіне Ұлттық палата Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов қатысты.

Жиында есептік көрсеткіштер жарияланды: биыл өңірлердегі Кеңестер 221 мәселені қараған. Қордаланған мәселер бойынша Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстары мен Алматы қаласы көш басында. Атқарылған жұмыс нәтижесінде мәселелердің 42% оң шешілді.

«Біз үшін бизнесті қорғау әрдайым маңызды, басты орындағы мәселе. Әсіресе алғашқы жылдары кәсіпкерлер қорғаныс тауып, заңнамалық деңгейде түйткілді мәселелерді шешумен айналысатынымызды түсінді. Осы бағытта біршама шаруа атқарылды. Қазіргі таңда Кеңес осы жеткен жетістікке тоқмейілсімеу керек. Атқарылған жұмысты есепке алып, алға қарай жылжып, жүйелі жұмысты жалғастырайық», – деді Абылай Мырзахметов.

«Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы Кеңес аясында бизнестің мәселесі қаншалықты тиімді шешілетіні оның сапалы құрамына байланысты екеніне сенімді. Облыстық прокурор Кеңес құрамына кіріп, бизнестің өзекті мәселелерін шешуге атсалысып отырған Солтүстік Қазақстан облысын мысалға  келтірді.

«Мұндай кезде мәселенің қаралуы басқаша болатыны түсінікті. Сондықтан әр Кеңесте кем дегенде облыстық прокурордың орынбасары болу керек», – деп атап өтті Абылай Мырзахметов.

Басқарма Төрағасының айтуынша, «Атамекен» ҰКП міндетінің бірі – кәсіпкерлерге кедергі келтіретін шенеуніктерді жазалауға қол жеткізу. Бұл мәселеде құқық қорғау жөніндегі Кеңес те, оның төрағалары да аянып қалмау керек.

«Шығыс Қазақстан облысы өте жақсы жұмыс атқарды. Онда басқарма басшыларын жауапқа тартуға қол жетті. Қарағанды облысынан да жақсы мысал келтіруге болады. Әр өңірде белгілі бір байланыс орнағаны белгілі. Егер таразыға қарым-қатынас пен кәсіпкерлердің мүддесін қатар қоятын болсақ, сөзсіз күмән болмауы тиіс. Егер бизнестің құқығы бұзылса – оның сұрауы бізден. Сондықтан Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңестің төрағаларына қойылатын талап та күшеюі керек», – деді Абылай Мырзахметов.

Өз кезегінде республикалық Кәсіпкерлердің құқығын қорау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Қайырбек Сүлейменов өңірдегі әріптестер келесі жылы жұмыс жоспарын басым бағыттарға қарай үйлестіру керек екенін атап өтті. Міндетті түрде «Атамекен» ҚР ҰКП мен Бас прокуратура, сондай-ақ Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі арасындағы Келісімді жүзеге асырудың Жол картасын назарда ұстау керек.

«Жұмыс зая кетпес үшін сіздердің ұсыныстарыңызға жауап беру нәтижесіне үнемі көңіл бөліңіздер. Егер негізсіз  бас тарту немесе ұсынысты қағаз жүзінде қарау дерегі анықталса, оның жүзеге асырылуында табандылық көрсеткен жөн. Егер сіздердің істеріңіз дұрыс болса, біз орталықта әрдайым көмектесеміз», – деді Қайырбек Сүлейменов.

Кеңес төрағасы облыстарда көшпелі жиын өткізуге маңыз беруге және аталған жиындарды прокуратура мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі департаменттердің алаңында өткізуге назар аударды. Бұл тәжірибенің тиімділігі жоғары әрі нәтижесі да айтарлықтай болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер