Қазақстандағы банк жүйесіне қадағалау қажет
Алматыда қаржыгерлердің VII конгресі өтті
«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов қаржы нарығының мәселесін көтере отырып, бұл салада ақша-несие саясатын жеңілдететін шешімді қадамдар байқалмайтынын атап өтті. Спикер қысқа мерзімді де, сондай-ақ ұзақмерзімді де несие алу жеңіл еместігіне назар аударды.
Абылай Мырзахметов атап өткендей, конгресті қалыптастыру қаржы секторында пікір алмасу қажеттілігінің бар екенін көрсетеді. Ол бизнестің қаржы секторынан не күтетіні жайлы да ой бөлісті. Оның айтуынша, бұл секторда теңдестірілген экономикалық саясат болу керек.
«Бұл сөзсіз, салық мәселесі мен бюджеттік несиелеуге қатысты. Бизнес макроэкономикалық саясат осы мәселені үйлестіре талқылағанын күтеді. Ұлттық банк пен Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының бірлескен жұмысымен экономикалық өсуді ынталандыру керек», – деді Абылай Мырзахметов.
«2017 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында қайта берілген несие көлемі 6,7%-ға, яғни 7,6 мрл теңгеге өскен. Бұл өсім жеке тұлғалардың несие алуының 1,5 есе артуымен байланысты. Кәсіпкерліктің негізін құрайтын заңды тұлғаларға несие беру 5,7%-ға төмендеген немесе 300 млрд теңгеден астам сомаға азайған», – деп хабарлады «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы.
Спикердің айтуынша, ауыл шаруашылығына берілген несие 43%-ға төмендеген. Сондай-ақ ұзақмерзімді (инвестициялық) несие бойынша мөлшерлемесі артқан. Ал бизнес несиені субсидиялау шаралары мен мемлекеттік бағдарламалардың арқасында ғана алып отырғанына назар аударды.
«Бизнестің жол картасы» ең сұранысқа ие бағдарлама, барлық өңір қамтылып, жұмыс атқарылып отыр, 10 мыңнан астам қатысушысы бар. Алайда Қазақстанда 1 млн 200 мыңға жуық кәсіпкер бар, бір ғана осындай қолдау жеткіліксіз. Банк секторы несиелеудің шынайы құралы, ол бар қарқынмен жұмыс істеу керек», - деді Абылай Мырзахметов.
Басқарма Төрағасы сондай-ақ қаржы секторына қадағалау қажеттігі туралы айтты.
«Бизнестің түйткілді мәселесі – капиталдың аздығы. Ұлттық банкте өте ауқымды сараптама бар, олар мәселені шешуге тікелей атсалысуы керек. Оңтүстік Қазақстан облысындағы тауар айналымының 40%-ы Өзбекстанға тиесілі. Бәсекелестік бағдарын белгілеу керек», – деп түсіндірді Абылай Мырзахметов.
Еске салсақ, қаржыгерлердің конгресі соңғы рет 2006 жылы өтті. Ал елімізде қаржы нарығындағы басты іс-шара тұңғыш рет 1999 жылдың мамыр айында ұйымдастырылған.
Қаржыгерлердің VII конгресіне «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов, «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы кеңесінің төрайымы міндетін атқарушы Юлия Якупбаева, ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев, сондай-ақ еліміздегі қаржы секторы – банктер, сақтандыру, инвестициялық және брокерлік компаниялардың өкілдері қатысты.
Конгрестің негізгі тақырыбы – макроэкономикалық саясат және қаржы секторын дамыту жолдары. Қатысушылар қор жинау, реттеу, бәсекелестік орта мен жаңа технологияларды пайдалану мәселелерін де талқылады.
Сонымен қатар қор нарығын дамыту мәселесіне жекелеген сессия арналды. Юлия Якупбаева «Қаржылық сектор: жаңа сын-тегеурін мен мүмкіндіктер» атты екінші сессияға модератор болды.
Бүгінде қаржы секторы үшін қадағалау мәселесі маңызды. Конгресс еліміздің қаржыгерлері үшін нағыз пікір алмасу алаңына айналып, есте қаларлықтай пайдалы ойлар мен идеялар айтылған орта ретінде қалыптасты.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: