Кәсіпкерлерге абайсызда құқық бұзғаны үшін айыппұл салынбайды
Мәжіліс маңызы шамалы құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауапкершіліктен босату институтын қайтаруды мақұлдады
13 қарашада ҚР Парламенті Мәжілісінде «ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша жұмыс тобының отырысы аясында депутаттар маңызы шамалы құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауапкершіліктен босату институтын қайтаруды мақұлдады.
Заң жобасын келісу барысында Парламент Мәжілісінің қабырғасында мемлекеттік кей органдар аталған институтты енгізуге қолдау көрсетпеген еді. Мұнымен қоса ҚР Бас прокуратурасы жауапкершіліктен босату институтын қолдануды айтарлықтай шектеуді ұсынған еді. «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл ұсынысқа үзілді-кесілді қарсы болды.
Дегенмен, қарқынды әрі ұзақ талқылаудан кейін депутаттар маңызы шамалы құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауапкершіліктен босату институтын енгізуге қолдау білдірді. Кәсіпкерлердің жанайқайы жоғары деңгейде естілді.
Заң жобасының қабылдануына орай, егер әкімшілік құқық бұзушылық абайсызда жасалса немесе құқық бұзушылықтың маңызы шамалы болып, мемлекеттің бюджетіне елеулі зиян тигізбесе, мемлекеттік органдар мен судьялар кәсіпкерлерге ауызша ескерту жасаумен шектеліп, әкімшілік жауапқа тартапауына болады.
Атап өтсек, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасына ұсақ та абайсызда жасалған әрекет үшін өте үлкен сомада айыппұл салынғаны туралы өтінімдер мен шағымдар түсті. Мысалы, көптеген есеп, ақпарат, статистикалық мәліменттерді 1-2 күнге кешіктіріп өткізгені үшін, 1-2000 теңге аралығындағы соманы бюджетке төлемегені үшін (абайсызда төленбеген) немесе заңнаманың өзге де формальды талаптарын бұзғаны үшін қомақты айыппұл салынып келген.
Адал кәсіпкерлер үшін маңызы жоғары еместігі үшін жазаламау институтын енгізудің рөлі жоғары. Бұл елімізде кәсіпкерліктің дамуына оң ықпал етеді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: