Талдықорғанда Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылды
Бұл өңірдегі алғашқы толық форматтағы орталық
Талдықорған қаласында алғашқы рет толық форматтағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы (КҚКО) ашылды. Ашылу салтанаты Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Өңірлік кеңес төрайымы Римма Салықова кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен өтті. Орталық «Даму» қорындағы КҚКО мен облыстық Кәсіпкерлер палатасының негізінде құрылып, жаңадан салынған Көрме павильоны ғимаратында орналасты.
«Бұған дейін көрмелер, форумдар және басқа да ірі шараларды өткізетін орын болмады. Сондықтан біз Көрме павильонының құрылысын бастадық. Енді бұл жерде аталмыш іс-шаралардың барлығын ұйымдастыратын боламыз. Сонымен бірге, орталықта «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалы жұмыс атқарады. Аймақ кәсіпкерлері үшін барлық қажетті қызмет ұсынылады», - деп атап өтті облыс басшысы Амандық Баталов.
КҚКО-да сегіз түрлі қызмет көрсетіледі. Олар - бухгалтерлік және салықтық есеп жүргізу, сондай-ақ статистикалық есептілік жасау; кедендік рәсімдер; кәсіпкерлердің және кәсіпкерлік бастамасы бар тұрғындардың өтінімдерін сүйемелдеу; заңгерлік қызметтері; маркетинг қызметтері; ақпараттық технологияларға қызмет көрсету; мемлекеттік сатып алу мәселелері; мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласындағы кеңестер. Сондай-ақ, «Даму» қорының мамандары бизнес өкілдеріне кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары бойынша кеңес береді, бастапқы бизнеске сүйемелдеу мен жобаларды «Даму» қорының қаржы құралдары бойынша қолдау жүргізеді.
Орталықта кәсіпкерлік, жер қатынастары, мемлекеттік сәулет және құрылыс бақылауы бөлімдері және табиғи монополиялар субъектілерінің өкілдері де қызмет көрсететін болады.
«КҚКО бір терезе қағидасы бойынша жұмыс атқарады. Осы орталықта кәсіпкерлерге бизнес-жоспар әзірлейді, мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңестер, мемлекеттік органдар өз қызметтерін ұсынатын болады. Кәсіпкерлерге барлық қызмет түрлері көрсетіледі. Ендігі таңда аталмыш КҚКО-ны Қапшағай мен Қаскелең қалаларында ашуды жоспарлап отырмыз», - дейді Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов.
Шара қатысушылары мен қонақтары үшін жергілікті өндірушілердің көрмесі ұйымдастырылды. Онда «Алматинские краски» ЖШС, «Хамле Компани ЛТД» ЖШС, «Метакон» ЖШС, «Қайнар АКБ» ЖШС, «Жаркент крахмал-сірне зауыты» ЖШС, «Dolce фарм» ЖШС, «Абди Ибрагим Глобал фарм» ЖШС, «Медтехника» ЖШС, «JLC сут» ЖШС, «Lactis LTD» ЖШС, «Аркабай» ЖК, «Алтын Нұрлы Ғасыр» ЖШС, «Zhetysu Gifts» ЖШС, «Loft Prospect» ЖШС, «Лепсинск өнімі» ЖШС, «Коновалов мёд» ЖК, «Сырат» ЖШС, «Альмета» ЖШС, «Собек сервис» ЖШС, «Аманат Казына» ЖШС, «Азия Электрик» ЖШС, «Арт констракшн» ЖШС, «Леовит» ЖШС өз өнімдерін ұсынды.
Айта кетейік, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында «Бизнес мектеп» компонентінің «Бизнес кеңесші», «Бизнес Өсу», «Тәлімгерлік қағидаттарын қолдана отырып жобалық оқыту», «Жас кәсіпкер мектебі» жобалары бойынша оқыту семинарлары өткізілетін болады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: