«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Шалғайдағы сапалы қызмет «Алтын сапа» сыйлығынан үмітті

2017 жылғы 06 Қараша
- Шығыс Қазақстан облысы
5730 просмотров

Елбасы сыйлығына үміткерлер қатарында Шығыс Қазақстан облысы Курчатов моноқаласындағы «Сова» ЖШС да бар.

Бұл ұжымның қызметкерлері «Қазақтелеком» АҚ құрамынан қысқартуға ұшыраған мамандардың легінен құрылған еді. Жаңадан құрылған кәсіпорын қиын-қыстау уақытта жұмыс орнымен қамтамасыз етіп, сол уақытта ескірген жабдықпен төрт хабар тарату каналы арқылы радио хабар тарату, кабельді телеарна секілді шығыны көп салада халыққа қызмет көрсетуді қолға алды.

Өндірісті ұйымдастыруға жаңа тәсіл, икемді тариф саясаты, нарықта сұранысқа ие қызметтің соны түрін игеру «Сова» ЖШС-ына шығынсыз жұмыс істеуге ғана емес, серіктестіктің техникалық қайта жабдықталуына мүмкіндік беріп, көрсетілетін қызметті жаңа сапалы деңгейге шығаруға, тұтынушылар қатарын көбейтуге септігін тигізді.

Бүгінде радио мен кабельді теле арна арқылы бағдарлама трансляциясының сапасы айтарлықтай жоғары, талаптарға сай. Қызмет көрсету бағасы айтарлықтай қымбат болмағандықтан, кабельді телеарна каналдарының топтамасын орташа табысы бар қарапайым жандар да қоса алады.

«Сова» ЖШС қала тұрғындарына қажетті қызметті де көрсетеді. Мысалы компьютерде мәтін теру, көшірме жасау, ламинациялау, кеңсе тауарларын сату, факсимильді хабарламалар жолдау және қабылдау, кеңсе техникасы мен басқа да керекті тауарларды сатумен айналысады. Бұл қызметті бағасы да арзан, себебі тұрғындар күнделікті пайдаланады.

Сонымен қатар «Сова» компаниясы өз қаражатының есебінен қалада тұратын ҰОС ардагерлеріне радио хабар тарату мен кабельді телеарна қызметін көрсетеді. Қалада ұйымдастырылатын мәдени-спорттық шараларға қаржылай көмек көрсетіп келеді. Сондай-ақ «Жағалау» демалыс орнына телевизиялық спутниктік антенна алып беріп, оның жұмысына үнемі қолдау көрсетіп отырады.

Кәсіпорынның басшысы Любовь Семенина белсенді, бастамашыл, жаңа жобаларды қолға алудан тайсалмай, оны сәтті жүзеге асырып келеді. Қала әкімінің де алғысын алып келеді. 2006 жылы «ШҚО бойынша шағын бизнес саласындағы үздік кәсіпкер» облыстық байқауында жеңімпазы атанып, «Үздік кәсіпкер әйел» аталымын алды. Облыс әкімі қаржылай жүлденің сертификатын да табыстады. Іскерлігі мен шеберлігінің арқасында ол басқаратын компания 18 жылдан бері телекоммуникация нарығында жемісті жұмыс істеп, әрдайым дамып, жаңа қызмет түрлерін ұсынуды игеріп келеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер