«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Тегін заңгерлік көмек керек пе?

2017 жылғы 03 Қараша
6335 просмотров

Нарықта заңгер қызметі қымбат

Жұмыссыз азаматтар мен жұмыс берушілер арасында алтын көпір болып, онлайн түйіндемелердің базасын қалыптастырған «Headhunter» зерттеу компаниясының бірнеше жыл бұрын ұсынған рейтінгісі бойынша заңгерлер елімізде сұранысқа ие мамандықтардың үздік үштігінде екен. Елімізде заңгерлер артығымен дайындалып жатыр десек те жыл өткен сайын білікті заңгерлерге сұраныс аса жоғары.

Бүгінгі мақалада кәсіпкерлердің құқығын қорғаудағы заңгерлердің рөлі туралы айтпақпыз. Ұлттық палата жұмысының басым бағыттарының бірі – кәсіпкерлердің құқығын қорғау. Бір қарағанда жалпылай айтыла салғандай болып көрінуі мүмкін. Ал мәселеге үңілсе біраз жайтқа қанық болуға болады.

Бір мысал келтірейік, 2016 жылы Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасына Жаңақорған ауданындағы «Тұртан Ата» шаруа қожалығының басшысы Тұртанов Алшынбай ағамыз өтінішпен келді.

Шаруа мал жайылымдық жерді уақтылы суландыру мақсатында Жаңақорғанда талапқа сай етіп 4 құдық қазады. Кейін мемлекет тарапынан шығындарының бір бөлігінің субсидиялау мүмкіндігінің бар екендігін естіп, Үкіметтің 2014 жылғы қаулымен бекіткен «Агроөнеркәсіптік кешен субъектісі инвестициялық салынымдар кезінде жұмсаған шығыстарының бір бөлігінің орнын толтыру бойынша субсидиялау» қағидасын басшылыққа ала отырып, облыстық комиссияға құжаттарын ұсынады. Нәтижесінде облыстық комиссия 2014 жылы шаруа қожалығына 13 193 500 теңге субсидия төлейді.

Алайда мемлекеттен алған субсидияның 11 млн 848 мың теңгесін «мақсатсыз пайдаландың» деп уәкілетті органдар бюджетке қайта қайтаруды талап етіпті. Біздің заңгерлер істің мән-жайын анықтауға кірісіп, мәселені зерттесе проблема мынада екен.

Ауыл шаруашылығы министрлігімен дайындалған нормативтік құжаттың алғашқы парағында ұңғыма, құдық үшін субсидия берілетіндігі көрсетілген. Ал құжаттың қосымшасында «құдық» деген сөз түсіп қалған. Облыстық ауыл шарушалығын тексерген құқық қорғау органдары осыны негізгі алып қаржыны «мақсатсыз пайдаланған» деген қорытынды шығарады. Бұл жерде мемлекеттік органды да кінәлауға болмайды.

Бұл мәселеге қатысты Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері жан-жақты зерттеп, дәлелдемелерін келтіргенімен алғашқы сот отырысында сот шешімі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының пайдасына шешіліп, шаруа қожалығына 11 848 700 теңге төлеуді міндеттейді.

Алайда сот шешімімен келіспеген шаруа қожалығының басшысы осы жылдың сәуір айында облыстық сотқа аппелляциялық шағым түсіреді. Аппелляциялық шағым түсірмес бұрын Кәсіпкерлер палатасының мамандары осы мәселеге қатысты нормативтік-құқықтық құжаттардың барлығын жіті зерттеп, тіпті ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінен де тиісті түсіндірме хаттарын алады.

Облыстық сот бірінші сатыдағы соттың істі қарау барысында жауапкер тарапынан ұсынылған дәлелді құжаттарды назарға алмай, біржақты қарағандығын анықтап, облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың 2017 жылғы 26 қаңтардағы шешімінің күшін жою туралы шешім қабылдайды.

Нәтижесінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мемлекет бюджетіне кері қайтару туралы талап арызы қанағаттандырылмай, кәсіпкердің 11 848 700 теңгесі өзінде қалды.

Бұл ақпаратпен не айтқымыз келіп отыр? Қарапайым ауыл шаруасы, кәсібін жасап, тірлігін жасап жүрген адал азамат құжаттағы бір ғана қателіктің кесірінен «күйіп кете» жаздады. 11 млн теңге аз ақша емес. Оған кеткен уақытты айтыңыз. Бір жыл көлемінде осы істің ізінде жүрді ғой. Шаруасы қалды жайына.

Келесі мысал, Қызылорда қаласындағы «Сахаш» шаруа қожалығы, «А. Дәрібаев» жеке кәсіпкерлігі, «Амангелді» шаруа қожалығы мал шаруашылығымен айналысады. Кәсібін жүргізу барысында аталмыш қожалық басшылары асыл тұқымды бұқалар үшін мемлекет тарапынан субсидия алып, қажетіне жаратады. Тиісті уәкілетті органнан 3 млн.984 мың теңге мақсатсыз пайдаланылған, қайтаруға жатады деген хабарлама келгенде олардың таңданысын көрсеңіз. Әр қайсысы 1 млн теңгеден астам қаржыдан қайтаруы қажет. Бұл азаматтар да Палата заңгерлеріне жүгініп, заңгерлер сотта жеңіп шықты. Бұл іске де кәсіпкерлер 2 айдан астам уақытын жұмсады.

Былай қарағанда айтылған жайттардың барлығы есеп үшін берілген жай сан болып көрінеді. Ал артында қанша төгілген тер, уақыт, істің қалай шешілетінін білмей – күйзелу басқа да мәселе тұр.

 Алда әлі осындай кедергіге ұрынған 400 кәсіпкердің ісі тұр. Бұл азаматтарда да істің оң шешілгенін күтеді.

Егер жоғарыда айтылған кәсіпкерлер бұл мәселемен ақылы заңгерге жүгінгенде бір ғана талап арызды жаздырту үшін қорғаушыға (адвокат) ең азы 50 000 теңге төлеу қажет болатын. Одан арғы ақылы қорғаушының әр сот процесіне қатысуын айтыңыз...Ең төменгі есеппен есептегенде 300-400 мың теңге қаржы кетеді екен. Әр іске осынша қаржы шығара беретін болса кәсіпкерге не болады? Кәсібі қайда қалады?

Міне, осы жерде Кәсіпкерлер палатасының бүгінгі таңда іскер азаматтарға қолдауы зор болып отыр. Палата заңгерлері кеңес беруден бастап, сотта мүддесін қорғауға дейінгі барлық процесті тегін жүргізіп келеді. Кей іс өз шешімін жедел тауып жатады, ал кей істер айлап, жылдап жүргізіледі. Бірақ нәтижелері бар. Осы жылдың 9 айының өзінде Кәсіпкерлер палатасына бизнес өкілдерінен 252 өтініш түсті. Нәтижесінде 149 өтініш оң шешіліп, 200-ден астам кәсіпкердің құқығы қорғалды. Кәсіпкерлер палатасы заңгерлерінің араласуымен 9 айының өзінде кәсіпкерлердің 223,7 млн.теңгесі сақталып қалды және 10 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Егер кәсіпкер ретінде құқығыңыз бұзылса? Құқықтық кеңес қажет болса? Онда Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері көмек қолын созуға әзір. Ең бастысы көрсетілетін қызметтердің барлығы – тегін.

    Балдырған Мәмен


Еншілес ұйымдар

Серіктестер