«Атамекен» болашаққа бағдар берді: Қазақстандық жастар Қытайда тегін білім алады
24 жас негізгі мамандықтар бойынша білім беру грантына ие болды
Әлеуметтік білім беру жобасы Алматы облысының Кәсіпкерлер палатасы және Ганьсу провинциясының оқу орындары арасында іске қосылған.
Өткен жылы облыстық Кәсіпкерлер палатасының бастамасымен ҚХР провинциясында екіжақты кездесу өтіп, оның нәтижесі бойынша Алматы облысы студенттерімен білім беру бағыты бойынша өзара алмасу жобасын іске асыру жөніндегі келісімге қол жеткізілген болатын. Осы жылдың мамыр айында Талдықорғанда Кәсіпкерлер палатасы және Цзюцюань кәсіптік-техникалық колледжі, Ланьчжоу мұнай-химия колледжі мен Ланьчжоу ресурстар және қоршаған орта кәсіптік-техникалық колледжі арасында меморандумға қол қойылды. Келісім аясында «Жұмысшы мамандықтарды Қытайда меңгерейік» атты әлеуметтік білім беру жобасы іске асырылды.
«Жобаның басты ерекшелігі - жастар кәсіпорындарға қажетті мамандықтарды тегін түрде оқиды. Аталмыш мамандықтарға елімізде сұраныс жоғары. Осыған дейін қытайлық колледждермен танысу барысында олардың кадр дайындау деңгейіне тәнті болдық. Жалпы, Қытай үшін бұл негізгі даму бағыттарының бірі болып табылады. Осылайша олар әлем экономикасындағы жетекші елге айналды. Қазақстандық студенттер ең сапалы халықаралық білім алатын болады», - деп атап өтті Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Алмагүл Оңғараева.
Кәсіпкерлер палатасына Қазақстанның барлық өңірінен оқуға қатысу үшін 50-ден астам өтінім келіп түскен. Қазіргі таңда комиссия іріктеуі мен сұхбаттасу кезеңінен Алматы, Қостанай облыстарынан, сондай-ақ, Алматы және Астана қалаларынан 24 жас таңдалды. Олар туризм, ІТ, тау ісі, мұнай-химия, ветеринария, дәнекерлеу ісі, мұнай және газды пайдалану, геология, қаржы және экономика, металлургия, электротехника, инженерлік өлшемдер техникасы мамандықтары бойынша білім алады.
Талдықорғандық Ерден Ермұхамедовқа жоба бойынша тұңғыш рет шетелде білім алу мүмкіндігі бұйырды. Осыған дейін ол заңгерлікке оқығанына қарамастан, сұраныста бар мамандықты меңгеруді шешкен.
«Мен туризмді таңдадым, себебі бұл ең танымал сала және нарықта осы мамандарға сұраныс жоғары. Туризмдегі менеджментті оқитын боламын. Алдағы уақытта менің білімім Қазақстанда туризмнің дамуына көмегін тигізеді деп ойлаймын», - дейді болашақ студент.
Тағы бір тәлімгер Николай Кожевниковтың әжесі Светлана Кожевникованың айтуынша, жобаның нәтижесі бойынша еліміз жоғары кәсіби мамандармен толығады.
«Жастарға осындай ерекше мүмкіндік сыйлаған Кәсіпкерлер палатасына алғысымыз шексіз. Шынымен де, осылай сіздер сапалы білім алуға жағдай жасап отырсыздар. Студенттерге үлкен сенім артылып отыр», - деді ол.
Аспан асты елінде қазақстандық студенттер үшін оқу мен жатын орын тегін болмақ. Сонымен қатар, студенттерге жыл сайын 12 мың юань шәкіртақы төленеді. Оқу мерзімі 3 жылды құрайды, оның ішінде бір жылы қытай тілін үйренуге арналады.
Қазақстандық жастар үшін оқу жылы қазан айының соңынан басталатын болады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: