«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Болат Палымбетов Петропавл кәсіпкерлерінің уәжін тыңдады

2017 жылғы 13 Қазан
- Солтүстік Қазақстан облысы
4655 просмотров

Бизнес-омбудсмен өңір кәсіпкерлерінің барлық мәселелерін облыс әкімімен талқыламақ

Петропавлға жұмыс сапарымен Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов келді. СҚО Өңірлік палатасында бизнес-омбудсмен кәсіпкерлерді жеке  қабылдап, Өңірлік кеңестің кеңейтілген отырысына қатысты.

Биылғы жылы Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің жеке қабылдауына 7 бизнес субъектісі жазылды.

ЖК өкілі Иващенко Елена Кнаус энергетиктердің әрекеттеріне шағымданды.

«Біздің проблеманың мәні электр қуаты үшін келген шотты төлеуде. Тәулік бойынша сараланған аймақтың күші жойылғанға дейін біз заңды тұлға ретінде төлеп келгенбіз. Негізінде, біз түнде жұмыс істемейтін болғандықтан, орташа тариф шығатын еді. Жалпы алғанда, барлығы да бізге ыңғайлы болатын. Алайда, қыркүйек айында шот келгенде бізді жеке тұлғаларға, яғни қатардағы тұтынушыларға – пәтер иелеріне теңестіргенін білдік. Дегенмен, өз ғимаратымыз бар жеке кәсіпорынбыз ғой. 19,41 теңге бағамен 17 мың теңге артық шықты. Бұл ретте заңды тұлғалар үшін тариф 15,51 теңге. Бізді ЖК-ді пәтер иелеріне қалайша теңестіруге болады? Бұл - мүлде тең емес жағдай», - деп, ренішін білдірді кәсіпкер.

Сөйтсек, мәселе заңнамалық қайшылықта екен.

«Маған табиғи монополияларды реттеу департаментінде жазда ЖК-ді жеке тұлғаларға теңестіру туралы қаулы ма, ереже ме шыққандығы жөнінде айтты.  Энергетиктер осыны негізге алады-мыс», - деп, түсіндірді Елена Кнаус.

«Бурыкин С.И.» ЖК өкілі РФ аумағында вело өнімдердің ұрлануына қатысты жүргізіліп жатқан қылмыстық істің барысы турасында қызығушылық танытты. 2017 жылдың көктемінде Ресейде кәсіпкердің жүк көлігі тауарымен жоғалған. Олар осы мәселе жөнінде «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жүгінген.

Бизнес-омбудсменнің айтуынша, бұл мәселе екі ел кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдердің бақылауында.

Сондай-ақ, кәсіпкерлер жер қатынастары саласындағы мәселелер, алкоголь өнімдерін өткізу және мемлекеттік органдардың заңсыз іс-әрекеттеріне және т.б.  қатысты шағымданды.

 «Жақсы тұз Петропавл» ЖШС-нің директоры Жасұлан Әзенов СҚО-ның индустриалды-инновациялық даму басқармасының ЖШС-пен үш келісім-шартты бұзу бойынша заңсыз әрекеттері туралы айтты.

«Біз жер қойнауын пайдалануға, яғни, барлау және ас тұзын өндіру бойынша үш келісім-шарт жасаған болатынбыз. Дегенмен ағымдағы жылдың сәуір  айында басқарма бізге оларды бұзу туралы хабарлама жіберді. Палатаның көмегінің арқасында біз соттың күшімен бір келісім -шартты қайтарып алдық. Ал қалған екеуіне келсек, облыс әкімінің соттан тыс тәртіппен қайтарып беру жөнінде берген тапсырмасы бар, дегенмен, басқарма бізге бұл келісім-шарттарды қайтарудан үзілді-кесілді бас тартып отыр. ИИДБ-ның әрекеттері мен актілері заңсыз және жұмыс атқаруға кедергі келтіретіндіктен, біз әділдікке сот арқылы қол жеткізуге мәжбүрміз», - дейді Жасұлан Әзенов.

Алайда, кәсіпкер түсіндіргендей,  кез-келген соттық даушарлар шығындар тізбегіне әкеп соғады, уақыт, қаржы, өндірістік қалдықты өткізу нарығын жоғалту  және т. б. Сондықтан олар кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілге жүгінуді жөн көрді.

«Менің сапарымның негізгі мақсаты – облыс басшысымен кездескенде  кәсіпкерлермен кездесу кезінде олар өздері айтқан мәселелерді талқылап, шешімін табу. Сіздердің айтқан мәселелеріңізді міндетті түрде облыс әкімімен кездескен кезде қозғаймын», - деп түйіндеді Болат Палымбетов.

 Кәсіпкерлердің барлық мәселелері назарға алынды.

Айта кетейік, бизнес-омбудсменнің Солтүстік Қазақстан облысына келген былтырғы сапарында 18 кәсіпкер жеке қабылдауында болған еді. Бүгінгі таңда түскен 18 өтініштің 10-ы оң шешімін тапты, 7-і кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізуді талап етеді, осыған байланысты жұмыс жүргізіліп жатыр, ал бір өтініш бойынша сот талқылаулары жүргізілуде.

Барлығы өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысынан бизнесті қорғау бойынша 305 өтініш түсті.  2017 жылдың 9 айында - 234 өтініш, оның 169-ы оң шешімін тапты.

Жұмыс сапарының соңында Болат Палымбетов облыс әкімі Құмар Ақсақаловпен кездеседі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер