«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Санитарлық дәрігерлер мен төтенше жағдайлардың бизнеске қоятын талабы айтарлықтай азаяды

2017 жылғы 03 Қазан
4069 просмотров

Басқарма Төрағасы кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдірудің шаралары туралы баяндады

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов Үкімет отырысында сөз сөйлеп, жаңа заң жобасы ҚР Ұлттық экономика министрлігі, мемлекеттік органдар мен Ұлттық палатаның бірлескен ауқымды жұмысының нәтижесі екенін атап өтті.

«Профилактикалық бақылау институты – бизнес үшін сөзсіз жақсы белгі, себебі біз жазалау шараларынан профилактикаға өтіп жатырмыз. Бақылау және қадағалау саласында бизнеске жасалатын қысымды азайтуда жақсы серпіліс бар. Осылай болғандықтан тексерулер саны 30%-ға, ал талаптар саны 50%-ға азайды», – деп нақтылады Абылай Мырзахметов.

Басқарма Төрағасының айтуынша, соңғы бес жылда бизнесті тексерудің көш басында санитарлық дәрігерлер, төтенше жағдайлар қызметі мен салық органдары тұр. Сондықтан жаңа заң жобасында санитарлық ережелер мен нормалар бойынша талап кемінде – 80%, ал өрт қауіпсіздігі бойынша талаптардың 70%-дан астамы қысқартылатыны аса маңызды.

Тексеру жүргізудің мерзімі де қысқартылады: жоспардан тыс тексерулер 30 жұмыс күнінен 10 жұмыс күніне дейін азаяды, ал профилактикалық бақылау жүргізу 15 жұмыс күніне дейін қысқарады.

«Атамекен» сарапшылармен бірлесіп, облыс орталықтары, Астана мен Алматы қалаларынан бес жарым мың қатысушының арасында сауалнама жүргізді. Соның нәтижесінде бизнес үшін жаппай шығынды азайтуға қатысты 71 ұсыныс берілген. Квазимемлекеттік сектор мен монополистерге қатысты рұқсаттар бойынша тексеру барысында 69 ұсыныс іріктелді. Осы ұсыныстар заң негізіне енгізілетіні маңызды», – деді Басқарма Төрағасы.

Абылай Мырзахметов аталған шаралар монополистер мен квазимемлекеттік сектордың тәртіптілігі мен жауаптылығын қалыптасуға ықпал ететінін атап өтті. Ішкі актілердің барлығы тиісті реттеу органдарының келісімінен өтеді.

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы мемлекеттік органдардың «Doing Business» рейтингіндегі Қазақстанның көрсеткішін жақсарту бойынша қабылданған шараларына жекелей тоқталды. Ол жыл сайынғы заңнамалық жұмыс жоспарына Ұлттық палата дайындайтын Реестрден жүйелі мәселелерді алып тастауға ықпал ететін шараларды енгізуді ұсынды.

«Құқық қолдану тәжірибесі әрдайым ойландырады. Егер біз жыл сайын Мәжіліске нақты түзетумен кірер болсақ, онда ол кәсіпкерлікті қолдауға қатысты заңнаманы жетілдіруге септігін тигізер еді», – деп тұжырымдады Абылай Мырзахметов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер