«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жамбыл облысында «Bastau Бизнес» жобасы жемісті нәтиже беруде

2017 жылғы 27 Қыркүйек
- Жамбыл облысы
3429 просмотров

«Бастау Бизнес» жобасының биылғы 4 легінің қорытындысы бойынша Байзақ ауданында барлығы 131 адам, ал Жуалы ауданында 122 адам оқып шықты

Жуалы ауданы Б.Момышұлы ауылының тұрғыны Айнагүл Ахмадбекова тоқсаныншы жылдары Шымкент қаласында шұлық фабрикасында еңбек етіп, кенеттен қысқартуға ұшырайды. Жалақының орнына берілген шұлықтарды сатып, кейін сауда бизнесімен де айналысады. 2000 жылдан бастап үй шаруашылығында түйетауық өсіре бастаған ол көптің сұранысының артқандығын байқап, құс шаруашылығымен мықтап қолға алады.

«Үміт өрге тартады, үмітсіздік көрге тартады» деп Бауыржан Момышұлы атамыз айтпақшы, балаларымды жеткізсем, оларға жақсы білім берсем деген үміт мені өрге жетелеп, осы кәсіппен айналысуға итермеледі. Құстардың басын, түр-түрін көбейтіп, жеке кәсіпкер атану үшін бірнеше есіктерді қағып, табан тоздырттық. Жеңілдікпен несие алудың жолын қарастырдық, алайда бәрі еш нәтижесіз болды. Осы жылы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Bastau Бизнес» жобасын оқытады деген жағымды жаңалықты естіп, ең алғашқылардың бірі болып тіркеліп, бірінші топта оқыдым», – дейді Айнагүл Ахмедбекова.

16 жыл бойы кәсіппен айналысып келген ол жеке кәсіпкер болып тіркелу, көл көсір пайдаға кенелу, заңды түрде салық төлеу сынды заңды әрекеттерді «Bastau Бизнестен» кейін ғана орындауға бел буғанын айтады.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» берілген 4 миллион теңге жеңілдетілген пайыздық несие 2000 бас бройлер мен тауықтардың жем-жетігіне жұмсалған.

«Бастау Бизнес» жобасынан кейін кәсіпкер атанған келесі кісі – Айтжан Сыдықов. Байзақ ауданы Сарыкемер ауылының тұрғыны ауласындағы 0,5 гектар жерге жылыжай соғып, жерді аударып, керекті құрылғылардың барлығымен жабдықтаған. Ендігі кезекті қияр мен қызанақ егіп, жергілікті халықты жыл он екі ай табиғи көкөніспен қамтамасыз етпекші. Жобаларды қаржыландыруда басым бағыт мал шаруашылығы екендігіне қарамастан, жеке кәсіпкердің бизнес-жоспары «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 5 миллион теңгеге қаржыландырылды.

«Бастау Бизнес» жобасының биылғы 4 легінің қорытындысы бойынша Байзақ ауданында барлығы 131 адам, ал Жуалы ауданында 122 адам оқып шықты. Бүгінгі таңда, несиелендірілген жобалардан бөлек Жуалыда жоба аясында «Атамекен-Бастау» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі де құрылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер