Қазақстанда «Zhibek Zholy. Kazakhstan» атты фото және бейнебайқау басталды
Іс-шара «Қазақстанның Ұлы Жібек жолымен саяхат» халықаралық фестиваліне орайластырылған
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Елорданың туризм қауымдастығы, Еуразиялық туризм қауымдастығы және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетімен бірлесіп, 2017 жылдың 18 қыркүйектен 28 қазан аралығында «Zhibek Zholy. Kazakhstan» атты фото және бейнебайқау өткізеді.
Ұйымдастырылып отырған байқаудың басты мақсаты Қазақстанның Ұлы жібек жолындағы туристік әлеуетін, яғни еліміздің тарихи және мәдени мұрасын, халықтың тұрмыс-тіршілігін, көзтартарлық табиғаты пен ерекше туристік нысандарын таныту.
Іс-шара 2017 жылдың қараша айында Алматы, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында өтетін «Қазақстанның Ұлы Жібек жолымен саяхат» халықаралық фестиваліне орайластырылған.
Фотобайқауға қатысушылардың жұмысы 3 аталымға бөлінеді:
1. Жібек жолының құпиясы мен аңызы;
2. Жібек жолының дәстүрлері;
3. Саяхаттан ықыласпен.
Фото және бейнебайқауға ықылас білдірген кез келген адам қатыса алады. Ол үшін Елордалық туризм қауымдастығының сайтынан байқаудың ережесімен танысуға, өтінім беруге болады.
Еске салсақ, 2016 жылы «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Елордалық туризм қауымдастығымен бірлесіп, «Мен Қазақстанды сүйемін» атты фотобайқау өткізген еді. Оған Қазақстанның әр өңірінен 100-ден астам үміткер қатысып, 760 сурет жіберді. Байқау жеңімпаздарына Қазақстанның үздік санаторийлерінде демалуға 2 адамға арналған сертификаттар, сондай-ақ Қазақстан–Сиань (ҚХР)–Қазақстан бағытындағы әуебилеті табыс етілді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: