Оңтүстік кілемі Қытайға жеткізіледі
Қазақстандағы ірі кәсіпорындардың бірі «Бал Текстиль» ЖШС кілем фабрикасы тоқыма өнімдері бойынша қытай саудагерлерімен байланыс орнатпақ
«Бал Текстиль» кәсіпорны 16 түрлі кілем тоқиды. Шығарылған өнімнің 30%-дан астамы ТМД елдері мен алыс шетелге экспортталады. Фабриканың Франция, Ұлыбритания, Германия, Ресей, Әзірбайжан, Тәжікстан, Қырғызстан секілді елдерден 20-дан астам тапсырыс берушісі бар.
«Бал Текстиль» кілем, кілем бұйымдары мен полипропилен жіптерін өндірумен айналысады. Кілем тоқуға қажетті шикізат Ресей, Түркия, Бангладеш, Үндістан елдерінен жеткізіледі. Кілем белгиялық Michel Van De Wiele жабдығымен тоқылады. 2 мыңнан астам қайталанбайтын дизайн үлгісі бар. Сұрыпталымға классикалық, дәстүрлі өрнектер мен постмодерндік элементтер, сондай-ақ «хай-тек», «авангард» стильдері де енгізілген.
Кәсіпорында кілем тоқудан бөлек, жылына 4 мың тонна полипропилен жібі өндіріледі. Өзінің жіп өндірісін қалыптастырғаннан кейін шикізат сатып алу қажеттілігі азайып, кілем бұйымдарын шығару өндірісі кеңейіп, өнімнің өзіндік құны арзандады.
Кәсіпорын директоры Талғат Ысқақовтың айтуынша басты бәсекелес – Өзбекстан кәсіпорындары.
«Өзбектерде тоқыма инфрақұрылымы, оның ішінде кілем тоқу жақсы дамыған. Себебі шикізат, полипропиленді өздері шығарады, – дейді ол. – Мемлекет тарапынан қолдауда жақсы, білікті мамандар мен арзан жұмыс күші де бар.
Еске салсақ, «Бал Текстиль» кәсіпорны «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Кілем бұйымдарының алғашқы өндірісі 2013 жылы іске қосылды. Осы уақыт аралығында 13 млн шаршы метр кілем тоқылды. Бүгінде «Бал Текстиль» – халықаралық деңгейдегі кілем фабрикасы, мұнда 236 адам жұмыс істейді. Кәсіпорын қуаттылығы жылына 5 млн шаршы метр кілем тоқуға мүмкіндік береді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: