«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Абылай Мырзахметов ақпарат неліктен ақшадан құнды екенін айтты

2017 жылғы 31 Тамыз
5687 просмотров

«Атамекен» мен мемлекеттік органдар бизнестің жүйелі мәселелерін шешу үшін 9 бастаманы жүзеге асырады

31 тамыз күні Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында кәсіпкерлік субъектілерінің мәселелерін талқылауға арналған жиын өтті. Жиынға «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов, ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, мүдделі министрліктер, мемлекеттік органдар, «Даму» қоры, «Kazakh unvest» АҚ мен бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты, барлық өңірмен бейне-байланыс орнатылды.

«Бүгін біз екі мәселе тобын қарауды жоспарлап отырмыз. Өңірлік мәселелерді жеке бөліп қараймыз. Біз Ұлттық палатаға түскен мәселелерді әрдайым саралап отырамыз. Заңнамалық, нормативтік актілерде өзгертулер талап ететін сұрақтарды бөлек қарастырамыз. Бүгінде салалық министрлерге қатысты 200-ге жуық мәселе бар. Іскерлік ахуалды жақсарту мақсатында 9 бастаманы анықтадық. Бұл бастамалар бизнестің шығынын азайтып, мәселелерін шешуге ықпал етеді. Бұл бастамаларды жүзеге асыру жұмысы жүргізіліп жатыр», – деді Абылай Мырзахметов.

Жиын барысында спикер Президент Әкімшілігі өзінің егжей-тегжейлі жоспарына осы негізгі мәселелерді енгізгенін атап өтті.

Абылай Мырзахметов хабарлаған бастамалардың бірі жер учаскелері мен инженерлік-коммуникациялық желілерге қосылуы туралы ақпаратты онлайн алу мүмкіндігін қамтамасыз етумен байланысты.

«Инвестор қай жерде құрылыс жүргізетінін түсінуі керек. Ақпарат алудың құндылығы несиеге қол жеткізуден кем емес. Кәсіпкер бас жоспар мен егжей-тегжейлі дайындық жоспарынан бөлек, бос жер аумақтары туралы мәліметті білуі керек. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында жер кадастры бар, кәсіпкерлер бөлінген жерлерді көре алады. Бұған қоса, әкімдіктердің сайтында бас жоспардан бөлек, бос жерлер туралы да ақпарат жарияланғанын қалаймыз», – деп атап өтті Абылай Мырзахметов.

Басқарма Төрағасы бизнесмендердің ақпарат іздеуі ыңғайлы болуы үшін өңірлерде барлығы да бір сатып алу нүктесі арқылы жүзеге асырылғаны маңызды екеніне назар аударды.

Жиында Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарының қызметі туралы да сөз қозғалды. Басқарма Төрағасының айтуынша кәсіпкерлерге мемлекеттік органдармен тікелей баланыспай, қашықтықтан қызмет алуды қамтамасыз ету керек. Кәсіпкерлер кеңес алып қана қоймай, орталықтардан барлық рұқсат құжаттарын ала алуы маңызды.

Сонымен қатар «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының айтуынша,  тұрақсыз саудаға қойылатын талаптарды біріздендіру қажет, сондай-ақ шағын индустриялық аймақтарды құру мәселесін жеке қарастыру керек.

«Ауқымды индустриялық аймақтар салынды, олардың 20% ғана толады. Асқан бір белсенділік байқалмайды. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмі арқылы «шағын индустриялық аймақ» түсінігін қалыптастырып, шағын және орта бизнеске мүмкіндік беру керек. Индустриялық аймақтар көп ретте шағын және орта кәсіпкерлікке ыңғайлы. ҚР Инвестициялар және даму министрлігінде заң жобасы дайындалу үстінде, бірақ, өкініштісі, «шағын индустриялық аймақ» түсінігін заңнамалық тұрғыда бекітуден бас тартты», – деп хабарлады Абылай Мырзахметов.

Тимур Сүлейменов бұл мәселе назарға алынып, шешімін табатындығын атап өтті.

Абылай Мырзахметов хабарлағандай, агроөнеркәсіп саласында субсидиялау мәселесі өзекті: көп жағдайда кәсіпкерлерге субсидия бөлуден бас тарту себебі түсіндірілмейді. Мұндай деректер орын алмас үшін барлық хаттама ашық жариялануы керек.

«Сіздер көтерген мәселелердің біршамасы Елбасы жолдауын жүзеге асырудың жалпы жоспарында бар. Біз ештеңені әсірелемейміз әрі жасырмаймыз. Біріздендіру қажеттілігі туралы айтсақ, әрине барлығы да түсінікті және инвестициялық, басқа да салалардың карталары бір сайтта жарияланғаны дұрыс. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарына қатысты ауқымды жұмыс атқарылды, қайталау орын алмас үшін «Даму» қорымен, «Бәйтерек» холдингімен бірге талқылап шешуді ұсынамын», – деді Тимур Сүлейменов.

«Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов жиынды аяқтай келе, қатысушыларға алғыс білдіріп, орталық және өңірлік мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерінің қатысуымен осындай жиын өткізу кәсіпкерлердің түйткілді мәселелерін ашық айтып, оның шешілу жолдарын талқылауға мүмкіндік беретінін атап өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер