Ауғанстан экономикалық байланыста жеңілдіктер қарастыруды ұсынды
Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 2016 жылы шамамен 500 млн долларға дейін артты
Астанада Қазақстан Республикасы мен Ауғанстан Ислам Республикасы арасындағы екіжақты сауда мен ынтымақтастық жөніндегі кездесу өтті. Ауғанстан Ислам Республикасының Премьер-министр Абдулла Абдулла бастаған делегация құрамында Сауда және индустрия министрі Хамаюн Раса, Ауыл шаруашылығы министрі Асадулла Замир, Тау-кен өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушы Наргес Нехан, Сауда-өнеркәсіп палатасының директоры Атикулла Насрат бастаған билік және бизнес-қоғамдастық өкілдері бар. Ал Қазақстан тарапынан Сыртқы Сауда палатасының Басқарма Төрағасы Аян Еренов, сондай-ақ мұнай-газ, тау-кен, логистика, химия өнеркәсібі секілді бірқатар салалардың кәсіпкерлері қатысты.
Қазақстан Сыртқы Сауда палатасының Басқарма Төрағасы Аян Еренов жиынды ашып, Қазақстан мен Ауғанстан республикаларының арасындағы сауда-экономикалық байланыс туралы ақпарат беріп, бизнес-қоғамдастық түйткілді мәселелерін ортаға салып, ұсыныстары мен сауалдарын ашық талқылай алатындығына баса назар аударды.
Ауғанстан Ислам Республикасының Премьер-министрі Абдулла Абдулла екі ел арасындағы ынтымақтастық нығайып, сауда-экономикалық байланыс та дамып отырғанына ерекше тоқталды.
«Біздің іс-сапарымыз «Экспо–2017» халықаралық көрмесіне арналды. Осындай ауқымды шараның аясында кездесулер ұйымдастырылып, ортақ мәселелер талқыланып отыр. Сауда байланысының дамуына жақсы әсер етіп, инвестицияның артуына септігін тигізеді деп ойлаймын. Екі жақты ынтымақтастық пен заңнамалық негізде сауда-экономикалық байланыс күшейеді деген ниеттеміз. Қазақстан кәсіпкерлерінің Ауғанстанмен іскерлік байланысына, инвестициясына қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, олардың жұмыс істеуіне жеңілдіктер қарастырылып жатыр. Сонымен қатар Өзбекстанмен арадағы транзиттік мәселе Ауғанстан Президентінің Өзбекстанға жасайтын сапары аясында талқыланып, үшжақты келісімге келеміз деген ойдамын», – деді Ауғанстан үкіметінің басшысы Абдулла Абдулла.
Жиын барысында Сауда-өнеркәсіп палатасының директоры Атикулла Насрат Ауғанстан мен Қазақстан арасындағы іскерлік байланыста орын алып отырған мәселелерге тоқталды.
«Екіжақты іскерлік байланыс даму үстінде. Көптеген бизнес-форумдар, конференциялар өткізіліп келеді. Қазақстанның Ауғанстанға жасаған экспорт көлемі 2015 жылы 44%-ға артты, бірақ Ауғанстанның экспорты азайды. Себебі транзиттік кедергілер орын алып отыр. Екі елдің билік өкілдері көп реттік виза енгізуді қарастырса деген өтінішіміз бар. Сонымен қатар Өзбекстан транзиті мәселесі шешіліп, Қазақстан мен Ауғанстан арасында банктік байланыс жүйесі орнатылса ұсыныс білдіреміз. Сонымен қатар кедендік баж салығы да үлкен мәселе. Ауғанстан енді дамып келе жатқан мемлекет. Сондықтан Қазақстанға әкелінетін тауарларға кедендік салық азайтылса деген ұсынысымыз бар», – деді Атикулла Насрат.
2016 жылы Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 489,4 млн долларға дейін артты. Оның ішінде экпорт көлемі – 486,8 млн болса, импорт – 2,5 млн доллар. 2017 жылдың қаңтар-мамыр айларындағы мәліметке сүйенсек, тауар айналымы 195,8 млн долларға жеткен, оның ішінде экспорт 195,2 млн, ал импорт 0,6 млн доллар.
Ауғанстаннан жеткізілетін негізгі импорттың ішінде жеміс-жидек, кептірілген жемістер, жаңғақтар мен кілемдер бар. Ал Қазақстан Ауғанстанға ұн, дәнді дақылдар, май, темір мен болат, темекі, көкөніс, тыңайтқыш пен сұйытылған газды экспорттайды.
Бүгінде Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы сауда-экономикалық байланысты арттыру шаралары жүргізіліп келеді. 2016 жылдың наурыз айында Кабулда бизнес-форум өтті. Дәнді дақылдар мен ұн экспортын ұлғайту, инвестициялық жобаларға Қазақстан кәсіпкерлерін қатыстыру шаралары жүргізіліп отыр. Сонымен қатар биыл сәуір айында Қазақстан делегациясы Ауғанстанға арнайы барып, екі жаққа тиімді байланыс орнату мен бірлесе жұмыс атқару мәселелерін талқылады.
Ауғанстан делегациясы Қазақстанға жасаған осы сапары барысында «Экспо–2017» халықаралық көрмесі аясында Ауғанстанның ұлттық күніне қатысады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: