«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Біржан Серіков: «Бизнес-жобалардың 80% ауыл шаруашылығы саласына арналған»

2017 жылғы 16 Тамыз
2071 просмотров

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіркелікті дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отырған «Бастау Бизнес» жобасының бизнес-жаттықтырушысы Біржан Серіков Алматы облысы Жамбыл ауданында білім береді. Көпшілікпен араласып, үйретуге құштар болған жас маман кеңсе қызметін жоба жұмысына ауыстырды. Ауылдағы ағайынға кәсіпкерлік негіздерінен білім берудің қыр-сыры жайлы әңгімелескен едік...

– Ауқымды жобаны жүзеге асырушылардың бірісіз, қандай жолмен, мақсатпен келдіңіз?

– Менің негізгі қызметім кеңсе қабырғасында өтіп жатты, қаржылай пайда ғана емес, жұмыстан ерекше ләззат алғым келді. Өзім көпшіліктің алдына шығып сөйлеуді ұнатамын, тележүргізушілер курсынан өттім. Әлеуметтік желідегі хабарламаны кездейсоқ көріп қалдым. Бірақ бизнес-жаттықтырушы ретінде тәжірибем болмады. Дегенмен, бағымды сынап көргім келдім. Экономика саласының маманы ретінде кәсіпкерлік тақырыбы жақын. Маркетинг, сараптама жұмыстарымен айналысқаннан кейін жеңіл болды. Арнайы курстан өткен соң, Алматы облысы Жамбыл ауданына бекітіліп, бүгінде «Бастау Бизнестің» 4-легін бастадық.

– Жамбыл ауданындағы жұмыссыз азаматтардың жеке кәсіппен айналысуға деген құштарлығы қандай?

– Арнайы тестілеуден өткен азаматтардың оқуға, ізденуге деген ықыласы зор. Өзімнен үлкен кісілер «ұстаз» деп атап, білмегенін сұрап, идеяларын айтып жатқанда керемет әсерге бөленемін. Үш лекте де білім алушылардың арасында үлкен кісілермен қатар жастар бар. Жастар жаңалыққа құмар, идеялары да тың, ойлары да озық. Курс бағдарламасындағы 12 модульді тез игеріп кетеді. Қазір кәсіпкерлікпен айналысатындардың қатары жасарып жатыр. Жастар өзгертпегенде кім өзгертеді?! Үлкен кісілер әлеуметтік мәселені шешуге, балаларын өсіруге көп көңіл бөлсе, жастар болашаққа кепілдік болсын деген идеяны ұстанады. Бұрындары ауылдағы жұрт қалаға ағылса, қазір керісінше, ауылға асыққаны көп. Жастардың ауыл шаруашылығын жандандыруға ынталары зор. Бұрындары ауылдағы азаматтардың еңбектенгілері келмейді, жалқау шығар деген ойда болатынмын. Бірақ, осы жобаның арқасында ауыл азаматтарымен араласып, тілдескеннен кейін ойымды өзгерттім. Оларда ынта да бар, құштарлық та бар, тек ақпарат пен білім, кәсіппен айналысуға деген мүмкіндік болса, талай шаруаны атқарады. Бұл жобаны басты бағыты ауылды көркейту үшін жұмыс істеліп жатыр.

– Білім алушылардың бизнес-жоба қорғауы туралы айтсаңыз...

– Алғашқы лекте 41 азамат білім алса, 39 азамат бизнес-жобаларын қорғады. Оның 80% ауыл шаруашылығына арналса, қалғаны қызмет көрсету салаларын қамтиды. Сонымен қатар жиһаз жасау, матрац цехын ашу секілді жобалар да бар. ЖАмбыл ауданы негізі өндірістік емес, ауыл шаруашылығына арналған. Ал екінші лекте білім алған 41 адамның 28-і өз жобаларын сәтті қорғады. Ал үшінші лекте 24 адам білім алды, оның 19-ы өз бизнес-жобаларын қорғауға ұсынды. Ауылдағы науқанның кезіне сәйкес келген соң білім алушылар қатары азайып қалды, бірақ алдағы лектерде оқимын деген азаматтар көп, себебі жиын-терім жұмыстары аяқталғаннан кейін, қолдары босап, білім алуға мүмкіндік болады. Жалпы 21 білім алушының жобасына қаржы берілді, ал қалғандары құжат жинау, өтінім беру процестерін жүргізіп жатыр.

– Кәсіпкерлік негіздеріне оқытуда қандай ерекшеліктер мен қиындықтар бар?

– Барлық нәрсе адамның өзіне байланысты, ойлауына, қабылдауына, дайындығына қарай орын алады. Біз аудиторияда ойын ойнап, кәсіпкерліктегі түрлі жағдайларда шешім қабылдау, тәуекелдерге барудан мысалдар келтіріп, пікір алмасып, қарқынды жұмыс атқарамыз. Осының барлығында белсенді бола отырып, сыртқа шыққан соң психологиялық түрде сенімділік болмаса, үлкен бір нәтиже шығуы неғайбыл. Сондықтан адам психологиялық тұрғыдан дайын болуы керек. Сондай-ақ, шет елден келген қандастарымыз да дәріс алды. Олар кирилл қарпін оқи алмайды, түсінісуі үшін аударма сайттарының көмегіне жүгініп, қытай тіліне тікелей аударма жасап, дәріс жазған кездеріміз де болды. Курс басталғанда-ақ бизнес-идеясымен келген адам 20-күні дайын бизнес-жоспары қолында болады. Бұл адам барлық қауіпті, тәуекелдерді түсініп, есептеуді үйренеді. Курс басында 6 пайызбен несие алуды ғана ойлап келген адам оның басқа да қырлары бар екенінен хабардар болады. Несие алу үшін жобаны қорғау керек, арнайы құжаттары мен кепілдік зат қойылу керек деген мәселелерді шешуді үйренеді

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Қарлыға Телман

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер