«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жазасын өтеуші азаматтар «Бизнес-кеңесші» оқу курсына қатысты

2017 жылғы 14 Тамыз
- Қызылорда облысы
4468 просмотров

Қызылордада Кәсіпкерлер палатасы «Тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамы» қоғамдық бірлестігімен бірге бас бостандығынан айыру орындарында, атап айтқанда ЗК – 169/5 мекемесіндегі жазасын өтеушілермен кездесіп, жақында бостандыққа шығатын азаматтар үшін «Бизнес-кеңесші» оқу курсын өткізді.

Бұл шараға қатысты: «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтардың басым бөлігі жұмыс таппай, көпке дейін қоғамға сіңісе алмай жүретіні жасырын емес. Осы ретте, біздің Қоғамдық бірлестік облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының тапсырымен жазасын өтеп шыққан азаматтарды әлеуметтендіру және оңалтуға арналған жобаны жүзеге асыруда. Жобаны қолға алғанымызда жазасын өтеушілер арасында жеке кәсіптерімен айналысқысы келетін, кәсіпке икемі бар азаматтарды көріп, Кәсіпкерлер палатасына осы азаматтардың біліктілігін жетілдіруге қолдау көрсетуді сұрадық», - дейді Тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Теңізбаев.

Оқу курсы барысында Кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренері Мәдина Қасымжан жазасын өтеушілерге кәсіпкерліктің негізгі ұғымдары, бизнесті бастау үшін қажетті алғышарттар, сондай-ақ «Бизнестің жол картасы - 2020» кәсіпкерлікті дамытудың бірегей бағдарламасы, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бойынша толық ақпарат берді.

«Оқу курсына кәсіп ашуға ынталы 18 азамат қатысып, өз білімдерін жетілдірді. Курс барысында тыңдаушылар тарапынан мал шаруашылығы, жиһаз жасау сынды кәсіптің түрлеріне, сонымен бірге салық режимдері, кәсіпкерлік субъектілерінің ұйымдық-құқықтық нысандары, өндірген тауарды өткізу жолдарына қатысты көптеген сұрақтар қойылды. Шара соңында мекеменің кітапханасына «Шағын бизнестің 100 жобасы» жинағын сыйға бердік», - дейді бизнес-тренер Мәдина Қасымжан. 

Айта кету керек, бүгінде түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқандар арасында 8 азамат жеке кәсібін ашып, жұмыс жасап жатыр. Олар ағаш, темір, кірпіш өнімдері, наубайхана, қолөнер бұйымдары мен тігін шеберханалары, дәнекерлеу цехы сынды кәсіп түрлерін ашқан. Бүгінде аталмыш кәсіпкерлік субъектілерінде 100-ден астам адам жұмыс жасауда. Мұнан өзге, жоғарыда айтқан Тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамы» қоғамдық бірлестігінің жүргізген жұмыстарының нәтижесінде жазасын өтеуші тағы да 3 азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, кәсібін бастауда.

«Әрине бұл мәселеге келгенде сын айтушылар да болуы мүмкін. «Жазасын өтеуші адамдар қалай өз кәсібін жүргізбек?» т.б. Дегенмен, біз мына жайтты ескеруіміз қажет, ертең бұл азаматтар жазасын өтеп болғаннан кейін қолдарынан тірлік келмей, жұмыс таппай, қайда барарын білмегендіктен қайта қылмыс жасаса не болмақ? Мұндай фактілер жеткілікті. Сондықтан да бұл азаматтарды қоғамға бейімдеуіміз қажет, мемлекеттің беріп отырған мүмкіндіктерін қолдана отырып, оңалту шараларын жүргізуіміз керек», - дейді Серік Теңізбаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер