Түркия Қазақстандағы инвестиция көлемін арттыруға ынталы
Соңғы 10 жылда Түркиядан Қазақстанға салынған тікелей инвестиция 2,1 млрд АҚШ долларына жетті
«ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесінің аясында Түркия Республикасының Ұлттық күні өтті. Осы іс шара аясында Қазақстан–Түркия бизнес-форумы ұйымдастырылды. Аталған іс шараны өткізуге ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы атсалысты.
Бизнес-форумға ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хайыров пен Түркия Республикасының Экономика министрі Нихат Зейбекджи қатысты, Қазақстан Сыртқы сауда палатасының төрағасы Аян Еренов қатысты. Сонымен қатар, екі елдің 200-ден астам бизнес өкілдері бас қосты.
Форумды ашқан ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хайыров Қазақстанда изнес жүргізіп, инвестиция құйып, серіктестік байланысты дамыту үшін барлық жағдай жасалғанын ерекше атап өтті.
«Соңғы 10 жылда Түркиядан Қазақстанға салынған тікелей инвестиция 2,1 млрд АҚШ долларына жетті. Сонымен қатар, Қазақстанда түрік капиталы салынған шамамен 1800 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді және екі ел арасында Үкіметаралық экономикалық комиссия жұмыс істейді. Екі елдің іскер топтары үшін «Жаңа синергия» атты бірлескен экономикалық бағдарламасы бар. Бұл бағдарлама біздің елдердің ынтымақтастығын нығайтып сауда-инвестициялық, өнеркәсіптік, логистикалық және тағы басқа салаларды дамытуға көзделген», – деді Ерлан Хайыров.
Бүгінде Қазақстан мен Түркия іскерлік байланысыны негізінде Іскерлік кеңес жұмыс істейді, екі ел азаматтары үшін визасыз режим бекітілген, тікелей авиақатынас орнатылған, сондай-ақ инвестицияны ынталандыру мен екіжақты қорғау туралы Келісімге қол қойылылып, күшіне енген.
Іс-шара барысында Түркия Республикасының Экономика министрі Нихат Зейбекджи Түркияның экономикалық даму көрсеткіштерін атап өтіп, халықаралық аренадағы деңгейін ерекше атап өтті.
«Бүгінде Түркияның Қазақстанға құйған инвестиция көлемі 2 млн доллар, ал Қазақстанның Түркиядағы инвестиция көлемі 1 млн доллар. Біз инвестиция көлемін өзге елдердегідей артуға қауқарымыз мол. Мысалы Эфиопияға 5 млн доллар құйылған. Қазақстандағы инвестиция көлемін 4, 6 млн долларға арттыруға болады. Сонымен қатар екі ел бірігіп үшінші мемлекетке инвестиция құюға да мүкіндік бар. Түркия Еуропа мен Азияның түйіскен жерінде орналасып, Қазақстан Орта Азияда хабқа айналса, сауда-экономикалық байланыс күшейетіні сөзсіз», – деді Түркияның Экономика министрі.
Өз кезегінде Қазақстан Сыртқы сауда палатасының төрағасы Аян Еренов түркі елдерінің Іскерлік кеңесінде «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Түркияның Сауда палатасы одағы арасында Келісім жасалғанын, екі ел бизнесінің дамуына ықпал ететін қадам жасалғанын ерекше атап өтті.
Сонымен қатар форум барысында Түркия экспорттаушылар қауымдастығы Төрағасының орынбасары Мұстафа Чыкрыксоглу, Қазқастан-Түркия Іскерлік кеңесінің тең төрағасы Мерт Сары, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ Өңірлік қолдау департаментінің директоры Жандос Нұрланов, Түркия Экономика министрлігінің сыртқы сауда жөніндегі сарапшысы Суат Эртилав екі елдің инвестициялық мүмкіндіктері мен экспорттық әлеуетін, инвесторларға жасалған жағдайлар мен жеңілдіктер, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау тақырыптарында сөз сөйледі.
Қазіргі таңда Қазақстанда Түркияның ірі холдингтері мен шағын және орта бизнес өкілдері жұмыс істейді. Абди Ибрахим (фармацевтика), Анадолу Групп (тағам өнеркәсібі), Эджибаши (жеңіл өнеркәсіп) компанияларының жобалары іске қосылған. Сонымен қатар Йелдарым, Голд Алюминиум, Нобель Фарма (фармацевтика) және т.б. компаниялармен ынтымақтастық байланыс жалғасын тауып отыр.
Түркі тілдес бауырлас елдердің бастамаларын жүзеге асыру үшін еліміздің оңтүстігінде Қазақстан–Түркия индустриалдық аймағы құрылған. Бүгінде бұл индустриалдық аймақта жалпы сомасы 40 млн доллар болатын 8 инвестициялық жоба іске асырылып отыр.
Шара барысында екі елдің бизнес өкілдері В2В форматында кездесіп, іскерлік байланыс мәселелерін талқылады. Түркия делегациясының Қазақстанға арнаған жұмыс сапарында қос тарап сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін қарастырды. Атап айтқанда, түрік компаниялары құрылыс, энергетика, тоқыма өнеркәсібі, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығына арналған жабдық, туризм, машина жасау, авиациялық қызмет, қалалық ортаға арналған жабдық өндірісі, банк ісі, синтетикалық талшық пен өнеркәсіпке арналған желім шығару салаларына қызығушылығы жоғары.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: