«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ретейл сыртқы саудаға да жол ашады

2017 жылғы 29 Қыркүйек
7251 просмотров

Сауда саласын модернизациялау керек

«Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев «Ұлы дала елі» отандық тауар өндірушілер форумында көпшілік назарын сауда мәселесіне аударды.

Отандық өнімді сату, өткізу мәселесі толық шешімін таппағанын атап өткен Нұржан Әлтаев бөлшек сауда әдісін өзгерту керектігін, заманауи сауда форматына, ретейлдерге мән берудің маңыздылығына тоқталды.

«Заманауи формат ауқымдылықтың есебінен шығынды азайтуға, тұтынушыға тиімді бағада ұсынуға мүмкіндік береді. Ретейл сыртқы саудаға да жол ашады. Мысалы Түркия үкіметі шетелдегі сауда орындарының құрылысы немесе жалға алуға кеткен шығынның қандайда бір бөлігін өтеп береді, тиісінше сауда орны Түркияда шығарылатын тауарларға арнайы орын бөлуге міндетті. Ұлттық палата эконом-класс санатындағы сауда желілерін қолдауға, яғни инвестициялық қаражат бөле отырып, сауда желісін құруға шақырады. Тиісінше сол сауда желілері отандық тауардың қойылуын қамтамасыз етуге міндеттеледі», – деді Нұржан Әлтаев.

Сонымен қатар сауданың ұйымдастырылмаған саласы туралы айтқанда, «Атамекен» өкілі нарықты модернизациялау күтіп тұрғанын хабарлады. «Сауда қызметін реттеу туралы» Заң бойынша 2018-2020 жылдар модернизациялау мерзімі етіп белгіленді.

«Былтырғы форумда бірыңғай ұлттық тауар өткізу жүйесін құру қажеттілігі мен Көтерме-тарату орталықтарының жобасы туралы мәселе көтерілді. Арнайы тарату орталықтарының жүйесін құру арқылы тауардың қозғалу желісін реттеп, өнімнің жойылуын азайтуға, бағасын төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл халықты сапалы да арзан өніммен қамтамасыз етуге жол ашады», – деді Нұржан Әлтаев.

Ұлттық палата алаңында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер мен сауда желілері өкілдерінің қатысуымен сараптамалық топ құрылған. Бұл топ көтерме-тарату орталықтарының тұжырымдамасын дайындаумен, заңнамалық актілерге түзету енгізумен айналысады.

Нұржан Әлтаевтың айтуынша, өткен жылғы форумда көтерілген мәселелер үкіметпен нарық субъектілері жасаған Жұмыс жоспарының жобасына енгізілген. Сонымен қатар Ұлттық палатаның бастамасымен, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Сауда саласын дамыту орталығы Қазақстандағы сауда қызметініе зерттеу жүргізілді.

Сонымен қатар, Басқарма Төрағасының орынбасары «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына тоқталды. Сапалы өнім ішкі нарыққа ғана емес, алыс-жақын шет елдің нарығына шығып, экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретіндігін ерекше атап өтті.

«Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының республикалық сынына өңірлік іріктеуден өткен жеңімпаздар қатысады. Бүгінде елордаға 14 облыс пен Алматы және Астана қалаларының үздік 144 компания өз өнімдерін алып келді. Жеңімпаздар жыл саңында Қазақстан Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының қорытындысымен қатар жарияланады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер