«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Алматы облысының үздік тауарлары Астанаға жол тартады

2017 жылғы 30 Маусым
- Жетісу облысы
5546 просмотров

«Қазақстанның үздік тауары» өңірлік байқауына 50 кәсіпорын бақ сынасты

«Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауы Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өтті. Биыл сапа байқауына қатысуға 50 кәсіпорын өтініш берген.

Шараға облыс әкімі Амандық Баталов қатысып, байқаудыңөңір кәсіпкерлері халықаралық талаптарға сәйкес өнімді шығаруға әлеуетті екенін дәлелдеп отырғанын атап өтті.

«Мемлекет басшысы біздің кәсіпкерлер алдында өнімнің сапасын арттыру, оның халықаралық стандарттарға сәйкес болуы бағытында жаңа міндеттер қойды. Бұл өз кезегінде қазіргі қызу бәсеке кезінде табыс кепіліне айналды. Сондықтан, мен отандық тауар өндірушілерімізге алғыс білдіремін. Сіздердің арқаларыңызда жаңа кәсіпорындар ашылуда, жаңа өнім түрлері шығарылуда, жаңа жұмыс орындары пайда болуда. Осының барлығы тұрақтылықтың шарты, аймақ экономикасының дамуына жаңа серпін беріп отыр», - деді Амандық Баталов.

Облыс басшысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрайымы Римма Салықовамен бірге байқау жеңімпаздарына марапат пен ақшалай сыйлықты ұсынды.

 

Биыл «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымында І орынды «Жаркент крахмал-сірне зауыты» ЖШС (Панфилов ауданы) иеленді. ІІ орында «Полимерметалл» ЖШС (Қапшағай қ.), ал үшінші орын  «Plast Invest Production» ЖШС (Жамбыл ауданы) бұйырды.

«Үздік азық-түлік тауарлары» аталымында «Лепсинск өнімдері» ЖШС (Алакөл) бірінші орын иегері атанды. ІІ орынды «Шин Лайн» ЖШС (Іле ауданы), ІІІ орынды «Apple world» ЖШС (Еңбекшіқазақ ауданы) иеленді.

«Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымында І орын иегері ретінде «Абди Ибрахим глобал фарм» ЖШС танылды. Құрметті ІІ орын «Сұңқар Алматы құс фабрикасы» ЖШС, ІІІ орынды «GLASMAN» ЖШС (Талғар ауданы) алды.

Биыл байқауға «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын» жаңа аталымы енгізілді. Аталмыш номинацияда І орынды «Жемжучина Семиречья» ЖШС (Талдықорған қ.) иеленді. ІІ орында «Ирада балық» ЖШС, ІІІ орынды «Ахмеджанова» ЖК «INTELLECity» Білімді дамыту орталығы алды.

Сонымен қатар, кәсіпкерлерді Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаева құттықтап, кәсіпкерліктің аймақ дамуында ерекше орын алатынын айтты.

«Бүгін барлықтарыңызды жеңімпаз деп айтуға болады. Себебі, осыған дейін сіздер идея тауып, оны іске асыру үшін ұйқысыз түндер өткіздіңіздер, үнемі алаңдау мен қобалжу болды. Бүгін бұл идеяларыңыз дайын өнімге айналды, оны біз тұтынамыз, киіп, пайдаланып жүрміз. Осының өзі үлкен жеңіс! Елбасы «Made In Kazakhstan» брендін белсенді дамытуға тапсырды. Менің ойымша, бұл санатта Жетісу өнімдерінің шоқтығы биік болады», ­– деп атап өтті облыстық палата басшысы.

Енді бірінші орын иегерлері «Қазақстанның үздік тауары» байқауының республикалық кезеңіне қатысатын болады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер