Болат Палымбетов: Бизнес проблемаларын жергілікті жерде шешуге болады және шешу керек
Монополияға қарсы органдарға сайттарда жер телімдеріне қатысты ақпараттың бар-жоқтығын тексеру ұсынылды
Болат Палымбетов жұмыс сапарымен Алматы облысына келді. Облыс әкімі Амандық Баталовпен кездесу барысында жыл сайын өткізілетін «Іскерлік климат» рейтингісінің қорытындысын жариялады. Сауалнама нәтижелері бойынша, Алматы облысы былтырғы жылмен салыстырғанда үш көрсеткіш бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, сегізінші орынға жайғасты.
Кәсіпкерлер арасында жүргізілген сауалнамаға сәйкес, өңірдегі ең жемқор органдарға салық қызметі мен экономикалық тергеу қызметін жатқызуға болады. Рейтинг көрсеткендей, сыбайлас жемқорлықпен көбіне өңдеуші өнеркәсіп, құрылыс, көтерме және бөлшек сауда, тау-кен өнеркәсібі мен ауылшарушылығы саласында еңбектеніп жатқан бизнес субъектілері жиі кездеседі екен. Дегенмен, сыбайлас жемқорлық үлгісінің жиілігіне байланысты өңір жемқорлық деңгейі ең төмен облыстар қатарына кірді.
Амандық Баталов атап өткендей, Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп өңірдегі проблемалық мәселелерді талдап, әкімшілік кедергілерді анықтап, бизнес-климатты жақсартуға бағытталған ұсыныстарды іске асыру мақсатында белсенді түрде жұмыс атқарылып жатыр. Үстіміздегі жылдың наурыз айында әкім Алматы облысының кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің мүшелерімен кездесу өткізіп, бизнестің көкейкесті мәселелері мен ұсыныстарды талқылады.
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл кәсіпкерлік қызметті жүргізуге айтарлықтай кедергі тудыратын бірқатар мәселелерге назар аударды.
Болат Палымбетов айтқан бірінші мәселе – бас жоспарлардың бекітілген жобасы, егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары, елді мекендердің инженерлік коммуникациялар жобасы жөніндегі ақпараттың әкімдіктердің интернет ресурстарында болмауы.
Мониторинг көрсеткендей, қазіргі уақытта облыста кәсіпкерлік субъектілері өз объектілеріне техникалық шарттар алар кезде бос және қолжетімді энергия қуаты жайында, интеграция нүктелеріндегі инженерлік инфрақұрылым жайында ақпараттар жоқ болып шығады. Сонымен қатар, табиғи монополиялардың барлық субъектілерінде жеке сайт ашылмаған. Осы мәселе бойынша бизнес-омбудсмен монополияға қарсы органға монополистер сайтында аталмыш ақпараттың бар-жоқтығы мен мерзімділігін қадағалап тұруды тапсырды.
Болат Палымбетов жер учаскелерін жалға алу құқығын беру бойынша конкурстар (аукциондар) жүргізу шараларының маңыздылығын атап көрсетті. Соңғы екі жылда Алматы облысында жер телімдері бойынша бірде-бір аукцион өткізілмеген. Ол кәсіпкерлік қызметіне кедергі келтіріп отырған құқықтық базаның жетілдірілмегендігіне ерекше назар аударып, мектепке дейінгі жеке ұйымдарды қаржыландыру жайында айтып өтті. Облыс басшылығына анықталған мәселелер бойынша мониторинг жүргізу ұсынылды.
Өз кезегінде Амандық Баталов айтылған мәселелерді шешу үшін әкімдік белсенді шаралар қабылдайтынын айтты.
«Бизнеске қатысты көптеген мәселелерді жергілікті жерде шешуге болады және шешу керек. Тәжірибе көрсеткендей, заңның әрекетсіздігінен кәсіпкерлер жылдар бойына мемлекеттік органдармен дауласып, қарым-қатынастарын анықтауға мәжбүр болады. Бұл мәселеде әкімдіктің жәрдемі мен қолдауы қажет. Өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесе жұмыс істеу кәсіпкерлердің өтініштеріне қатысты жедел әрекет етуге мүмкіндік береді», - деді Болат Палымбетов.
Алматы облысындағы жұмыс кездесуі аясында бизнес-омбудсмен кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлерді жеке қабылдады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: