ЭКСПО–2017: жаңа ынтымақтастық бастауы
Қазақстан компаниялары Jumore электронды сауда ұйымымен келісімге қол қойды
«ЭКСПО» көрме орталығында Қытайдың Чжецзянь провинциясының апталығы ашылды. Іс-шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрова, ҚР Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов, «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев, Қазақстан Сыртқы сауда палатасының Басқарма Төрағасы Аян Еренов, Қазақстан инвестициялық ынтымақтастық агенттігінің бас директоры Айдын Байеділов, Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Ханьхуей, Чжецзян провиянциясының халықаралық саудаға ықпал ету жөніндегі Комитеті төрағасының орынбасары Чэнь Чжоу, Провинцияның Халықтық үкіметінің төрайымы Лян Лимин және бизнес өкілдері мен көрмеге қонақтары қатысты.
Шара барысында Қытай тарапынан келген өкілдер Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық байланыстың беріктігін, серіктестік қатынастың артатындығын ерекше атап өтіп, Чжецзянь провинциясының өнеркәсіптік, өндірістік ахуалымен таныстырды.
«Атамекен» Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыс қарқынды дамып отырғанын , жыл өткен сайын беки түскеніне тоқталып, екі елде өткен бірқатар кездесу мен ресми іссапарлар өз нәтижесін бергеніне назар аударды.
«Біздің еліміздің экономикалық байланысы берік. Бұл жай ғана саудаға, импорт пен экспорттың көрсеткішіне қатысты емес. Таяудан бері жалпы өңірдің дамуына бағытталған стратегиялық ауқымдылыққа көшті. Бұл бағыттағы ең басты жоба – Жібек жолының жандануы. Еуразия тарихы мемлекеттік дамуы көршімен тату тұрып, сауданың жүргізілуінен екенін көрсетеді. Бүгінде Қытай Жібек жолының жаңа «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасын іске асыруға бастама көтерді. Бұл Қытай мен орта Азия елдерінің байланысы артттыруға мүмкіндік береді», – деді Нұржан Әлтаев.
Сонымен қатар Басқарма Төрағасының орынбасары Қытайдың Jumore электронды саудасы туралы хабарлады. Бүгінде Jumore қытайлық электронды сауда алаңында қазақстандық 15 компанияның 31 тауарлық позициясы қойылған. Оның ішінде «Краски Алина», «Лепсі балы», RG Brands сынды компаниялар бар. Айта кетелік, осыған дейін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Jumore компаниясымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған болатын.
Jumore желісінде Қытайдың 60 000 мемлекеттік компаниялары тіркелген. Осы компаниялар сауда алаңында сатып алуларын жүргізеді. Электронды сауда порталының 2016 жылдағы сауда айналымы 160 млрд АҚШ долларын құраған. «Атамекен» мен Jumore арасындағы келісім негізінде отандық кәсіпкерлер электронды порталға тегін тіркеле алады. Бұл Қытай нарығына шығуға жақсы мүмкіндік.
«Астана–Экспо 2017» халықаралық көрмесінде Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Қытайдың Чжецзян провиянциясының халықаралық саудаға ықпал ету жөніндегі Комитеті өзара келісімге қол қойды.
Сонымен қатар Астана қаласының әкімдігі, «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен «Инновациялық технология паркі» автономдық кластерлік қоры, сондай-ақ «Қазпочта» АҚ Қытайдың Jumore электронды сауда компаниясымен өзара келісімге қол қойды. Бұл келісім арқылы онлайн платформаны пайдалану әрі электронды коммерция, логистика мен қаржылық қызметті дамыта отырып, екі ел компанияларының ынтымақтастығын орнату үшін жағдай жасау бағытында жұмыс атқарылады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: