Үкіметте сатып алулардағы ашықтық мәселесі талқыланды
Абылай Мырзахметов мемлекеттік сатып алулардағы шаралар жайында баяндады
«Елбасы Жолдауындағы тапсырмаларды орындау мақсатында биыл ақпан айынан бастап «Атамекен» ҰКП сатып алулар жүйесін жетілдіру бойынша Үкіметтің жұмысына атсалысып келеді. Үкімет алаңында сатып алулар мәселесімен 10 талқылау отырысы өткізілді. Олардың нәтижесінде маңызды келісімдер жасалып, тұжырымды өзгертулер енгізілді», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов.
Айта кетелік, сатып алу жүйесін жетілдіру үшін ҚР Қаржы министрлігінде арнайы жұмыс тобы құрылып, оның құрамына Ұлттық палата өкілдері кірді. Атқарылған жұмыс нәтижесінде Тұжырым мақұлданып, әдістерді жасқарту, сатып алу үдерісін реттеу, өкілетті тұлғалардың жауапкершілігін арттыру және сатып алуларды шағын және орта бизнес өкілдеріне қолжетімді ету арқылы сатып алулар жүйесін жетілдіруге бағытталған заң жобасы әзірленді.
«Аталған заң жобасы аясында «Атамекен» ҰКП 32 түзетулер енгізді, олардың басым көпшілігі мақұлданды», – деді Басқарма Төрағасы.
Үкімет қолдауы арқылы «Атамекен» демпингке қарсы шараларда біраз жетістікке жеткен. Айта кетелік, 2015 жылы демпингке қатысты енгізілген бұл өзгертулер кері әсер беріп, құрылыс саласында техникалық қадағалау мен құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу, жобалық-сметалық құжаттарды дайындаудағы кейбір жеткізушілер миға қонымсыз бағаларды белгілеп, осылайша байқауда ең төменгі баға ұсынымымен жеңіп кетеді.
«Жақын арада «Атамекен» салалық қауымдастықтар және өкілетті органдармен бірігіп, демпингтің шектік деңгейін анықтайтын болады. Болжам бойынша атқарылған жұмыс сатып алу қызметінің сапасы мен кәсіпкерлер арасында адал бәсекелік ортаны қалыптастырады деп күтілуде», – деді Абылай Мырзахметов.
«Атамекен» жұмысы нәтижесінде жоспарланған сатып алулардың мерзімін бұзу үшін жауапкершілікке тарту енгізілді. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық субъектілері арасында квазимемлекеттік сатып алуларға жауапты тұлғалар да енгізілді, сатып алулар бойынша ақпараттық жүйелерді интеграциялау мәселесі ҚР Қаржы министрлігімен келісілді. Осылайша тауар, жұмыс, қызмет көрсетуде нарықтағы бағаларға (бағалар дәлізі) салыстырмалы анализ жасауға мүмкіндік туады.
«Отандық тауар өндірушілерді қолдаудың тағы бір механизмі ретінде жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуде Қазақстанда өндірілген құрылыс материалдарын қолдану міндеті енгізілді. Алайда, аталған форма іске асу үшін қалыптастыру тәртібі мен отандық тауар өндірушілер тізілімін бекіту қажет. Бұл мемлекеттік сараптамадан өтуде жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу мен бақылауда есеп жүргізу үшін қажет», – деді Абылай Мырзахметов.
Айта кетлік, қолға алынған жұмыс мемлекеттік органдар тарапынан белсенді атсалысуды талап етеді. Өйткені Реестр отандық тауар өндірушілерді қолдауда бүтін механизмді құрайды. Абылай Мырзахметов, сондай-ақ «Атамекен» және «Самұрық-Қазына» арасындағы атқарылған жұмыс нәтижесіне тоқталды. Қордың тауар, жұмыс, қызмет көрсету сатып алуларына отандық тауар өндірушілер қатысатын болады. Алдын ала іріктеу жүйесіндегі отандық өндірушілердің басымдыққа ие болуы іріктеу кезінде жалпы рейтингтен балдық көрсеткішті 20%-ға ұлғайтатын Индустриялық сертификатын беру арқылы жүзеге асырылады.
Абылай Мырзахметовтың айтуынша сатып алулардағы техникалық сипаттамаларды бір жеткізушіге арнап өзгертумен күресу үшін «Самұрық-Қазына» сатып алу жүйесіне салалық сарапшылар енгізіледі. Олар техникалық сипаттауларға сапалы баға беріп отырады.
«Осы ретте салалық сарапшылардың қызметі ашық жүргізілетін болады. Қоғам, бизнесмендер назарына сарапшылар қызметі бойынша есептер Ұлттық палата сайтында жарияланатын болады», – деді Басқарма Төрағасы.
ҰКП Басқарма Төрағасының айтуынша алдағы уақытта Қор «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп қайталанатын кодтарды алып тастау мақсатында Анықтамалыққа толық тексеру жасалады. Тауар, жұмыс, қызмет көрсетудің Бірыңғай номенклатуралық анықтамалығын қалыптастыру әдіснамасы қайта қаралады. Жаңа кодтарды енгізу бойынша шешемі қабылдаудың алқалық механизмін енгізу жоспарланған. Аталған жұмысты орындау арқылы Тауар, жұмыс, қызмет көрсетудің Бірыңғай номенклатуралық анықтамалығын қолдану аясын кеңейту маңызды.
Қазіргі таңда қауымдастықтар өкілдері және мемлекеттік органдардың қатысуымен жұмыс тобы құрылып, кодтар регламентін әзірлеу жұмысы жүргізіліп жатыр.
«Осындай тұжырымды шаралар сатып алу жүйесін жетілдіріп, ашықтыққа жол ашады. Бастысы сатып алу процесінде адалдық күшейіп, тұтынушылар мүддесі қамтамасыз етіледі», – деді Абылай Мырзахметов.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: