Ақмола облысында кедендік рәсімдеу аймағы жоспарланған
Өңірлік палатада кедендік рәсімдеу аймағын салу мәселесі көтерілді
Республикада кедендік рәсімдеу аймағын құру бойынша жекелеген бағдарлама бар. Ол өзге елдердің және Астана қаласы Кедендік рәсімдеу орталығының тәжірибесі негізінде дайындалған.
Кедендік рәсімдеу аймағында тауарларды кедендік тазалау, лицензия беру уақытын қысқарту, шекаралық бақылау органдарының қызметін жетілдіру, ақпараттық жүйе процесін автоматтандыру мен біріктіру, сондай-ақ инфрақұрылымды жақсарту, құрылыс, автомобиль жолын салу қызметтерін көрсету қарастырылған.
Белгілі бір қойылтаны талаптар да бар: кедендік рәсімдеу аймағы республикалық маңызы бар жолдардан орналасуы бір километр қашықтықтан аспау керек, елдімекен аумағынан тыс салынуы қажет.
«Бүгінде кедендік рәсімдеу аймағы Көкшетау-Петропавловск тас жолында орналасады деп болжанып отыр. Бүгінде жобалық-сметалық құжаты әзірлену үстінде. Жобаға сәйкес кедендік рәсімдеу аймағында 40 орын қарастырылған, жалпы аумағы 6 гектар болады. Сонымен қатар ауданы 1500-1700 шаршы метр болатын жеке ғимарат салу қарастырылған. Онда тексеру аймағы, жүк көлігін бір уақытта қою және тексеру орны, көлік-логистикалық орталық, көтерме қойма орны, автодүкен және тағы басқалары болады. Жобаның жалпы құны 1,5 млрд теңге», - деп түсіндірді ӨКП жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы Жанна Байқоңырова.
Ресей шекарасына жақын болуы мен кедендік процедураларды қысқарту болашақта жүк ағымын арттырады. Бүгінде Палата әлеуетті инвесторларды іздестіріп отыр. Жоба мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жүзеге асырылуы мүмкін. Жанна Байқоңырованың айтуынша, қолданыстағы МЖС механизмі жеке бизнеске тиімді талаптармен инвестиция құюға, оның үстіне шығындалған қаржыны қайтарып алуға мүмкіндік береді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: