«Bastau Бизнес» – өңірлерде кәсіпкерлікті дамытатын жоба
«Bastau Бизнес» – кәсіпкерлік қызметке тарта отырып ауыл тұрғындарының экономикалық белсенділігін арттыру
Жаңа бизнес көздерін ашу, халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында «Bastau Бизнес» жобасы кәсіпкерліктің негіздері бойынша тегін оқытатын семинарларды өткізуге ұйытқы болып отыр. Жобаның нәтижесі де айтарлықтай, ал ең бастысы халық үлкен қызығушылық танытып отыр.
«Bastau Бизнес» ең басында Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында және Жаңаөзен қаласында, Ақтөбе облысының Темір ауданында пилоттық жоба ретінде іске қосылды. Сәтті жүзеге асырылған жоба Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына енгізіліп, республика бойынша іске қосылды.
«Bastau Бизнес» жобасы 2017 жылы 80 аудан орталығында ашылып, қызу жұмыс атқарып жатыр. Қазірдің өзінде жобаға қатысам деушілердің қарасы қалың. Келер жылы аудан саны 160-қа жеткізіледі. Мемлекеттің тапсырмасы бойынша, 15 мың адамды кәсіпкерлікке оқыту жоспарланған.
30 күнге созылатын оқыту мерзімі 12 модульден құралады. Модульдер бизнесті енді бастап жатқан кәсіпкерлер үшін барынша пайдалы. Атап айтқанда, кәсіпкерлік психологиясы, бизнес жоспарлау, маркетинг, салық режимдері, өткізу нарықтары, құқықтық реттеуге қатысты барлық материалдар тәжірибелік тұрғыдан түсіндіріледі.
«Bastau Бизнесті» үздік тәмамдап, өз бизнес-жобасын сәтті қорғағандар 18 млн. теңгеге дейін жылдық 6 пайыз мөлшерлемемен оңтайлы қаржыландыру, бизнес ашқан соң 12 айға дейін жан-жақты қолдаудан басқа тағы бір артықшылығы бар. Ол қатысушылардың бизнес-жобасын қорғауға дайындау, психологиялық тұрғыдан қолдап, пысықтау көзделген.
«Bastau Бизнес» арқылы 2017 жылы 15 мың адамды кәсіпкерлікке баулу жоспарланған, ал 2018 жылы – 18 мың тұрғын қамтылады, 2019 жылы – 22 мың, 2020 жылы – 26 мың, 2021 жылы – 30 мың адам оқытылмақ.
Жалпы алғанда бүгінде 4118 адам алғашқы лектің тестілеуіне қатысып, оның ішінде 3258-і оқу курсына жолдама алды. Жылдың соңына дейін ірбір ауданда 6 лек өткізіледі.
Бүгінгі таңда алғашқы лекті аяқтаған тыңдаушылар облыстық комиссия алдында өз бизнес-жобаларын қорғауды бастады. Бизнес жобалардың басым көпшілігі мал шаруашылығына, өсімдік шаруашылығына, сондай-ақ қызмет көрсету салаларына бағытталған.
Оқу курсы барысында бизнес-тренерлер кәсіпкерлік негіздеріне оқытып, саладағы заңнамалар, маркетингтік стратегия, салыққа қатысты мәліметтермен қамтитын болады. Мұнымен қоса, оқу курсы барысында өз ісін бастаушыны жеке кәсіпкер ретінде тіркеуге, бизнес-жоспарларын әзірлеп беруге тегін көмек көрсетілетін болады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: