Астанада ШЫҰ Іскерлік кеңесі Басқармасының жиыны өтті
ШЫҰ – әлемдегі ірі нарық, оның аумағында 3 млрд адам өмір сүреді
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының жиыны аясында ШЫҰ елдерінің Іскерлік кеңесі Басқармасының кезекті отырысы ұйымдастырылды.
ШЫҰ мүше-мемлекеттер Қазақстан, Ресей, Қытай, Тәжікстан, Қырғызстан мен Өзбекстан өкілдері қатысты. Сонымен қатар алғаш рет Үндістан, Пәкістан, Ауғанстан, Беларусия. Моңғолия мен Иран бақылаушы елдері шақырылды.
ШЫҰ кеңістігінде экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, мемлекетаралық жобаларды сүймелдеу, сондай-ақ сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты ары қарай нығайту мәселелерін талқылау мақсатында бас қосты.
Жиынды Қазақстан тарапынан ШЫҰ Іскерлік кеңесі ұлттық бөлімінің төрағасы Райымбек Баталов ашып, Іскерлік кеңес үшін қызметін жаңа деңгейде жандандыру кезеңі басталғанын, атап айтқанда Іскерлік кеңес өкілдерінің ШЫҰ жұмысына міндетті түрде қатысу керектігіне назар аударды.
«ШЫҰ елдерінің Іскерлік кеңесі осы жылдар аралығында бизнес үшін бірқатар жұмыстар атқарды. Банкаралық бірлестік мемлекеттік даму институттары кіреді. Ал Іскерлік кеңес бизнестің әкімшілік кедергілерден өтуі үшін қолдау шараларын атқарып келеді. Энергетика, транзит, көлік-логистикалық, туризм салаларындағы көптеген жоба жүзеге асырылады деп жоспарлап отырмыз», – деді Райымбек Баталов.
Ал ШЫҰ Бас Хатшысы Рашид Алимов Шанхай ынтымақтастық ұйымының хатшылығы мүше-мемлекеттер халқының әл-ауқатын арттыру, экономикалық жандандыруға ықпал ету мақсатында Іскерлік кеңеспен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін атап өтті.
«ШЫҰ мүше-мемлекеттердің басшылары ШЫҰ Іскерлік кеңесінің әлеуетіне зор баға беріп отыр. Бұл алаң мемлекеттік компаниялар қызметімен бизнес құрылымның жұмысын байланыстыра отырып, инновациялық қор құру, шағын және орта бизнес жобаларын дамыту, көлік коммуникациясы, индустрия, жоғары технология мен электронды сауда саласындағы жобаларды жүзеге асыруға ықпал етеді», – деді Рашид Алимов.
Ал «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев ШЫҰ қауіпсіздіктің ғана емес, ең алдымен экономикалық ынтымақтастық екенін, осы ынтымақтастық инновациялық жаңашылдық пен қатысушылардың қарқынды дамуына үлкен мүмкіндік беретіндіген атап өтті. Қазіргі таңда экономикалық байланысты дамыту шынайы тұрақтылықтың негізі.
«ШЫҰ мүше мемлекетер – әлемдегі ірі нарық. Еуразияның 60% алып жатқан аумақта 3 млрд адам өмір сүреді. Бұл тауар, қызмет, капитал мен еңбек ресурсының нарығы. Елбасы экономикалық қатынастарды барынша саясаттан алшақтату маңызды екеніне назар аударады. Қазақстан әрдайым «алдымен экономика» қағидасын ұстанып келеді. Осының арқасында қарқынды даму үстіндеміз», – деп атап өтті Нұржан Әлтаев.
Басқарма Төрағасы орынбасарының айтуынша, Қазақстан сыртқыэкономикалық стратегиясын екі бағытта ұстанып отыр. Бірі – экспорттық әлеуетін арттыру. Екіншісі – ірі компаниялар мен инвесторларды Қазақстанда жұмыс істеуге, бірлескен өндіріс орындарын құруға шақыру. Осы мақсатта барынша инвестициялық мүмкіндіктерді жасайтын «Қазақ Инвест» ұлттық компаниясы құрылды.
Жиын барысында Қытай тарапынан ШЫҰ ұлттық бөлігі төрағасының орынбасары Ван Цзиньчжэнь 2005 жылмен салыстырғанда ШЫҰ мүше мемлекеттер арасында экономикалық ынтымақтастық әлдеқайда нығайғанын, инвестициялық ахуал жақсарып, тиміді жұмыс атқаруға қажетті жағдайлар жасалғанына ерекше назар аударды.
«2012 жылы ҚХР Бас хатшысы «Бір жол – бір белдеу» бастамасын көтерді. БҰҰ да, өзге де халықаралық ұйымдар бұл бастаманы қолдады. Бұл тұжырымдама Шанхай ынтымақтастық ұйымына кіретін мемлекеттер арасында саудаға, инвестиция тартуға, экономикалық қатынастарды дамытуға оң ықпал етеді», – деп баға берді Ван Цзиньчжэнь.
Қытай тарапының өкілі инфрақұрылымның құрылысы экономика дамуының негізі екенін алға тартып, көптеген елдерде осы мәселе шешілмей отырғаны ілгерілеуге кедергі болып отырғанын баса айтты. Сонымен қатар Экспо-2017 көрмесінің ерекшелігін атап өткен Ван Цзиньчжэнь кәсіпкерлер бас қосатын, ерекше іс шараға атсалысуға шақырды.
ШЫҰ Іскерлік кеңесі Басқармасының отырысында 2018 жылға арналған жұмыс жоспарын әзірлеп бекітуге, сондай-ақ конгрестік-көрме жұмысының жоспарын дайындау тапсырылды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: