ҚР Үкіметінде арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамытудың тәсілдері талқыланды
«Шағын индустриалдық аймақ» түсінігін заңнамамен бекітуді ұсынылды
ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында арнайы экономикалық аймақты дамытудың түйткілді мәселелерін шешу үшін кешенді шаралар қарастырылды. Сонымен қатар арнайы экономикалық аймақ пен индустриалдық аймақты дамытудың жаңа тәсілдері талқыланды.
ҚР Инвестициялар және дамыту министрі Жеңіс Қасымбек арнайы экономикалық аймақ қызметіне жасалған талдау қорытындысында бірқатар мәселелер анықталғанын атап өтті. Түйткілді мәселелер қатарында арнайы экономикалық аймақта инфрақұрылым құрылысының қарқыны бәсең, басқару органдары жұмысының тиімділігі төмен, жеңілдіктерді қолдану мәселесі, жер учаскелерін алу мерзімінің ұзақтығы мен салалық шектеулер орын алған.
Жобаларды толтыру мен сапасын арттыру мақсатында әрбір арнайы экономикалық аймақты келешекте дамыту мен толтыру стратегиясы әзірлену үстінде. Мұнымен қоса, әкімдіктер жанындағы басқарушы компаниялар үшін бюджеттік бағдарлама қарастыру жоспарланған.
«Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов аталған мәселе бойынша бизнес-қоғамдастықтың ұстанымын ортаға салды.
«Арнайы экономикалық аймақ мәселесіне қатысты заңнаманы жетілдіру мен индустриялық аймақ жұмысының заңнамалық негізін жасау қарастырылған. Осыған орай, Ұлттық палата Инвестициялар және даму министрлігімен бірлесіп, 2016 жылдан бері заңнамаға өзгертулер енгізуді қарастыруда. Бүгінде осы министрлікпен арнайы экономикалық аймақ және индустриялық аймақ туралы бірыңғай Заң Тұжырымдамасын әзірлеу үстінде», – деді Абылай Мырзахметов.
Тұжырымдама жобасында арнайы экономикалық аймақ жұмысына қатысты көптеген мәселелердің шешімі қарастырылған. Индустриялдық аймақ қызметіне басқаратын органдардың, мемлекеттік органдардың уәкілеттігін заңнама тұрғысында бекіту, сондай-ақ индустриялық аймақтың бірыңғай координациялық орталығын құру, жер мәселесін реттеуді қамтамасыз ету назарға алынған.
Үкімет отырсында «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы бірқатар ұсыныстарды атады. Мысалы, дайын өндірістік орындарда шағын және орта бизнес субъектілері орналастырылатын «шағын индустриялық аймақ» түсінігін заңнамамен бекітуді ұсынды. Бұл мақсатта жұмысы тоқтап тұрған өнеркәсіптік базаларды мемлекеттік-жеке меншік серіктестік талаптарымен пайдалану ұсынысы берілді. Сонымен қатар, көпшілік назарына берілген ұсыныстар қатарында индустриялық аймақта ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдейтін кәсіпорынды орналастыру мүмкіндігін қарастыру мен агроиндустриялық аймақ құру мәселесін қарастыру да болды.
Еске салсақ, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметінше, елімізде түрлі салалық бағыттағы өңдеу өнеркәсібі саласында 10 арнайы экономикалық аймақ құрылған. Арнайы экономикалық аймақтың режимі соңғы үлгідегі «Қорғас – Шығыс қақпасы» логистикалық кластерінің негізін қалауға, Астанада темір жол машинасын жасауды құруға, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында тоқыма өнеркәсібін жандандыруға және «Тараз химпарк» пен «НИНТ» арнайы экономикалық аймақтарында химия мен мұнай-химия кластерінің негізін салуға мүмкіндік берді.
Бүгінде АЭА аумағында 154 жоба іске қосылып, 651 млрд теңге инвестиция құйылған, 11 600-ден астам жұмыс орны ашылған. Бюджетке салық ретінде 107 млрд теңге қайтарылып отыр. Қатысушылар инфрақұрылым шығынының бір бюджеттік теңгесіне 2 теңгеден астам инвестиция тартқан. Биыл тағы да 3 мың жаңа жұмыс орнын ашатын 24 жобаны іске қосу жоспарланған.
ҚР Үкіметі отырысында, сонымен қатар Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Қызылорда облыстары мен Алматы қаласының әкімдері сөз сөйледі. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев арнайы экономикалық аймақта инфрақұрылымның құрылысы жайлы баяндады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: