«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Экология саласында сыбайлас жемқорлық қаупі жоғары

2017 жылғы 01 Маусым
5352 просмотров

2016 жылы табиғатты пайдалану және экология саласында 26 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелген

«Атамекен» ҰКП мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бекіткен жол картасының аясында табиғатты пайдалану және экология саласында жүргізілген жұмыстың нәтижелерін қорытындылау бойынша селекторлық кеңес өтті. Жиында осы саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау, қоғамдық мониторинг нәтижелері қаралып, осы саладағы әкімшілік кедергілерді азайтуға қатысты мәселелер қаралды.

Салалық кеңеске ҚР Парламенті депутаттары, «Атамекен» ҰКП, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, мүдделі мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев табиғат ресурстары мен қоршаған ортаны қорғау саласында сыбайлас жемқорлықтың пайда болуының негізгі факторларына табиғат ресурстары мен табиғатты қорғау заңнамасының жетілдірілмегені жататындығын атап өтті.

ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректеріне сүйенсек, табиғатты пайдалану және экология саласында 2016 жылы 26 сыбайлас жемқорлық қылмыс тіркелген. Бұл ретте 2017 жылдың 4 айының қорытындысы былтырғы осындай мерзіммен салыстырғанда 3 есеге өскен.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2016 жылы қоршаған ортаны қорғау саласындағы заң бұзу фактілері бойынша 5610 әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліп, оның 92% бойынша жалпы сомасы 2 млрд теңгеден астам айыппұл салынған.

Олардың қатарында айыппұл көп салынған өңірлер бар: Батыс Қазақстан облысында – 578 млн теңге, Ақтөбе облысы – 458 млн теңге және Қарағанды облысына 448 млн теңге.

Жиын барысында Шығыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Игорь Шацкий мен Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Тоқтамыс Жұмағұлов екі өңірдегі экология саласына жүргізілген талдау қорытындысын хабарлап, түйткілді мәселелерді көтерді.

«Табиғатты пайдалану саласында ресурстарды бөліп беру ісі атқарылатындықтан, осы салада сыбайлас жемқорлық бар деп болжанады. Атап айтқанда, ормандар, сулы аймақтарды пайдалану бағасы жоғары. Бұл салада сыйбайлас жемқорлық қаупі болуының тағы бір себебі бар, процедуралардың қайталануында нақтылық жоқ, сондықтан лауазымды тұлғалар заңдағы кейбір олқылықтарды өз пайдасына асырады. Шығыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасы осы салаға талдау жүргізе келе, нормативтік база мен құқық қолдану практикасына зерттеу жүргізді», – деді Игор Шацкий.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасы жүргізген сараптама қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығына итермелейтін біршама себеп анықталған. Игорь Шацкийдің айтуынша, Қазақстанда қоршаған ортаның ахуалын бақылайтын және мониторинг жүргізуге қатысты бірдей мәселелер бірнеше өкілетті органның құзырына берілген. Сол органдар табиғатты пайдаланушылардан экологиялық төлем, айыппұл мен өзге де шегерімдерді жинауда өзара жарысады.

«Мемлекеттік бюджетті толтыру үшін табиғатты пайдаланушылардан айыппұл төлемдерін жинай отырып, өздерінің басты міндеті жазалау емес, бақылау екенін ұмытып кетеді», – деді ШҚО кәсіпкерлер палатасының басшысы.

Ал өз кезегінде сөз алған Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы Тоқтамыс Жұмағұлов «Атырау облысының орман және жануарлар дүниесін қорғау» мемлекеттік мекемесі заңмен реттелмеген көшеттер мен кесілген ағашты сатқаны анықталғанын хабарлады.

«Әріптестерім атап өткендей, экологиялық реттеу жүйесі сапаны арттыруға бағытталмаған, керісінше, фискалды сипатқа ие болып отыр. Экологиялық реттеу комитеті 2016 жылы 35,3 млрд теңгеден астам сомаға 1589 ұйғарым шығарған. Бұл соманың барлығы жанама әдіспен есептелген. Алайда, Экологиялық кодекстің 110-бабына сәйкес залал тигізгені үшін экономикалық бағалауға тікелей бағалау әдісі қолданылмайтын кезде ғана жанама бағалау әдісін пайдалану керек. Бүгінде кәсіпкерлер бюджетке айыппұл ретінде қомақты сома төлеп отыр. Бюджеттік заңнамаға сәйкес бұл мақсатты трансферт емес, сондықтан бұл қаражат табиғатты қорғауға жұмсалатыны анық емес. Экологиялық айыппұлдар бойынша мақсатты трансфертті ойластыруды ұсынамыз», – деді «Атамекен» ҰКП Экология департаментінің директоры Қуаныш Балтабаев.

Жиында сөз алған «Атамекен» ҰКП Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, білім беру және инновация комитетінің төрағасы, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов қоғамдық аудитке қатысып, Астана қаласының өзінде бірқатар олқылықтар анықталғанын атап өтті.

«Бизнес шағымданатын, бизнес өз мүддесін қорғайтын жерде сыйбайлас жемқорлық дерегі анықталады. Бірақ, сыбайлас жемқорлықтың ең үлкен қаупі ешкім шағымданбайтын салада орын алады. Қоғамдық аудит жүргізгенде Астана мен елорда маңында 50 қоқыс төгетін орын анықталды. Экологиялық қызмет өз жұмысын дұрыс орындамай отыр. Сонымен қатар, қоқыс шығаруға баға белгілеуде ашықтық жоқ. Біреу көп төлейді, біреу аз төлейді. Бұл бағаны кім белгілейді, кім бақылайды? Адал кәсіпкер көп төлейді, ал біреулер көп қоқыс шығара отырып, аз ақша төлейді. Мониторинг қызметіне, бақылауға қоғамды араластыру керек», – деп мәселе көтерді Мұрат Әбенов.

Кеңес отырсын қорытындылаған Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев тиісті органдарға орын алған мәселелерді анықтауға, жоюға тапсырма берді. Сондай-ақ, табиғатты пайдалану және экология саласындағы мемлекеттік органдардың нормативтік-құқықтық актілеріндегі және ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметіндегі сыбайлас жемқорлық қаупі пен әкімшілік кедергілерді жоюға қатысты 37 ұсыным әзірленді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер