Тимур Құлыбаев: Ауыл шаруашылығын дамытуды үйлестіру қажет
Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы өндірісінде 861 заңды тұлға мен 2792 шаруа қожалықтары жұмыс істейді
«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев Солтүстік Қазақстан облысына жасаған іссапарын кәсіпорындардың жұмысымен танысудан бастады
Петропавловск қаласына жасаған іссапары аясында облыстағы қарқынды дамып келе жатқан кәсіпорындардың бірі «Радуга» ЖШС-ның жұмыс барысымен танысты. Кәсіпорын полиэтиленді қайта өңдеумен, полипропиленнен жаңа бұйымдар дайындаумен айналысады. Бүгінде өндірісте 220 адам қызмет етеді.
«Радуга» ЖШС бас директоры Дмитрий Шарапаев кәсіпорынға «Бизнестің бірыңғай жол картасы» бағдарламасымен мемлекеттік қолдау көрсетілгенін атап өтті.
«Өнім өзіміздің шикізаттан жасалғандықтан, өндірістің жоғарылығы мен жабдықтардың автоматтандырылуының арқасында бәсекеге қабілетті баға қалыптасты. Біздің өнімдеріміз Қазақстанның 12 қаласы мен Ресейдің Омск қаласына жеткізіледі. Филиалдық желіні қалыптастыруды жоспарлап отырмыз», – деп түсіндірді Дмитрий Шарапаев.
Тимур Құлыбаев бүгінде бизнеске, әсіресе, ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын, дегенмен өндірушілер өздерінің білімдері мен қабілеттерін үйлестірулері қажет екенін, ал «Атамекен» өз кезегінде барлық қажетті қолдауды көрсететінін атап өтті.
Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы өндірісінде 861 заңды тұлға мен 2792 шаруалық және фермерлік қожалықтар жұмыс істейді. Сондай-ақ, осы салада экономикалық белсенді тұрғынның үштен бір бөлігі жұмыс істейді, атап айтқанда 35,5% немесе 116 мың адам. 2017 жылы ауыл шаруашылығы өндірісіне көрсетілген мемлекеттік қолдау көлемі 35,8 млрд теңге. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 13,7%-ға немесе 4,3 млрд теңгеге артық. 2016 жылы 31,5 млрд теңге бөлінген болса, 2015 жылы 17,5 млрд теңге берілген. Биылғы жылы бөлінген қаражаттың 17,6 млрд теңгесі өсімдік шаруашылығына, ал 7,3 млрд теңге сомадағы қаражат мал шаруашылығына арналған, 10,9 млрд теңге басқа салаларға бағытталған.
«Мемлекет басшысы кәсіпкерлердің алдына жоғары мақсат қойып отыр. Жалпы ішкі өнімнің көрсеткіші 50%-ға жетуі үшін Ұлттық палата «Кәсіпкерлікті дамытудың 10 қадамы» атты арнайы бағдарламасын әзірледі», – деді Тимур Құлыбаев.
Еске салсақ, 2016 жылдың 9 қыркүйегінде Елбасы Үкімет атқаратын жұмыстың басым бағыттарының бірі ретінде жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру мен жұмыспен қамтамасыз етуді белгілеп берген еді. Басымдық агроөндірістік кешенді дамыту, оның ішінде ауыл шаруашылығы кооперациясын құру мен экспорттық әлеуетті әртараптандыруға берілді. Көздеген мақсатқа жету үшін «Атамекен» ҰКП «Кәсіпкерлікті дамытудың 10 қадамын» ұсынған еді. (Толығырақ сілтеме арқылы танысуға болады).
Кәсіпорын жұмысымен танысқаннан кейін «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев пен облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың, сондай-ақ кәсіпкерлердің қатысуымен өтетін Өңірлік кеңестің кеңейтілген жиыны жоспарланды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: