Іскер әйелдері кеңесі Қытай кәсіпкерлерін инвесторлыққа шақырды
Қытай кәсіпкерлері Ұлттық палата жұмысымен танысты
«Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен Қазақстанға ресми сапармен Қытайдағы Вэйхай қаласының ірі кәсіпорындардың өкілдері келді. Қытайлық кәсіпкерлер жергілікті нарықты зерттеп, бизнес-қоғамдастықпен экономика және сауда саласында ынтымақтастық орнатуға ниетті.
Кездесуге ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев, «Атамекен» ҰКП Іскер әйелдері кеңесі төрайымы Лаззат Рамазанова, Іскер әйелдер кеңесі мүшелері, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Нұралы Бөкейханов пен Қытай тарапынан Вэйхай қаласының коммерциялық басқармасы, сондай-ақ құрылыс, туризм, химиялық өнеркәсіп, жеңіл өнеркәсіп, тоқыма, тігін фабрикалары, механика, электр қуаты, фарматевтика салаларындағы ірі компаниялардың өкілдері қатысты.
Вэйхай ҚХР Шандунь провинциясында орналасқан шипажайлар, емдік-сауықтыру орталығы саналады. Бұл қалада туризм жақсы дамыған, жылдық маусымда үш жағынан да теңіз суымен шектесетін көрікті қалаға жыл сайын бірнеше миллиондаған туристер барады.
Шара барысында ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев екі тарап кәсіпкерлерін таныстырды әрі Қытай мен Қазақстан арасындағы экономикалық байланыстың артқанын айтты. «Қазақстан Қытайға майлы дақылдар экспортын ұлғайтты. Биыл Қытай нарығына қазақстандық күнбағыс майы экспортталған болатын, біздің май жақсы сұранысқа ие болып, сапалы өнім деп бағалануда. Сонымен қатар Қазақстан ірі көлемде қой мен сиыр етін экспорттайтын болады. Осы ретте елімізге Қытай ветеринарлық инспекция келіп, қой етін өндіретін алты кәсіпорынды тексерді, 6 компания да тексеру жұмыстарынан өтті. Биыл жазда екі ел арасында ет тасымалдау үшін арнайы Хаттамаға қол қойылады», – деді Нұржан Әлтаев.
Химиялық заттарды өндіретін ірі кәсіпорын иесі бизнесмен Бенчанг Лью қазақстандық іскер қоғамдастықпен жұмыс істеуге ынталы екенін айтты. Әрі қытай нарығының өзіндік ерекшеліктерін атап өтті. «Мен нарықта 20 жыл бойы еңбектеніп келемін, шетелдіктермен түрлі келіссөздер жүргіземін. Сауда саласында тауардың сапалы болуы оның жақсы сатылуының кепілі бола алмайды. Шетелдіктермен жұмыс істейтін кәсіпкерлерге бір кеңес айтайын: егер сізбен жұмыс істегісі келетін компания басшысы «мен шетелден көп тауар сатып аламын» десе, онда бұл қауіпті адам», – деді Бенчанг Лью.
Астана қаласы Іскер әйелдері кеңесінің төрайымы Бағила Бейсембаева қытайлық қонақтарға инвестиция жасауға шақырды. Ары қарай нақты жобалар бойынша жеке келіссөздер жүргізіледі. Шара соңында Қытай делегациясы «Атамекен» ҰКП өкілдеріне естелік кәдесыйлар жасады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: