«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Нұржан Әлтаев: «Қазақстан келешекте Біріккен Араб Әмірліктері үшін халал-хаб бола алады»

2017 жылғы 22 Мамыр
- Астана қаласы
9508 просмотров

Әлемде халал ет өнімінің нарығы 33 млрд доллардан асады

Астанада өткен Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің бизнес форумында «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысында ілгерілеу бар екенін ерекше атап өтті.

Нұржан Әлтаевтың айтуынша Қазақстан делегация былтырғы жылдан бері Араб әмірліктеріне бірнеше рет жұмыс сапарын жасап, соның нәтижесінде қос мемлекеттің арасындағы байланыс нығая түсті. БАӘ сауда саласына үлкен қызығушылық танытып отыр, әсіресе Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің өніміне сұраныс жоғары.

«Екі ел арасындағы ынтымақтастықта ауыл шаруашылығы саласындағы өнімдерге басымдық беріліп отыр. Бүгінде әлемде құнарлы жерлер азаюда, ал табиғи өнімге деген сұраныс күн сайын артып келеді. Табиғи өніммен қамтамасыз етуде Қазақстанның мүмкіндігі зор. Ауыл шаруашылығындағы әлеуетіміз де бар. Ауыл шаруашылығына арналған 222 млн гектардай жер бар. Сонымен қатар шұрайлы жердің көлемі 112 млн гектар», – деді Нұржан Әлтаев.

Басқарма Төрағасы орынбасарының айтуынша Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріне ет, дәнді-дақылдарды экспорттауға мүмкіндігі бар. Біріккен Араб Әмірліктері ет өнімдерін ішкі нарыққа түгелдей импортпен жеткізеді. Мысалы 2015 жылы 800 млн АҚШ долларынан астам сомада шамамен 154 000 тонна ірі қара мен ұсақ мал еті импортталған. Ең көп экспорттайтын елдердің көш басында Бразилия, Үндістан мен Австралия тұр.

Бизнес форумда Нұржан Әлтаев Қазақстан территориясының 70% табиғи жайылым екенін, бұл көрсеткішпен әлем елдері арасында Қазақстан 5-орынды иеленетініне ерекше назар аударды. Мал шаруашылығымен айналысуда отарлап бағу әдісі қолданылады, яғни таза табиғи өнім алуға мүмкіндік береді. Қазақстан өндірушілері Қытай нарығына жыл сайын 50 мың тоннаға дейін ет өткізуге дайын. Салыстырмалы түрде бұл аз көрсеткіш, дегенмен мал шаруашылығын дамыта отырып, бұл көрсеткішті арттыру көзделген.

«Қазақстан келешекте Біріккен Араб Әмірліктері үшін халал-хаб бола алады. Халал өнімдер әлемде қарқынды дамып отырған саланың бірі. Дүние жүзінде халал ет өнімінің нарығы 33 млрд доллардан асады. Бүгінде БАӘ мен Малайзияда халал-хабтар табысты жұмыс істеуде. Қазақстанда да сондай хаб құрғымыз келеді, бізде оған қажетті мүмкіндік бар. Егер еліміздің ауыл шаруашылығы өндірушілері халал-индустрияның нарығына ене алса, онда сыртқы нарыққа да шыға алады», – деді Нұржан Әлтаев.

Сонымен қатар, «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Ұлттық палатаның өңірлерде филиалдары жұмыс істейтіндігін, іскерлік байланысты орнатуда кеңес беру, қолдау шараларын көрсетуге дайын екенін атап өтті.

Қазақстан мен БАӘ арасындағы байланыс артып келеді. Бүгінде Араб еліне тірі қойды жеткізуге рұқсат бар әрі жеткізіліп те жатыр. Жалпы ет өнімдеріне басымдық беріліп отыр. «Атамекен» ҰКП отандық азық-түлік өнімдерін жеткізу үшін Араб еліндегі азық-түлік бағытындағы холдингтермен келісімшарт жасады. 2016 жылдың желтоқсан айында EMCO International LLC пен 80-нен астам қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер арасында келіссөздер жүргізілді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер