«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Тимур Құлыбаев: Атырауда бизнес жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алулары саласына топталуы керек

2017 жылғы 17 Мамыр
- Атырау облысы
7664 просмотров

Атырау облысында отандық бизнестің назарын шоғырландыруға арналған саланың бірі – жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алулары

Бұл туралы «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев Атырау облысының бизнес-қоғамдастығымен кездесу барысында айтты.

«Бүгінде «Теңізшевройл» компаниясының келешектегі кеңейту жобасы мен осы процеске отандық бизнестің қатысуы Атырау облысындағы ең өзекті мәселе болып отыр. Бұл оның алдағы уақытта дамуына арналған негізгі драйверлердің бірі. Атырау облысында жер қойнауын пайдаланушылары сатып алуларының көлемі шамамен 170 млрд теңге. Бұл «Самұрық-Қазына» АҚ желісіндегі сатып алулардан көп, сондай-ақ мемлекеттік сатып алулар көлемінен үш есе жоғары. Сондықтан біздің кәсіпкерлер осы мүмкіндікті толықтай пайдалануы керек», – деп нақтылады Тимур Құлыбаев.

Сонымен қатар «Атамекен» басшысы бизнесті шағын индустриалдық аймақты құру және дамыту мәселесіне назар аударуға шақырды. Оның айтуынша, бұл кәсіпкерлікті дамытудың қосымша тетігі.

«Елімізде ірі индустриалдық аймақтар құрылып жатыр. Атырауда «Ұлттық индустриалдық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағы бар. Бұл негізінен ірі және орта бизнеске арналған тетік. Қалада шағын бизнеске арналған шағын индустриалдық паркін қарастыру керек деп есептеймін. Мысалы, жұмыс істемейтін ескі кәсіпорын болуы мүмкін, мұнда инфрақұрылым жүргізілген орын бар, яғни өз ісін енді бастаған кәсіпкер бизнесін дамыту үшін оны пайдалана алады. Оның үстіне, мұндай жобаларға қомақты қаржы құю талап етілмейді», – деп атап өтті Тимур Құлыбаев.

Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек Жәкиев жергілікті қамту үлесін арттыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндады.

Оның айтуынша, «Теңізшевройл» ЖШС мен Өңірлік кәсіпкерлер палатасының арасында өзара ынтымақтастық орнаған. Нәтижелі әріптестік үшін алдын ала біліктілін анықтау мәселесінде, өңірдің ғана емес, түгелдей елдің бизнес субъектілерін қолдауға бағытталған В2В кездесулер мен түрлі іс-шараларды өткізуді ұйымдастыруда тиімділігі жоғары әдістер бар.

«Теңізшевройл» компаниясының Отандық нарықты дамыту департаменті жергілікті және басқа облыс компанияларын тарту үшін тендерге қатысты сауалдарын Өңірлік кәсіпкерлер палатасына жолдайды. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында шағын және орта бизнес бойынша еліміздің барлық өңірлерін қамтитын кеңейтілген деректер базасы бар. Сонымен қатар өзара ынтымақтастық аясында материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімімен де қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Техникалық қызметтің 20 түрін көрсететін жеткізушілердің бірлескен форумы нәтижесінде республиканың 200-ден астам қатысушы-компания қамтылды. Сол компаниялардың біразы «Теңізшевройлмен» тығыз байланыс орнатып, оған өз қызметтері мен тауарларын ұсынып отыр», – деді Асылбек Жәкиев.

Егер «бір терезе» қағидасы туралы айтсақ, онда Өңірлік кәсіпкерлер палатасы «Алаш» мәліметтер базасы жүйесінің операторы болып отырған «Алгоритм КЗ» компаниясымен жұмыс істейді. Бұл базаға тіркелген кәсіпкер бірден 3 оператордың әлеуетті жеткізушісі болады. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері осы жүйенің көмегімен күн сайын шағын және орта бизнес өкілдеріне түрлі кеңес беру қызметін көрсетеді. Бүгінгі таңда базаға 19 компания тіркелген.

Болашақта бизнестің барлық субъектілеріне ортақ болатын «бір терезе» функциясын орындау үшін «Теңізшевройл» компаниясы мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасында келісімге қол қою міндеті тұр. Бұл құжат компанияның барлық жобаларында отандық қамту үлесін ұлғайтуға жол ашып, жер қойнауын пайдаланушы компанияға да, Қазақстан кәсіпкерлеріне де тиімді болмақ.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер