«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Тимур Құлыбаев: «Басты міндет – заңнамаларды кәсіпкер мүддесіне ыңғайлату»

2017 жылғы 16 Мамыр
- Батыс Қазақстан облысы
7410 просмотров

Батыс Қазақстан облысында кәсіпкерліктің даму жолдары егжей-тегжейлі талқыланды    

Батыс Қазақстан облысында «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы мен жергілікті бизнес-қоғамдастықтың қатысуымен Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев «Атамекен» – бизнестің өзекті мәселелері талқыланатын тиімді алаң деп атап өтіп, Палата ұсынған қызметті бизнес-қоғамдастықтың кез келген өкілі қолдана алатынын айтты. Бүгінде Үкімет пен бизнес арасында тығыз байланысты орнату мақсатында республиканың 180 ауданында бөлімшелер ашылған.

 «Осы 4 жыл ішінде Палата жұмысының басым бағыттарын анықтадық, атап айтсақ, кәсіпкерлік субъектілердің құқықтары мен заңды мүддесін қорғау, бизнес ортаны жетілдіру, қаржы көздері мен  инфрақұрылым, өткізу нарығын қолжетімді ету, адами капиталды дамыту, бизнесті сервистік қолдау және тағы басқа да мәселелер», – деді Төралқа Төрағасы.

Батыс Қазақстан облысы  кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Каиршин аталған бағыттар бойынша жасалынып отырған жүйелі жұмыстар жайында хабарлады.

«Облыс бойынша 37 мың бизнес субъектісі бар, бұл көрсеткіш кәсіпкерлер саны үш есеге артқанын айғақтайды. Бизнес тарапынан ел қазынасына түсетін қаржы көлемі 36%-ға артты. Кәсіпкерлер өз мәселелерін шешу үшін Палатаға жиі өтінім жасауда. Былтыр жазбаша түрде түскен 163 өтінімнің тең жартысы оң нәтижемен шешілді. Осылайша, кәсіпкерлердің 565 млн теңге көлеміндегі мүліктік құқығы қорғалды», - деді Өңірлік палата басшысы.

Жер мәселесі, өңірдегі құрылысқа рұқсат беретін процедуралар, салық тексерулері мен мемлекеттік сатып алулар – бизнес субъектілерін толғандыратын басты мәселелер. Тимур Құлыбаев айтуынша, «Атамекен» дәл осы мәселелерге ерекше мән беріп отыр. Тексеру жүргізу нәтижесінде рұқсат беру құжаттарының саны 1115-тен  316 құжатқа дейін азайды, яғни шамамен 2/3 бөлігі қысқарған.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкіметпен бірге мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау функциясына тексеру жүргізу жұмысын бастадық.  Жалпы республика бойынша 61 мекеме бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруда. Алдын ала талдау нәтижесі аталған мекемелердің түрлі салада 540 бақылау функциясын атқаратындығы мен 28 мың тексеру талабын қоятыны белгілі болды. Осы 28 мың талаптың 11 мыңы санитарлық ережелер мен нормалар. Тексеру барысында 8 мың талапты мүлдем алып тастауға болатыны анықталды. Бұл жұмыс осы жылдың соңына дейін жалғасады және бақылау-қадағалау функциясының жартысынан көбі қысқартылады», – деді Тимур Құлыбаев.

«Атамекен» басшысы мемлекеттік сатып алуларға қатысты отандық өндірушілерге қолдау көрсету мәселесіне тоқтала отырып, осы сұраққа басымдық беруді облыс басшылығының назарына ұсынды.

«Отандық өндірушілер сапалы өнім мен қызмет түрін шығаратын болса, онда компанияны барынша қолдау қажет. Сонымен қатар техникалық құжатты жасауда да қолдау көрсеткен жөн. Елімізде сапалы кірпіш жасаса, онда өнімді сырттан тасымалдаудың не қажеті бар?» – деді Төралқа Төрағасы.

Тимур Құлыбаев облыс басшылығы мен бизнес қауымдастыққа өзара белсенді іс-қимыл жасағандары үшін алғыс айтып, осындай басқосу форматы өңірдегі бизнеске оң әсер тигізетініне сенім білдірді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер