«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

ҚР Премьер-министрі Қостанай облысының бизнес-қоғамдастығымен өзекті мәселелерді талқылады

2017 жылғы 15 Мамыр
- Қостанай облысы
5549 просмотров

Қостанай облысындағы іс-сапарында Бақытжан Сағынтаев Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінде кездесу өткізді

Бизнес-қоғамдастықпен кездесу барысында ҚР Премьер-Министрі қостанайлық компаниялардың басшыларына ел экономикасының үшінші жаңғыру аясында ашылып жатқан даму негіздері жайлы түсіндірді. Бақытжан Сағынтаев кәсіпкерлерді бизнес-ортаны жақсартуға қатысты бірлескен жұмысқа белсене араласуға шақырды. Еліміздің кәсіпорындарын қолдау үшін ҚР Қаржы министрлігі отандық жиһаз бен жеңіл өнеркәсіп өнімдерін сатып алуды жолға қойды. Биыл квазимемлекеттік сектор, табиғи монополиялар мен жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу саласында жаңа тәсілдер іске асырылады. 

Жергілікті қамту үлесін арттыру мен бизнес-ахуалды жақсартуға қатысты жұмыстар жалғасын тауып келеді. Заңнамалық бөлікте салық тексерулерінің саны 40%-ға азаяды. Сонымен қатар денсаулық сақтау және білім беру салалаларындағы мекемелер үшін 30 ескірген санитарлық ережелерді алып тастау, 25 ережеге өзгерту енгізу мен жаңа санитарлық қағидаларды дайындау жоспарланып отыр.

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов Қазақстанның барлық өңіріне жасалатын сапарда іскерлік қоғамдастықтың ҚР Премьер-Министрімен кездесуі күн тәртібіндегі міндетке айналғанын атап өтті. Бұл мемлекеттің тиімді байланыс орнатудағы мүдделілігі мен маңызды мәселелерді бірлесіп шешуге деген ықыласын танытады.

«Біз Үкіметтің «Атамекенмен» бірлесіп атқарып жатқан жұмысы туралы өңірлерге үнемі хабар беріп отырамыз. Процеске Өңірлік палатаны тартамыз, ал бұл түрлі саладағы ірі бизнес деген сөз. Кәсіпкерлердің жұмысын жандандыру мақсатында әрбір ауданда осындай кеңестер құрылған. Кәсіпкерлердің өз мәселелерін өздері талқылауын, оларды тіркеуін, жүйелендіруін және ұсыныстарын беруді үйренгендерін қалаймыз. Сондықтан осындай тікелей үнқатысу бизнес үшін аса маңызды», ­– деді Абылай Мырзахметов.

Кездесуге қатысқан Өңірлік кеңес мүшелері Премьерге сауал қояр мүмкіндіктерін қалт жібермеді. «Қостанай мұнай өнімдері» қауымдастығы» ЗТБ президенті Рафаил Файзулин мұнай өнімдері мен автожанармай құю бекеті базаларының иелері есептеу құралын міндетті түрде қою керектігі жайлы мәселені көтерді.  Оның айтуынша, мұндай шаралар техникалық түрде ғана емес, қаражат жағынан да қиынға соғайын деп тұр, себебі есептеу құралын қоюы үшін компания 300 млн теңгеден астам соманы жұмсауы керек.

«Қостанай облысының кәсіпкерлік қызметке жәрдемдесу қауымдастығы» ЗТБ директоры Петр Сухинин салық және кеден даулары бойынша өткен мерзімге қатысты мәселені көтерді. Оның мерзімі Қазақстанның азаматтық кодексіне сәйкес 3 жыл, ал басқа да нормативтік-құқықтық актілерде бес жыл мерзімі қолданылады. Бизнес атынан бұл мерзімді бірыңғайлауды ұсынды. «Зуевка» ЖШС директоры А.Бородин шаруа қожалықтарына өзге де қызмет түрлерін атқарған кезде арнайы салық тәртібін қолдану мүмкіндігі жайлы баяндады.

Бақытжан Сағынтаев жауапты министрлікке салық саласындағы әрбір мәселені қарастыруды тапсырды. Оның айтуынша жаңа Салық кодексін әзірлеуде және қабылдауда барлығы да ескерілуі керек.

Кездесу барысында «Алюминстрой» ЖШС директоры Абай Мұқанов, «БК-Строй» ЖШС директоры Игорь Ким, «Қостанай мелькомбинат» АҚ басшысы Александр Микетка, «ТПК «Қарасу» ЖШС бас директоры Алмат Тұрсынов пен «ССПГО» АҚ президенті Береке Мұхаметқалиева сауалдарын ортаға салды. Кәсіпкерлер сауалына ҚР Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов, ауыл шаруашылығы вице-министрі Қ.Айтуғанов, қаржы вице-министрі Б.Шолпанқұлов, сондай-ақ ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Р.Скляр жауап берді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер