«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Bastau Бизнес»: Қызылордада жалпы құны 517 млн 300 мың теңге болатын 103 жоба қорғалды

2017 жылғы 15 Мамыр
- Қызылорда облысы

Қызылордада «Bastau Бизнес» жобасы аясында облыстық комиссия алдында жалпы құны 517 млн 300 мың теңгені құрайтын 103 жоба қорғалды

Айта кету керек, аталмыш жобаға биыл пилоттық режимде облысқа қарасты Арал, Қазалы, Қармақшы, Шиелі, Жаңақорған аудандарының тұрғындары қатысып жатыр. Алғашында тестілеу кезеңіне 5 ауданнан 229 адам қатысып, оның 228-і өткен болатын. Соның ішінде 175-і оқуға ниет білдіріп, айлық оқу барысында 104-і облыстық комиссия алдында жобасын қорғауға жолдама алды.

Облыстық комиссия алдында жобасын қорғағандардың бірі қазалылық жас кәсіпкер Айнұр Найыпова.

«Сән саласында қызмет жасап жүргеніме 7 жылдан асты. Бұл салада жан-жақты тәжірибе жинап алған соң өзімнің жеке кәсібімді аштым. Екі жыл болды, қазір өзімнің сұлулық салоным бар. Осы жобаға қатысу арқылы кәсібімді кеңейткім келеді. Бір айлық оқу барысында кәсіпкерлік саласындағы біліктілігімді жетілдірдім. Облыстық комиссия алдында да бизнес-жоспарымды сәтті қорғадым деп ойлаймын. Қазір қарамағымда 4 адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта жобам қаржыландырылса, қосымша 10 жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырмын», – дейді Айнұр.

«Bastau Бизнес» жобасына қатысып жатқан қызылордалықтардың белсенділігі жоғары. Бірінші кезеңнің ең жас қатысушысы 20 жаста болса, жасы егдесі 60-та.

«Облыстық комиссия алдында жобасын қорғаған бұл азаматтар алғашқы топтың «толқыны». Жыл соңына дейін 1000-ға жуық азаматты «Bastau Бизнес» жобасы аясында оқытуды жоспарлап отырмыз. Соңғы облыстық комиссия алдына келген азаматтар барлық кезеңнен сүрінбей өткен, кәсіпкерлікпен айналысуға әлеуеті бар қызылордалықтар. Көңіл қуантарлығы, жобаға қатысуда жас та жасамыс та белсенділік танытты», – дейді Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов.

Облыстық комиссия алдында қорғалған 103 жобаның 83-і (жалпы құны 418,5 млн.теңге) ауыл шаруашылығы саласына қатысты, 21-і (98,75 млн.теңге) қызмет көрсету саласы бойынша.

«Жобаға қатысушыларды оқыту барысында түрлі идеялар айтылды. Соның ішінде ерекше жоба ретінде «Антикафе» ашуды жоспарлап отырған азаматтың бизнес-жоспарын айта аламын. Аталмыш жоба арқылы кәсіпкер жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттағысы келеді. Әрине, жоба әлеуметтік. Дегенмен кәсіп ретінде пайда табуды да жоспарлап отыр», ­– дейді Қазалы ауданының бизнес-тренері Аманкелді Жарылқағанов.

Облыстық комиссия екі күннің ішінде жоба қорғаушыларына қатысты нәтижесін шығарып, қаржы институттарына ұсынатын болады. Алдағы уақытта қаржыландырылған жобалар туралы қосымша ақпарат беретін боламыз.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер