«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Адал еңбектің өтімі қайтарымды

2017 жылғы 04 Мамыр
- Қызылорда облысы
4922 просмотров

Қызылордадағы жас кәсіпкер тапсырыс берушінің кесірінен банкротқа ұшырай жаздады

Осы жылдың сәуір айында жас кәсіпкер Бекенбай Досбол Кәсіпкерлер палатасына жүгінді.

«Шамамен бір жыл бұрын жеке кәсіпті бастадым. Осы уақыт аралығында мемлекеттік сатып алу бойынша тендерлерге қатысып, келісімшартқа сәйкес тиісті міндеттерімді орындап, мемлекетке салықты уақытылы төлеп тұрдым. Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында ел экономикасының қозғаушы күші шағын және орта бизнес екенін атап көрсетеді. Кез келген шағын кәсіпкерліктің дамуы оның айналымдағы қаражатының сақталуы мен үнемі өсуінен орын алады», – дейді жас кәсіпкер.

Бекенбай Досболдың «Қызылорда ЖЭО» ШЖҚ РММ басшысы Бауыржан Мадрайымов мырзамен жасалған келісімшарт бойынша барлық міндеттемелерін орындаған, сонымен қатар мекеме мен кәсіпкер арасында қабылдау-беру актісі де толтырылған.

«Келісімшартта көрсетілген міндеттемелер орындалса да, аталған мекеме келісімшартта көрсетілген 681 750 теңге сомасын төлемді. Сондықтан облыстық ауданаралық экономикалық сотына жүгінуге мәжбүр болдым. Сот көрсетілген соманы төлеу туралы менің пайдама шешім шығарды», – дейді кәсіпкер.

Жас іскер қаржылық қиындықтарға байланысты оқу мен кәсіпкерлікті қатар алып жүрген. Қажетті соманы қарызға алып, өз міндетін орындаған. Алайда тапсырыс берушінің төлемегендігінен қаржылай шығынға ұшырап, бизнесі банкрот алдында тұр.

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасына жүгінген Бекенбай Досбол Қызылорда жылу электр орталығынан қарызын өтетіп беруді сұраған. Палата заңгерлері жүргізген жұмыстың нәтижесінде екі күн ішінде іс оң шешімін тапты. Нәтижесінде кәсіпкердің шотына 681 750 теңге сомасы аударылды.

Мәселесі оң шешілген кәсіпкер палата атына, әсіресе заңгер Ирина Кимге шұңыл түрде кәсіби көмек көрсеткені үшін алғысын білдірген.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер