«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кәсіпкерлерге ұйымдастырылған өнеркәсіптік және индустриалдық аймақтар туралы заң қажет – Тимур Құлыбаев

2017 жылғы 02 Мамыр
- Шымкент қаласы
5610 просмотров

Заңнамалық нақытылық болмаған соң кәсіпкерлер үшін өнеркәсіптік немесе индустриалдық аймақта бизнесті дамыту қиынға соғады

«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев жергілікті бизнес мәселелерін талқылау үшін Оңтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлерімен кездесті. Облыстық әкімдікте Тимур Құлыбаев ОҚО Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің кеңейтілген отырысын өткізді. Жиынға Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов, Өңірлік кеңес мүшелері, құқық қорғау органдарының басшылары, бизнес-қауымдастық, банктер мен қаржылық институттардың өкілдері, тауар өндірушілер қатысты.

Күн тәртібінде ең алдымен индустриалдық аймақ мәселесі көтерілді. Арнайы экономикалық аймақты есептемегенде, еліміз бойынша Оңтүстік Қазақстан облысында ең көп, яғни 11 индустриалдық аймақ орналасқан. Бір қарағанда барлығы да оңай, бизнеске өз өндірісін іске қосу ғана қалады. Алайда, бүгінде басқаша жағдай орын алған: аталған аймақтарда жұмыс істеу үшін кәсіпкер 68 (!) қол жинауы тиіс. Индустриалдық аймақтарға қарайтын әкімдіктер өз зауыттарын іске қосу үшін көмектесер еді, алайда олардың қауқары жетпейді. Қажетті процедуралардың барлығын сақтау бизнесмендерге ғана емес, жергілікті атқарушы органдарға да қол байлау болып отыр.

«Тиісті заң қабылдауға және индустриалдық аймақтың нақты құқықтық мәртібесін анықтауға көмектесіңіздер», ­– Оңтүстік Қазақстан кәсіпкерлері Тимур Құлыбаевтан осы және өзге де мәселелерді шешуді сұрады.

Сонымен қатар, кәсіпкерлер өңірде энергия көздерінің қымбатшылығын айтып шағымданды. Электр қуатына арналған тарифтер мемлекет бойынша ең қымбат болып саналады, олардың тым жоғарылығы бизнеске ауыр соққы. Оңтүстік Қазақстан облысында шығарылатын тауардың өзіндік құнының 30-50%-ын электр қуатына кеткен шығындар құрайды.

Орын алған мәселелер салдарынан отандық тауар өндірушілердің басым бөлігі өндірістерін басқа өңірге немесе мүлдем ҚР территориясынан тысқары аймаққа көшіруді ойластырып жүр. Бұл салдар тауарлық газға да қатысты, ОҚО-дағы табиғи газ құны, мәскеулік газдан қымбат, кубына 31 теңгені құрап отыр. Егер жағдай өзгермейтін болса, Оңтүстік Қазақстан облысының өнімдері Өзбекстан тауарларымен бәсекеге түсе алмайды. Өзбекстанда электр қуаты КВт-на 8 теңге ғана, ал газ – екі есе арзан.

Бүгінде көрші елмен коммерциялық қарым-қатынас орнап жатқан кезде экономикалық байланыс та артып келеді. Осыған байланысты еліміздің нарығына өзбек тауарларының үлкен ағыны келеді деп күтілуде. Көрші елдің тауары алдымен ОҚО территориясынан өтеді, ал бұл жергілікті бизнестің бәсекелік қабілеттілігін сынайды. Кәсіпкерлер мемлекеттен қолдау көрсетуді сұрап отыр.

Үшінші өзекті мәселе Салық кодексіне қатысты. Кәсіпкерлер бұл құжатты түсінікті әрі оңтайлы етуді өтінеді. Қазақстанның салықтық заңнамасында сылықтың 36 түрі бар. Бұл дегеніміз өте күрделі әрі ауқымды мәтіндер. Соның нәтижесінде кәсіпкерлер зардап тартып отыр. 

«Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев айтылған барлық мәселелер ҰКП Төралқа отырысында талқыланатынына және олардың шешілуін  өз бақылауына алатынын жеткізді.

«Атамекен» басшысы Өңірлік кәсіпкерлер палаталарының жұмысындағы басымдықтар кәсіпкерлер құқығын қорғау әрі өңірдегі артықшылықтарды анықтайтын – Бизнестің өңірлік даму картасын жетілдіру болып табылатынын атап өтті.

«Өңірлік кәсіпкерлер палатасының алдына жүктеп отырған басты міндет – жергілікті атқарушы органдармен кәсіби байланыс орнатуды үйрену», ­– деп атап өтті ол. – Оңтүстік Қазақстан облысында бұл жолға қойылған: жергілікті билік бизнес жағында. Өзара түсіністік орнаған. Облыс әкімімен бір кездері біршама қаражат құйылған қайта өңдеу мен тоқтап тұрған кәсіпорындарды қайта жандандыру бойынша 10-15 жобаны анықтаймыз деп шештік. Қандай ресурстарды жұмылдыру, қандай процедураларды жүргізу керек екенін анықтап алу керек. Олардың барлығын өзім басшылыққа аламын деп уәде беремін», – деді Тимур Құлыбаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер