«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазыналық саясаттың негізгі бағыттары Қазақстаннан басқа барлық елде бар – Тимур Құлыбаев

2017 жылғы 30 Сәуір
6948 просмотров

Кәсіпкерлер таяу 3-4 жылда экономиканың қай саласына жүктеме түсетінін, қандай салықтық әлеует орын алатынын нақты түсінулері керек

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев «Нұр Отан» партиясы Фракциясының кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне арналған кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде төрт элементке, яғни қаржы-несие саясаты, тарифтік саясат, қазыналық саясат және бюджеттік саясатқа қатысты экономикалық саясаттың орташа мерзімді контуры кәсіпкерлікті дамытудың негізгі факторы екенін атап өтті.

«Осы құжаттарда нақты параметрлер (КPI) болмаса, бизнесті жоспарлап, инвестицияны есептеу мүмкін емес. Кәсіпкерлер таяу 3-4 жылда экономиканың қай саласына қандай қазыналық және қазыналық емес жүктеме түсетінін, салықтық әлеуетінің қандай болатынын нақты түсінулері керек. Қазыналық саясаттың негізгі бағыттары дамыған елдің барлығында бар, тек Қазақстанда жоқ. Қазыналық саясат өлшеміне сай келмесе, бюджетке ағымдағы және орташа мерзімдегі келешекке арнап қандайда бір өзгертулер енгізілмеуі керек», – деді Ұлттық палата Төралқа Төрағасы.

Құжаттарды азаматтық қоғам талқылауы тиіс. Тимур Құлыбаевтың айтуынша, бизнеске ұғынықты, анықталған ойын ережесі керек. Салалық тұжырымдамаға немесе стартегияға қандайда бір түзетулер аталған төрт саясатпен сәйкестендірілуі керек.

«Салық, кеден, қылмыстық және әкімшілік кедергілерге қатысты кез келген өзгертулер жылына бір реттен артық жүргізілмеуі тиіс. Аталған өзгертулерді қабылдау, айталық, бірінші шілдеден кешіктірілмеуі керек, ал қолданысқа кемінде жарты жылдан соң, яғни келесі жылдың 1-қаңтарынан бастап енуі керек. Кәсіпкердің жаңа ойын ережесіне үйренісуге, оны егжей-тегжейлі зерттеуге уақыты болуы керек. Жоғарыда аталған кодекстерге ілеспе заңдармен өзгерту енгізуге заңнамалық тұрғыдан тыйым салынуы тиіс. Осындай тәсілдер бизнес үшін ымырашылдық, агрессиялық емес жағдай тудыруға мүмкіндік береді», – деп түсіндірді Тимур Құлыбаев.

ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин отандық бизнестің мәселесін шешуге бағытталған заңнамаларды дайындауда ынтымақтастықты күшейтуді, қоғамдық тыңдалым, дөңгелек үстелдер, сараптамалық талқылауларды өткізу, сондай-ақ Мәжіліс депутаттары мен «Атамекен» өкілдерінің бірлесіп, өңірлерге сапарға шығу тәжірибесін енгізу қажеттілігін атап өтті.

«Біздің мақсатымыз бір, міндетіміз ортақ. Осы мәселелерді ортақтасып шешкеніміз маңызды. Парламент отандық бизнестің дамуына заңнамалық қолдауды қамтамасыз етсе, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Парламент алаңында заң жобаларын талқылау барысында сараптамалық, кеңес берушілік қолдау көрсетеді. Дәл осындай құрылымды жүйелік тәсіл Мемлекет басшысының 2050 жылға дейін шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесін кемінде 50%-ға жеткізу тапсырмасын тиімді орындауға мүмкіндік береді», – деп түсіндірді Мәжіліс Төрағасы.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер