Тимур Құлыбаев: ҚР Ұлттық банкі тарапынан тиісті қадағалаудың болмауы зейнетақы жүйесіндегі олқылықтарға алып келді
«Атамекен» Төралқа Төрағасы зейнетақы қаражатын басқарудың дұрыс жүргізілмеуінің бірден-бір себебі ҚР Ұлттық банкі тарапынан қадағалаудың әлсіздігінен деп санайды
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы Фракциясының кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне арналған кеңейтілген жинында «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев отандық экономиканың басымдықтары, қаржыландыру құралдары мен тетіктерін атап өтті. Алғы сөзінде зейнетақы аударымдарына қатысты пікір білдірді.
Ұлттық палата Төралқа Төрағасының айтуынша, зейнетақы қаражатын басқарудағы олқылықтар ҚР Ұлттық Банкі тарапынан тиісті деңгейде бақылау жүргізілмегендіктен орын алып отыр.
«Зейнетақы қаражаты – әлемнің бірқатар елінде қалыптасқан жүйе. Қор нарығы арқылы, өзге де құралдар арқылы ұзақмерзімді инвестициялар үшін негізгі қаражат көзі. Жинақтаушы зейнетақы жүйесін құру үшін шешім қабылдауда ұдайы өндіріс үшін, инвестиция үшін қорға айналады деген негіз басты себеп болған. Енді нені көріп отырмыз? Иә, расында да зейнетақы қорын басқарып отырған компаниялардың заң бұзғандығынан қиындықтар туындады. Мұндай деректер де болды. Бұл қадағалаудың әлсіздігін көрсетеді. Сол кезде Ұлттық банк қадағалау жүргізді, олар сол басқару компанияларымен жұмыс істеуі керек еді. Коммерциялық банктер басқара алмайды дегенді негізге алып, барлығын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жинады. Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қоры ол ақшаны қайда салды? Екі құрал бар, бірі мемлекеттік қарыз және коммерциялық банктердің депозиттері. Кімнен алды, қайтадан солардың басқаруына берді. Тек ұзақ мерзімді ақшаның орнына, қысқа мерзімді қаржыландыруға, яғни депозитке салды», – деді Тимур Құлыбаев.
«Нұр Отан» Фракциясының жиынында «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы тікелей кәсіпкерлердің мүддесіне қатысты заңнамаларды талқылағанда ҚР Парламентінің депутаттарын белсенді қатыстыруды ұсынды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен Салық кодексіне енгізілетін өзгертулер талқылануда. Премьер-министр Ұлттық экономика, Қаржы министрлеріне «Атамекенмен» бірге дайындауға, келісілгеннен кейін ғана жаңа өзгерістерді алып келуге тапсырма берді. Біз депутаттардың бірден талқылау барысына араласуын қалаймыз. Егер депутаттық корпустың қандайда бір ұсынысы, ескертуі болса, біз лезде ескеруіміз керек. Бұл заңның талқыланып жатқан кезде-ақ сапалы болуына мүмкіндік береді. Осылайша заңнаманың тұрақтылығын қамтамасыз етеміз, бұл кәсіпкерлер үшін аса маңызды. Бүгінде біз барлығын инвестициялық қызметке шақырып отырмыз. Бірақ та, «Салық», «Экология», «Кеден» кодекстерінің қалай жұмыс істейтінін түсінбейінше, оны есептеу мүмкін емес», – деді Тимур Құлыбаев.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: