«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Рудныйдағы іскер әйел жұмсақ ойыншықтарды ұлттық нақышпен тігеді

2017 жылғы 13 Сәуір
- Қостанай облысы
6114 просмотров

Шебердің авторлық жұмысын шет елден әкелінетін ойыншықтардан ең басты айырмашылығы оның қайталанбайтындығы, сапасы мен шын жүректен жасалғанында. Динара Унаева осыдай ғана көптің көңілінен шығып, өз брендін дамыта алатынына сенімді.

Әуелде шағын сауда орнының иесіне ойыншық тігу сүйікті ісінің бірі ғана еді. Өзі тігіп, өзге тауарлармен бірге сөреге қойған. Сатып алушылар сапасының жоғарылығы мен бірегейлігін бірден аңғарған. Сол кезде жеке кәсібін кеңейтіп, шығармашылық әрі іскерлік қабілетті біріктіруге шешім қабылдаған. Несие алу үшін «Атамекен-Қостанай» микроқаржыландыру ұйымы» ЖШС-на жүгінген. Берілген 1,7 млн теңге көлеміндегі несиеге жаңа 5 тігін машинасын, маталар мен шеберханаға қажетті жиһаз сатып алды. Осылайша, бастаған іс бірте-бірте жолға қойылды.

«Қазір тапсырыс аса көп емес, бір ойыншық дайындауға уақыт та көп кетпейді. Қостанай нарығындағы дүкендерден тапсырыс түсіп отырады. Серіктестерді өзіміз іздейміз. Балалар үйімен, мектепке дейінгі мекемелермен тығыз жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз. Неліктен ойыншық жасауды қаладым? Себебі бұл шын көңіліңмен жасайтын, нағыз шығармашылық жұмыс. Қытайда жасалғанын сатып алуға болады, сондай-ақ біздің авторлық дүниемізді де алуға болады. Қандай сыйлық алған жақсы? Ұлттық нақышпен жасаған жұмыстарым да бар, ою-өрнектерді кестелеп тігемін», – деп түсіндіріп өтті жеке кәсіпкер Динара Унаева.

Бұл кеншілер қаласындағы Кәсіпкерлер палатасының жанында жұмыс істейтін микроқаржыландыру ұйымы арқылы қаржыландырылған жалғыс жоба емес. Жас аспаз Ерсайын Нұрахметов шағын павильонның құрылысына 1,3 млн теңге несие алған. Онда жапон асханасының суши, орама, кеспе тағамдарын даярлауды қолға алмақ. Бұл бастамасы ғана. Табыс түскеннен кейін ас мәзірін де кеңейтпек.

«Бұл Рудныйдағы еуропалық стильдегі алғашқы сауда орны болмақ. Жарық, таза, жайлы әрі жаңа піскен тағам болады. Ең басты артықшылық – тапсырыс беруші дайындау процесін көре алады. Камералар орнатып, барлығын да әлеуметтік желілер арқылы онлайн байланыспен қамтамасыз етеміз. Бізде мұндай болған емес. Сондай-ақ жеткізу жағын да ойластырамыз. Несие беруге келісім алдым. Ақша қолыма тиген сәтте ойымды жүзеге асырамын», - дейді Ерсайын Нұрахметов.

«Атамекен-Қостанай» микроқаржыландыру ұйымы» ЖШС 2016 жылы Еуразиялық топ, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Қостанай облысы әкімдігінің арасында жасалған меморандум негізінде жұмыс істейді.

Жыл сайын кепілдік мүлік бойынша аз талап қойылатын 4% несие беріледі. ERG жобасына қатысудың бір себебі – кәсіпкерлікпен айналысуға жағдай жасай отырып, моноқала тұрғындарының компания құрылымына кіретін қала түзуші кәсіпорындардың қызметіне тәуелділігін азайту.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер