«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кәсіпкерлерге арналған түсіндірме жинақтары жарық көреді

2017 жылғы 10 Сәуір
2482 просмотров

Өңірлердің 247 журналисін экономика, бизнес, қаржы тақырыбында ақпарат беруге машықтау жоспарланған

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында «Халықтың сұранысына орай экономикалық ақпаратты бейімдеу және сапасын көтеру арқылы олардың іскерлік белсенділігі мен бизнес бастамаларын арттыру» тақырыбында басқосу өтті.

Жиын барысында өңірлерге кәсіпкерлік жайлы ақпаратты жеткізу мен қазақ тіліндегі, бизнес коммуникациясын мемлекеттік тілде дамыту мәселелері көтерілді.

«Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев қазақы өңірде бизнесті дамыту үшін экономикалық құралдарды іздей отырып, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының мамандары, ғалымдар, қоғам қайраткерлерімен бірге жұмыс жүргізіліп келе жатқанына тоқталды. Сонымен қатар халыққа облыстық, аудандық мерзімді басылымдарда қаржы, экономика тақырыбында жазатын журналистер тапшы екенін, осы олқылықтың орнын толтыру үшін өңірлердегі 247 журналисті осы бағытқа қарай икемдеп, кәсіпкерлік салалары бойынша ақпарат беруге машықтау жоспарланып отырғанын ерекше атап өтті.

Ал «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев агроөнеркәсіп кешенін дамыту ауылдың әлеуетін жақсартудың ең басты көзі екеніне тоқталып, Қытай, Араб, Иран, Ресей, Израиль нарықтарындағы сұранысқа сай агроөнім шығаруды арттыру мәселесі өзекті екеніне назар аударды.

«Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Төлеміс Шотановтың айтуынша еліміздегі 188 ауданда жеке кәсібін ашуда, тиісті құжаттарды жинауда, кәсіпкерлік барысында туындаған мәселелерде кәсіпкерлерге сервистік қызмет көрсетіліп келеді. 800 кеңес-беруші Қазақстанның түкпір-түкпірінде бизнес-жоспарын дайындау, заң, мемлекеттік сатып алуға қатысу және т.б. 8 бағытта көмек көрсетеді. «Халықтың 44% ауылдық жерде тұрады, Ауыл шаруашылығында 5% ғана өнім шығарылады, 1991 жылдары бұл көрсеткіш 47% болған. Кәсіпкерлікпен айналысуда әкімшілік кедергі, қаржы жетіспеушілігі, өткізу орны, инфрақұрылым жоқтығы мен адамның әлеуетін көтеру мәселелері бар. «Атамекен» 2015 жылы 30 мыңнан аса кәсіпкерге сервистік қолдау қызметін көрсетсе, 2016 жылы бұл көрсеткіш 50 мыңға жуықтады, ал биыл 60 мың кәсіпкерге қызмет көрсетеміз деп жоспарлап отырмыз. Дегенмен, 800 кеңесшінің шамасы бұдан арттыққа жетпейді. Сондықтан «Atameken Servises» электронды қызмет көрсету платформасы іске қосылды», ­– дейді Төлеміс Шотанов.

Ауыл тұрғындарына кәсіпкерлік жайлы ақпаратты қазақ тілінде жеткізуде ұлттық контент сапасын жақсарту, бизнес терминдердің аудармасы, қазақ тілінде қолданылуын реттеу жұмыстары «Лингволаборатория» арқылы жүргізілетін болады. Осыған орай А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының, ҚМЭБИ  мамандары экономика, қаржы саласындағы терминдерінде мәселелерді көтерілді.

«Қаржы, экономика, бизнес саласындағы терминдер бір ізге түскен жоқ. Кәсіпкерлер кодексі, жеке кәсіпкерлер туралы заңдарда, экономикалық оқулықтарда шет тілінен келген терминдер жазылған. Мысалы, «аванс» сөзі «алғы төлем» деп аударылған. «Теневая экономика» термині көлеңкелі, қалтарыстағы экономика деп екі нұсқа берілген, ал «индивидуальный предприниматель» мен «частный предпринматель» дара және жеке деп берілген, бірақ екеуінің арасында айырмашылық жоқ екені де жазылған. Осындай мәселелерді көре отырып, жеке кәсіпкерлерге арналған «Кәсіпкерлік лұғаты» түсіндірме сөздігін жасауға бастама көтеріп отырмыз», – деді филология ғылымдарының докторы, профессор Айманкүл Алдаш.

Осы ретте тіл білімі институтының маманы Анар Фазылжанова салалық түсіндірме сөздіктері дайындалып жатқанын хабарлады. «Ауылшаруашылық лұғаты» деп аталатын түсіндірме сөздігінде тақырып бойынша тармақталады.  «Мал шаруашылығы лұғаты» деген тақырыппен шығатын жинақта мал, балық және құс шаруашылығы қамтылады», – деп ғалымдардың жұмысын таныстырды.

Жиналған көпшілік түсіндірме жинағының атауындағы ұсынылған «лұғат» сөзіне қатысты пікір таластырып, бірлесіп ақылдасу арқылы бір шешімге келетіндіктері айтылды.

Сонымен қатар, Сырым Әбдірахманов, Амангелді Құрмет сынды қоғам белсенділері, Қазақ мемлекеттік гуманитарлық заң университеті Бизнес мектебі директорының орынбасары Кемел Айбекұлы сөз сөйлеп, кәсіпкерлерді оқыту, ақпарат беру, дәріс оқитын тренерлерді дайындау, қоғамды кәсіпкерлік саласына бет бұруда атқарылар жұмыстарға пікір білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер