«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Оңтүстікте жас кәсіпкерлер клубы өз жұмысын бастады

2017 жылғы 10 Сәуір
- Шымкент қаласы
5063 просмотров

Оңтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасы «Жас кәсіпкерлер» клубын құрылып, алғашқы отырысына өңір басшысы Жансейіт Түймебаев қатысып, жас кәсіпкерлердің қолға алған ісімен танысты

Жас кәсіпкерлердің кездесуінде қазір өңір экономикасын қарқынды дамыту мәселесі алда тұрған кезеңде бірігіп жұмыс жүргізу уақыт талабы екендігі айтыла келіп, жас кәсіпкерлер клубын құру кезек күттірмейтін мәселе екендігі ортаға салынды. ОҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры А.Әбубәкіров бұл істі кейінге қалдырмай, бүгіннен бастауына да сол себеп болғандығын атап өтті.

«Жаңадан құрылған «Жас кәсіпкерлер» клубында қазір 40 мүше бар. Оған тіркелуге шектеу жоқ. 40 жасқа дейінгі кез-келген кәсіпкер клуб мүшелігіне қабылданады. Біздің негізгі мақсатымыз – кәсіпкеркер жастарды біріктіру. Кәсіпкерлердің басын құрау. Жас кәсіпкерлерге қолдау көрсету», – деді Палата басшысы.

Кәсіпкерлікті қолдау ең алдымен, ел экономикасының дамуына серпін береді. Бұған дейін талай алпауыт кәсіпорын иелерімен, бизнес элитамен кездескен облыс әкімі іс бастауда жастардың орны бөлектігін, олардың идеясы ерекше екенін тілге тиек етті. «Облыс экономикасын дамыту – баршамыздың жұмыла көтеретін жүгіміз. Ол үшін әрбір  азамат мұндай жұмыстарды шағын істерден бастауы қажет. Қуантарлығы сол, өңірімізде шағын және орта бизнес дамып келеді. Ендігі қадам, осынау кәсіп иелері бірігіп, жұмыс істемей тұрған ескі зауыттарды қалпына келтіріп, сол жерде бизнесті одан әрі қарай дамыту болмақ. Елбасы шағын және орта кәсіптің дамуына көптеген мүмкіндіктер мен жағдайлар жасап отыр. Соны дұрыс пайдалана біліңіздер», – деді облыс әкімі Жансейіт Түймебаев.

Жиналған жастар өзі айналысып жатқан кәсіп түрімен кезек-кезек таныстырып, салада көп кездесетін қыйындықтар мен туындайтын мәселелерді ортаға салды. Сондай-ақ, кәсіпкерлер әлеуметтік белсенділікті де қатар алып жүру үшін осындай алаңдардың жоқ болғанын айтып, ендігі кезекте қоғамда орын алып жатқан маңызды оқиғаларға қатысуға уәде етті.

«Бизнес бастағаныма көп болған жоқ. Ерлерге арналған салон ашқанмын. Әзірге шешімі жоқ мәселеге тап болмадым. Кәсіпкерліктен бөлек түрлі әлеуметтік жобаларды ұйымдастырушысымын. Ғимаратты жалға алу, оны жарнамалау және т.б қажетті көмекті Асқар Әбубәкіровтың өзі қол ұшын беруде», – деді жас кәсіпкер Тохтар Әлімбеков

Келесі  қатысушының бірі мемлекеттік мекемелер өздеріне қажетті затты тендер арқылы алатын кезде жергілікті жерде шығып жатқан өнімдерге басымдық беруін және сол өнімдердің түр-түсі сипатталған реестр жасақталса деген ұсынысын айтса, енді бірі Мемлекет басшысының аргоөнеркәсіп саласында шағын фермерлерді бір кооперативке біріктіру тапсырмасы зор мүмкіндік екенін айтты. Осы кооперативке бірігу арқылы кәсібін дамыту үшін төменгі пайызбен несие алуға қол жеткізіп отырғандарын жеткізді.

Сонымен қатар, клуб отырысына бизнестері жемісті дамып, іскер атанған азаматтар қатысып, жас әріптестеріне оны дамытудағы тәжірибелерімен бөлісті.

Бүгінде жас кәсіпкерлер клубының құрамында 40 жасқа дейінгі 30 жас кәсіпкер бар. Кәсібін ашамын деген әрбір азаматқа ай сайын ұйымдастырылатын клуб отырысының есігі, әрдайым, ашық дейді ОҚО кәсіпкерлер палатасының өкілдері.

Оңтүстік Қазақстанда бүгінде жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 173 362 болса, оның 14 618-і шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер