Латвиялық үлгідегі бизнес
Оңтүстік астанада «Алматы–Латвия» кәсіпкерлер конференциясы өтті
Екі жақты бизнес-форумда қатысу үшін латвиялық 20-дан астам кәсіпорынның өкілдері келді. Экономиканың түрлі секторын, атап айтқанда ақпараттық технологиялар мен инженерлік-технологиялық шешімдер, фармацевтика, косметика, экология, туризм, сәулет және дизайн салалары қамтылды. Көлік және логистика саласына баса назар аударылып отыр.
Бизнес-миссия Қазақстандағы Латвия Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Юрийс Погребнякс басшылығымен өтті. Латвиялықтардың Қазақстан экономикасының қарқынды дамуын ескере отырып, серіктестік қарым-қатынас орнатуға ерекше қызығушылық танытып отырғанын атап өтті.
«Қазақстан – Латвияның Орталық Азиядағы ірі сауда серіктесі. Бүгінде Алматыда 27 бірлескен мен Латвия қаржысы салынған 58 кәсіпорын жұмыс істейді. Бізді саяси тұрақтылық пен байланыстың транспорттық жолдарының дамығандығы ерекше қызықтырды. Дегенмен, біздің әуекомпанияларымызға Рига мен Алматы арасында тікелей рейсті қайта қалпына келтіруді ойластыру керек деп есептеймін. Рига әуежайы жылына 35 млн адамға қызмет көрсетеді, әлемнің кез келген аймағына бағытталған 89 тікелей рейс бар. Бізбен ынтымақтастық орнатудың артықшылығы неде? Латвия – Еуроодақтың мүшесі, бұл сіздердің алдарыңыздан 500 миллиондық тұтынушылық нарық ашылады деген сөз. Мұнымен қоса, шетелдіктер үшін салықтық жеңілдік жүйесі орнатылған», – деп Юрий Погребнякс екі ел қарым-қатынасының басым жақтарын түсіндіріп өтті. Ортақ байланыстық артықшылықтарынан бөлек, өкілетті елші Латвияның Еуропадағы жедел интернеті бар үздік бестіктің құрамында, ал әлем бойынша ондықта екенін атап өтті.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов қонақтарға Алматының индуариалдық аймағына қатысуға шақырды. Алматы индустриалдық аймағында 490 гектардың 70 гектары бос. «Сіздерде экспортқа шығуға үлкен мүмкіндік бар. Алматы қаласында жылына 3 млрд доллар көлемінде азық-түлік пайдаланылады, оның 1 млрд доллары импортқа тиесілі», – деп хабарлады Ерлан Әукенов.
Бизнес бастамаларына Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы да қолдау білдірді. «Қазақстан мен Латвия арасындағы тауар айнылымы 2015 жылы 150,4 млн доллар болды, дегенмен 2014 жылы бұл көрсеткіш 234 млн доллар еді. Азайғаны белгілі, бірақ біз екі ел арасындағы байланыс нығая түседі деген үміттеміз. Алматы кәсіпкерлер палатасы инвесторларға кеңес беруде, сіздерді жобаларыңызды заңдық сүйемелдеуде, жергілікті серіктес табуға көмектесуге дайын», – деді Алматы кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Қайрат Құдайберген.
Латвия мемлекеттік реестріндегі мәліметке сүйенсек, Латвияда латвиялық-қазақстандық бірлескен кәсіпорындар саны – 33. Қазақстанда латвиялық капитал салынған бірлеске компаниялар саны 60-қа жетті. Олар логистика, сауда және қаржы ұйымдарына кеңес берумен айналысады. Латвияның «Grindeks» мен «Olainfarm» ірі фармацевтикалық компанияларының бөлімшелері жұмыс істейді. Сондай-ақ, Алматыда Латвияның «Rietumbank», «BaltikumsBank», «ABLVBank» коммерциялық банктерінің өкілдері бар.
Қазақстандық экспортта мақта талшығы, рапс дәні, оксиметалдық қышқыл мен минералды тыңайтқыш тұзы алғашқы үштікте тұр. Латвиядан Қазақстанға мұздатылған балық пен балық консервілері келеді. Латвия импортының екінші орнында фармацевтикалық өнімнің ферментті препараттары тұр.
Қазақстан-Латвия ынтымақтастығының маңызды бағыты – транзитті-тарнспорттық ынтымақтастық. 2003 жылдан бері екі ел арасында «Балтика-Транзит» контейнерлік пойызы жүреді. Сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша Қазақстан-Латвия үкіметаралық комиссиясы аясында белсенді қарым-қатынас орнатылған.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: