«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Маңдайшадағы жазу сыртқы жарнамаға жата ма?

2017 жылғы 06 Сәуір
- Павлодар облысы
4899 просмотров

Кәсіпкер мен мемлекеттік органның арасындағы даулы мәселені шешуге Өңірлік палатасы көмектесті

Павлодардың сәулет және қала құрылысы бөлімі жеке кәсіпкер Ботагөз Досмұхамбетованың плакаты мен жаймалық құрылымын «Сыртқы жарнама нысаны» санатына жатқызып, жарнама қойғаны үшін төлеушілердің қатарына енгізіп, мәліметті мемлекеттік кірістер басқармасына берген. Өз кезегінде, салық қызметкерлері сыртқы көрнекілік жарнамасы үшін 140 мың теңге сомасында есеп берген, төлемегені үшін өсімпұлды да қосқан.

Алайда, Өңірлік палата мемлекеттік органның бұл шешімімен келіспеді. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Серік Әубәкіровтің айтуынша, жеке кәсіпкер плакатты дөңгелек жөндейтін шеберхана мен саунаның кіреберісіне қойған. «Дөңгелек жөндеу» және «Сауна» деген жазулар тек ғимаратта аталған нысандардың бар екенін көрсетеді және де «Дүкен», «Дәріхана,» «Жанармай құю» секілді жазулар да тұр. Ілінген жазуларда көрсетілетін қызмет туралы ақпарат берілмеген, яғни тікелей жарнама мазмұны жоқ.

Сонымен қатар, Өңірлік кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік органның қызметкерлері шеберхананы сыртқы жарнама нысанына қатысты тексеруді актімен де, басқа да құжаттармен бекітілмегенін анықтаған. Кіреберіске ілінген жазудың көлемі де өлшенбеген. Кәсіпкердің коммерциялық нысанын тексеру бойынша сәулет және қала құрылысы бөлімінің әрекеті жарнама туралы заңға қайшы әрі салық қарызын заңсыз аударуға негіз болған. Бұдан өзге, сәулет және салық органдарының сыртқы жарнама қойғаны үшін төлем аударғаны қалай есептелгені және қай уақытқа берілгені де анық емес.

Серік Әубәкіровтың айтуынша бұл жағдайда мемлекеттік органдар өздерінің заңсыз әрекеттерімен сыртқы жарнама қойғаны үшін төлемді кәсіпкерге таңып отыр. Сот Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасы сарапшысының дәлелдерін қолдап, мемлекеттік органдардың әрекетін заңсыз деп таныды. Сондай-ақ, кәсіпкердің заңды мүддесі мен құқығын бұзған қателіктерді жоюға міндеттеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер