«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Рустам Жүрсінов: «Аграрлық сектор сыбайлас жемқорлық қаупі ең жоғары аймақта тұр»

2017 жылғы 05 Сәуір
1992 просмотров

Шу ауданында субсидияның 83% бөлім басшысының туыстарына берілген

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп жүргізген ауыл шаруашылығы саласындағы сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықты жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды азайту мен жою бойынша жүргізілген жұмыстың қорытындысы жарияланды.

Аймақтық кеңесте «Атамекен» ҰКП Басқармасы Төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов ауыл шаруашылығы саласындағы сыбайлас жемқорлық мәселелеріне тоқталды.

«Аграрлық сектор – экономикада маңызы зор сала. Халықтың 40% ауылдық жерде тұрады, алайда оның 22% ғана ауыл шаруашылығында еңбек етеді. Ауыл шаруашылығы саласы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында зор маңызға ие. Дегенмен, бүгінде аграрлық сектор сыбайлас жемқорлық қаупі ең жоғары аймақта тұр. Пара алу, ұрлық, қызметтік лауазымын асыра пайдаланушылық фактілері де көп. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас  жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аймақтық департаменті мен Өңірлік кәсіпкерлер палатасы бірлесіп, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының ауыл шаруашылығы саласында тексеру жүргізілді», – деді. Рустам Жүрсінов.

Зерттеу мемлекеттік қызметте командамен ауысу, қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану, тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алып тастау, субсидия бөлудегі заңбұзушылықтар секілді бірқатар мәселелер анықталған.

«Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов Жамбыл облысының Шу ауданында орын алған заңбұзушылықты хабарлады. Шу ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің қызметінде субсидия бөлу кезінде мүдделер қайшылығы анықталған. Субсидия бөлетін ведомствоаралық комиссияның құрамына әкімдіктің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы енген. Ол кезде субсидия алушылар қатарында жақын туыстарынан, яғни, келін, аға, баласы мен әйелінен  құралған Шу ауданының ­шаруа қожалықтары болған. 2014 жылдан 2016 жыл аралығында бөлінген жалпы сомасы 159 910 000 теңге болатын субсидияның,  83% яғни, 133 460 930 теңгесі ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының туыстарына берілген. Бұл жағдай субсидия бөлу кезінде бөлім басшысының ведомствоаралық комиссия жұмысына ықпал ету ықтималдығын көрсетеді.

Сондай-ақ, мемлекеттік мереке қарсаңында тәртіптік жаза алынған қызметкерлерге қатысты әкімшілік шаралар уақытынан бұрын алынып тасталғаны анықталған. Жамбыл облысында бұл көрсеткіштің жоғарылығын айтқан Рустам Жүрсінов тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алып тастау жағдайын егжей-тегжейлі тексеруді ұсынды.

«Ұлттық кәсіпкерлер палатасы агроөнеркәсіп кешені субъектілерінің дамуын тежейтін кедергілерге тұрақты түрде мониторинг жасап келеді. Отандық тауар өндірушілердің мәліметінше, мемлекеттік қызмет көрсету саласында кедергілер анағұрлым көп. Қазіргі таңда «Қазақстанның ет одағы» да субсидия бөлуге қатысты мәселе көтеріп отыр. Елімізде субсидия республикалық бюджеттен бөлінген жергілікті атқарушы органдардың бюджеті арқылы іске асырылады. 2016 жылы жергілікті атқарушы органдар қаражаттық жоқтығын сылтауратып субсидия алуға берілетін өтініштерді қабылдауды тоқтатқан. Алайда бұл әрекет сол уақыттағы жағдаймен сәйкес келмейді. Сонымен қатар, Қостанай облысындағы «Қарасу ет» компаниясы ветеринарлық зертханалардың аккредиттеуіне қатысты мәселені көтерді. Компанияның хабарлауынша облыста 17 зертхана бар, оның біреуі ғана ұлттық орталықтан акрредиттеуден өткен. Бұл жағдай шекараға жақын өңірлерге ет өнімдерін экспорттауға кедергі келтіріп отыр. Біздің ойымызша бұл сыбайлас жемқорлықты тудыратын салдардың бірі», – дейді Басқарма Төрағасының орынбасары.

Сонымен қатар, Рустам Жүрсінов Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас  жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірге 16 сала бойынша толық тексерулер жүргізілетінін хабарлады.

Ал, ауыл шаруашылығы саласындағы сыбайлас жемқорлық қаупін тудырып отырған жағдайлар туралы ақпарат тиісті мекемелерге жеткізіліп, түзетуге қатысты есептік басқосу алдағы уақытта тағы өткізіледі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер