«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Екі тарапқа қойылатын талап бірдей болуы керек

2017 жылғы 31 Наурыз
- Қызылорда облысы
6360 просмотров

Мемлекеттік-жеке меншік серіктестікке қатысты Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов өз ойын осылай білдірді.

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында өткізілген  «Атамекен» ҰКП жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық кеңестің отырысында талқыланған өзекті мәселелердің бірі – мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің мәселесі, соның ішінде «Нұр Шұғыла» балабақшасының проблемасы талқыланды.

2014 жылдың шілде-тамызында Қызылорда облысы бойынша қаржы бақылау инспекциясы қалалық білім бөліміне жүргізген тексеру барысында бюджет қаржысының мақсатты қолданылу барысына қатысты кемшіліктер табады. Өз кезегінде қалалық білім бөлімі анықталған кемшіліктерді жою мақсатында «Нұр Шұғыла» балабақшасының құрылтайшысынан 58 312 200 теңге өндіру жөнінде Қызылорда облыстық ауданаралық экономикалық сотқа талап арызбен жүгінеді.

Кеңес отырысы барысында кәсіпкер Сейітқали Алшынбаев бұл мәселеге қатысты: «Балапан» бағдарламасы шыққалы осы салада жұмыс жасап келемін. 6 жылдай болды. Осы бағдарламаға 2 млрд.теңгенің үстінде қаржы салдым. Қазір Қызылорда қаласында барлығы 860 орындық 3 балабақша жұмыс жасайды. Одан өзге Алматы облысында да балабақша аштық. Бүгінгі таңда 1000-нан астам баланы балабақшамен, 500-ге жуық азаматты жұмыспен қамтып отырмыз. Қызылорда қалалық білім бөлімі біздің әріптесіміз. Солай бола тұра бізді сотқа берді. Бұл жерде біз құқық бұзушылыққа барғанымыз жоқ. Бар мәселе бөлім есепшісінің төлем тапсырысын қате толтырғанында болып отыр. Соның нәтижесінде 11 айдан бері соттан сотқа сандалып жүрміз», - деді.

Мұнан өзге, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының басшылары қалалық білім бөлімі тарапынан «мониторинг жасау» деген желеумен ай сайын болатын тексерулерге көңілдері толмайтындығын жеткізді. «Бұл өз кезегінде жұмысымызға айтарлықтай кедергі келтіреді», - десті кәсіпкерлер.

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов: «Сіздердің араларыңыздағы қарым-қатынастарыңыз мемлекеттік-жеке меншік серіктестіктің негізінде қалыптасқан. Мемлекеттік-жеке меншік серіктестікте, бірінші кезекте, жұмыс жасаудың өзіндік ережесі болуы керек, яғни екі тарапқа да қойылатын талап бір болу керек. Жаңа Сіздер (автор - қалалық білім бөлімі) айтып отырған «мониторинг» бұл бәрібір тексеруге жатады. Сондықтан да бұл жерде осындай талас туындамас үшін Білім және ғылым министрлігі тарапынан арнайы ереже бекітіліп ұсынылуы қажет. Егер мұндай ереже болмаса, айтыңыздар, ұсыныстарыңызды беріңіздер, бұл ұсынысты біз ертең министрлікке жеткіземіз», - деді.

Айта кету керек, Кеңес отырысының алдында ғана белгілі болғандай, қалалық білім бөлімі мен кәсіпкер арасындағы сот процесі кәсіпкердің пайдасына шешілді. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер