«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Атамекенде» ұн тарту өнеркәсібінің мәселесі талқыланды

2017 жылғы 14 Наурыз
4982 просмотров

Қазақстанда 300-ден аса ұн тартатын кәсіпорын жұмыс істейді

Қазақстандағы ұн тарту саласының бүгінгі жағдайы мен оның келешектегі дамуы, отандық ұнды экспорттау, ұн тарту саласындағы салық салу мәселелері «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында талқыланды.

«Қазақстан Республикасының ұн тарту саласын дамыту туралы» тақырыппен өткізілген жиынға ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева, «Қазақстанның астықты қайтаөңдеушілер және нан пісірушілер одағы» РҚБ президенті Евгений Ган, «Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Рүстем Құрманов, ҚР АШМ Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Ажар Қажыбекова, ҚР ҰЭМ Салық және кеден саясаты департаменті салықтық заңнама басқармасының басшысы Ғалымжан Тілеуов және ұн тарту саласының кәсіпкерлері қатысты.

«Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында 2016 жылы алғаш рет ұн экспорты 2,4 млн тоннаға жетіп, 500 млн доллардан аса соманы құрады. Алдағы уақытта мұндай көрсеткіш болмайтынын түсінген жөн. Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрлігі, әкімдіктер, Ұлттық палата бірлесіп жұмыс істеуіміз керек. Ұн өнеркәсібі өнімдері, оның ішінде макарон өнімдерін шығару экономиканың негізгі салаларының бірі. Азық-түлік өнімдері шығарылымындағы бұл саланың үлесі ­– 40%, қайта өңдеу өнеркәсібінің үлесі 6%-дан асады. Елбасы атап өткендей, бұл саланың келешегі зор, Қазақстан Еуразиялық континентте нан себетіне айналуы тиіс. Әрине, бұл үшін шикізаттан қайта өңдеу өнеркәсібіне, сапалы өнім шығаруға өтуіміз маңызды. 2017 жылы тағамдық өнім шығаруға көңіл бөлуіміз керек. Сондықтан, бүгін ұн тарту саласындағы мәселелерді талқылау үшін бас қосып отырмыз», ­– деп түсіндіріп өтті «Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Рүстем Құрманов.

ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің мәліметінше 2016 жылы ұн тарту өнеркәсібінің өндірісі 466,6 млрд теңгені немесе жалпы азық-түлік өнімдері өндірісінің жалпы көлемінен 34,9% құраған. Қазақстанда ұн тарту өнеркәсібі отандық шикізатқа негізделген. 2016 жылы 15,0 млн тонна астық алынды, оның 26,6% ұн ретінде қайта өңделді. Бұл салада 300-ден аса ұн тартатын кәсіпорын жұмыс істейді. Бүгінде ұн тарту кәсіпорындарының жиынтық сыйымдылығы жылына 8 млн тонна бидайды өңдеуге мүмкіндік береді. 2016 жылы ұн тарту кәсіпорындары 4 033,5 мың тонна ұн шығарды, ал 2017 жылы 4 135 мың тонна шығару жоспарланған.  

«Қазақстанның астықты қайтаөңдеушілер және нан пісірушілер одағы» РҚБ президенті Евгений Ганның айтуынша, Қазақстанның астық өсіру мен экспортындағы 2016 жылғы жоғары көрсеткішімен тоқтап қалмау керек.  Осы саладағы өзекті мәселелерді шешіп, отандық ұн тартуды, өнім өндіруді дамытып, өзге мемлекеттерге шикізат емес, дайын өнімді шығарудың маңыздылығы артты.

«Жалпы әлемде ұнның экспорты дамымайды деп қараған, алайда соңғы 5 жылда ұн экспорты өсіп отыр. Дүние жүзінде ұнның экспорты астық баламасында 2015-2016 жылы 15,30 млн тонна болса, 2016-2017 жылы 16 млн тонна болады. Бұл уақытша емес, тұрақты құбылыс. Бұған бірнеше фактор әсер етеді. Біріншіден, кейбір елдердің халық саны қарқынмен өсіп отыр. Екіншіден, кейбір өңірлерде астық тіпті өсірілмейді, дайын ұн ретінде сатып алынады. Үшіншіден бірқатар елдердегі саяси тұрақсыздықтан инвесторлар қаржы салудан гөрі, дайын өнімді сатып алғанды артық көреді», ­– деп, Евгений Ган астық өсіру, ұн тарту саласын дамытудың қажеттілігін атап өтті.

Жиында ұн тарту өндірісіндегі түйткілді мәселелер көтерілді. Олардың ішінде ең маңыздысы ­– сыртқы нарық сыйымдылығын азайту. Бұл ең алдымен негізгі импорттық елдер қазақстандық ұнды тарифтік емес шектеу шарасын қолданумен байланысты. Мысалы, Өзбекстанда өнімнің келісімшарттық құнынан акциздік салық 11%, Тәжікстанда импортталатын тауарларға әртүрлі ҚҚС қолданылады: ұнға – 18%, астыққа – 10%, ал Қырғызстанда импортталатын астыққа ҚҚС мүлдем алынып тасталған.

Сонымен қатар, ұн тарту орындарындағы жабдықтар мен техникалардың тозығы жетіп, ескіруі, экспорттауда ҚҚС қайтару мерзімінің ұзаққа созылуы, несие мөлшерлемесінің жоғарылығы мәселелері ұн тарту өнеркәсібінің дамуын тежейді.

Өз кезегінде ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева ұн тарту өнеркәсібінің басшыларын бірлесіп жұмыс істеуге, осы саладағы кедергілер тудырып отырған мәселелерге, сондай-ақ талқыланып жатқан Салық кодексіне  қатысты ұсыныстарды жолдауға шақырды.

Ал ҚР АШМ Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Ажар Қажыбекова агроөнеркәсіп кешені саласындағы мемлекеттік бағдарлама аясында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» жанынан құруды ұсынып отырған Бірыңғай экспорттық орталық қызметі туралы түсіндіріп өтті. Бұл орталық тікелей экспорттаумен айналыспайды. Экспорттық орталық өнімдерді экспорттауға болатын жаңа нарықты анықтау, құжаттарды реттеу, экспорттық парктер ашу секілді бірқатар мәселелерді орталықтан басқару қызметін атқаратын болады. Сондықтан Ажар Қажыбекова бірыңғай экспорттық орталықтың тұжырымдамасы дайындалып жатқандықтан, кәсіпкерлер тарапынан ұсыныстар беруге шақырды.

Ұн тарту өнеркәсібінің өкілдері аталған мәселелерді көтеріп, Қазақстанның шикізаттың емес, дайын өнім шығаратын елге айналуы үшін мемлекет тарапынан пайыздық мөлшерлемесі аз несие беру, субсидиялау бойынша қолдау көрсетілуі керектігін алға тартты. Мұнымен қоса, шешу жолдары да айтылды.

Экспортқа бағдарланған кәсіпорындарға қолдау көрсету жүйесін жасау, сауда жасауда тарифтік емес шектеу шараларын қолданатын мемлекетке қатысты жедел іс-қимыл жасау, ҚҚС қайтарудың жеңілдетілген механизмін енгізу, оның ішінде бес жыл бойына салықтық және несиелік тарихы таза кәсіпорындарға ҚҚС автоматты режимде жүзеге асырылуы, қайта өңдеу өнеркәсіптерінің жұмысын тежейтін салықтық кедергілерді азайту, оның ішінде экспорттағы ҚҚС жедел түрде қайтару ұсынылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер